Украиналық корпоративті әлеуметтік жауапкершілікті дамыту орталығының жетекшісі Марина Сапрыкинаның айтуынша, олар өз зерттеуінде энергетика саласы мен оны Қазақстан экономикасындағы рөлін, айыппұл салуды реттеу мен адам құқығын бұзуға қатысты істерді талдаған. Осылардың негізінде денсаулық пен қауіпсіздік, еңбекті қорғау мәселесі кіретін персоналмен қарым-қатынас, тұтынушылармен қарым-қатынас, оның ішінде көрсетілетін қызмет сапасы; жергілікті қоғамдастықтарды дамыту және қолдау, экологиялық мәселелер және оның экономикалық әсері сияқты негізгі бес мәселе таңдалған.
Мұндай сирек зерттеудің Қазақстандағы көп адамдарға қатысы бар болып шықты. Зерттеуде келтірілген жалпы деректерге сәйкес, елдегі әр төртінші тұрғын зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді. Зерттеу авторларының мәлімдеуінше, жұмыстағы жазатайым оқиғаларды талдау көрсеткендей, ұйымдарда жыл сайын 2 мыңнан көп жазатайым оқиға болып, оның 300-і адам өліміне соқтырады.
Бірақ айыппұлдардың бәрін қоссақ, құны жағынан ең көбі - экологиялық айыппұлдар.
– Біз зерттеген мәселелер бойынша ең аз айыппұл экологияда екені, ал ең үлкен айыппұл компания салықты кем төлесе, экономикалық әсері үшін салынатыны анықталды. Бірақ айыппұлдардың бәрін қоссақ, құны жағынан ең көбі экологиялық айыппұлдар екенін көресіздер. Мен бұған қуанып қалдым, орнықтылық принципі бар. Яғни біз қазіргі ресурстарды келешек ұрпақтарға қалдыруға тиіспіз. Ал еңбекті қорғау мен еңбек қатынастарына байланысты салынатын шағын айыппұлдар ойландырады. Меніңше, адам әрдайым басты назарда болуы тиіс, – дейді Марина Сапрыкина.
Оның сөзінше, ең үлкен айыппұл еңбек қатынастарында кәмелетке толмағандарды жұмысқа тартқаны үшін салынған.
– Кәсіподақтармен жұмыста корпоративтік заң бұзушылықтар үшін ең үлкен айыппұл компания қызмет бабын қайталап бұзған жағдайда салынады екен, – дейді Марина Сапрыкина.
Құқықтық саясатты зерттеу орталығы директорының орынбасары Татьяна Зиновичтің айтуынша, зерттеу нәтижесінде кәсіпкерлік қызметтің адам құқығына әсерін бағалауға зерттеу жүргізу негіздері жасалған.
– Мұндай бағалауды көптеген ірі компаниялар жүргізеді, бірақ оның нәтижелерін жариялайтындар аз. Компанияның мұндай бағалау жүргізу фактісінің өзі инвестициялық сектор тарапынан және оның ішінде тұтынушылық орталық тарапынан бағалау үшін елеулі, жағымды жайт болып саналады. Компания жасай алған тұжырымдар мен ол анықтаған жайттар ішкі мақсатта пайдаланылады. Компания мұндай бағалау жүргізу фактісі мен адам құқығын қорғау практикасын жақсарту үшін талаптануға әзір екенін көрсететін қадамдарын жария ете алады, – дейді Татьяна Зинович.
Оның сөзінше, әлгіндей бағалаудан кейін компания қай жерде корпоративті әлеуметтік жауапкершілік алатынын шеше алады – зерттеу авторлары компанияларға осыны жеткізуге тырысқан.
Адам құқығы орындалу деңгейін бағалауға әзірше жалғыз компания – «Самұрық-Энерго» холдингі ғана келіскен, бірақ қаржылық құжаттардың құпиялылығына сілтеп, зерттеу кезінде анықталған мәліметтерді жариялаудан бас тартқан.
Әлдебір заң бұзушылықтар болса, міндетті түрде жария болар еді.
– Егер әлдебір заң бұзушылықтар болса, олар міндетті түрде жария болар еді. Біреу-міреу оны пайдаланып, компания мына тұста құқықты шектеп отыр деп мәлімдер еді. Ол жақта жалақыны көбейту, еңбекті қорғау, формаға қатысты мәселелер бары рас, бірақ энергетика саласы бұл жағынан тәртіптірек, – дейді «Самұрық-Энерго» компаниясының трансформация бағдарламасы кеңсесінің басшысы Марат Қалменов.
Құқықтық саясатты зерттеу орталығы директорының орынбасары Татьяна Зинович «Өзгелер де өз ішінде осындай құқықтық аудит жүргізіп, қатерлерді бағалауы үшін неге бұл мәселені көтермейміз?» дейді.
– Біз үшін ЭКСПО – өзге елдер үшін жарнамалық буклет сияқты көрме. Бірақ елдер ЭКСПО-ның өзіне емес, мұнда бизнесті іске қосуға қандай жағдай, негіз барына назар аударып, құқықтық жағдайлардың бәрін бүге-шігесіне дейін зерттейтін болады. Сондықтан құқықтық нормаларды өзгерту керек, – дейді Татьяна Зинович.
Биылғы қаңтардың басындағы есеп бойынша, Қазақстанда электр қуатын меншік құқығы әртүрлі 118 электр станциясы өндірген. Энергетика саласындағы орташа жалақы – 124 мың теңге.