Accessibility links

Арнайы қамау орнындағы тұтқын мен «ізетті полицейлер»


Қамаудағы адам. (Көрнекі сурет)
Қамаудағы адам. (Көрнекі сурет)

Астанадағы тұтқындалғандарды қабылдау және бөлу орындарында жүргізген мониторинг қорытындыларын жариялаған «Қадыр-Қасиет» ұйымы белсенділері «полицейлердің ұсталған азаматтарға ізетпен қарайтыны» жайлы мәлімдейді. Бірақ тұтқындардың көбі мониторингке қатыспаған.

«ЖАУАП БЕРУДІ ЖӨН САНАМАДЫ»

Бүгін Астанада мониторинг қорытындыларын таныстырған азаматтық белсенділердің айтуынша, ұсталғандарды қабылдау және бөлу орны мен шетелдіктерді арнайы қамау орнында жүргізілген құпия сауалнамаға қамалғандардың көбі қатыспағанын анықтаған. Белсенділердің сөзінше, қазір екі қабылдау орында 55 адам отыр. Белсенділер мақала жарияланар сәтке дейін мониторинг нәтижелерін интернетте немесе өзінің Кkassiyet.wordpress.com блогында жариялаған жоқ.

Бірақ мониторинг жобасы менеждері Насима Қорғанбекова респонденттердің төртеуі ғана «ұсталған кезде кемсітіп, қорлады, зорлық-зомбылық танытты, бірақ азаптауға ұшыраған жоқпыз» деп хабарлаған, ал өзгелері «полицейлер ізеттілік танытты» деп көрсеткен. Азаматтық белсенділердің айтуынша, зерттеу құпия сауалнама арқылы екі ай бойы жүргізілген.

– Сауалнамаға қатысқандардың көбі, яғни 77 пайызға жуығы ұстап әкеткен кезде полицейлер адамгершілік танытты деп мәлімдейді. Біз тіпті әлгі жерге барып, «Қал-жағдайларыңыз қалай?» деп сұраймыз. Олар: «Ой, мұнда бәрі тамаша, күніне үш рет тамақ береді. Полицейлер өте жақсы, жөні түзу адамдар» деп жауап береді. Өздеріне ұнаған кей күзетшілер мен кезекшілерді атайды, – дейді Насима Қорғанбекова.

Оның айтуынша, кей респонденттер «ұстап әкеткен кезде құқығым жайлы ақпарат берген жоқ, қандай заңды көмек алуыма болатыны, адвокаттың қызметін алуға болатыны жайлы ескерткен жоқ» деп көрсеткен. Бұған қоса, оның айтуынша, қамалғандардың туыстарымен кездесуге рұқсат етілмейтін бір бөлігі ондай кездесуден өздері бас тартқан, құқығы бұзылғаны жайлы кейбірі ғана мәлімдеген.

Азаттықпен сөйлескен саясаттанушы Талғат Мамырайымовтың мәлімдеуінше, ұсталған азаматтарға азаптау немесе күш қолдану фактілері мониторинг кезінде анықталмаған, бірақ олардың құқығын бұзу фактілері болған. Оның айтуынша, көбіне адвокаттың көмегіне жүгіну мүмкіндігі барын ескертпеген, ал кейбіреуін арнайы қабылдау орнына соттың рұқсатынсыз апарып қамаған. Саясаттанушының сөзінше, мұндай әрекеттер көбінесе шетел азаматтарына қатысты қолданылған.

Камераның терезесі. (Көрнекі сурет)
Камераның терезесі. (Көрнекі сурет)

– Мониторинг кезінде сұрақтардың көбі жауапсыз қалғаны анықталды. Сауалнама құпия болғанымен, жұрттың көбі жауап бермеуді жөн санаған. Олардың неліктен бұлай істегенін тек жорамалдай аламыз, егер өзге сұрақтарға берген жауаптарына қарасақ, олар шындықты айтудан қауіптенген сияқты, – дейді Талғат Мамырайымов.

Оның сөзінше, қамалғандардың төрттен бір бөлігі сот өткен тілді білмейтін мигранттар болған әрі олардың адвокаты болмаған. Саясаттанушының айтуынша, азаматтардың бір бөлігі «адвокаттан пайда жоқ, ол ештеңе өзгертпейді» деп көрсеткен.

– Шетел азаматтарының арасында әлдебір шарасыздық, басына түскен жағдайға мойынсұнғандар көп. Олар бір реті болар деп үміттенеді, – дейді Талғат Мамырайымов.

«ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БӘРІ ЕСІКТЕ ІЛУЛІ»

Астананың арнайы қабылдау орны бастығы Мұрат Бейсенбиновтің мәлімдеуінше, арнайы қабылдау орнына түскен кезде ұсталғандардың құқығы ауызша-жазбаша түрде түсіндіріледі.

– Бұған қоса, олар қандай құқықтары барын әлгі жерде ілінген арнайы стендтен оқуына болады, бірақ оқымайтындар да бар. Адамның қамалған сәттегі психологиялық жай-күйін ескерсек, ол әлгі стендке кейде көңіл бөлмейді, сондықтан оларға құқығын кезекшілер түсіндіреді. Құқықтарын орыс және қазақ тілінде жазбаша түрде де таныстырады. Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары ауызша айтқанның бәрін түсінеді, ал Кавказ азаматтары аудармашымен келеді, – дейді Мұрат Бейсенбbнов.

Бұған қоса, оның айтуынша, егер қажет болса қамалғандар кезекшінің рұқсатымен әлемнің кез-келген нүктесіне шексіз мәрте телефон соғуына болады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

«Қадыр-Қасиет» қоғамы белсенділері зерттеуді көбінесе көші-қон ережелерін бұзды деген күдікпен ұсталғандар отыратын екі мекемеде ғана жүргізген. Уақытша қамау абақтысы әкімшілік жазамен қамалғандар мен қамауға алынған шетелдіктерді қабылдап, бөлетін арнайы орынмен бір ғимаратта орналасқан, бірақ белсенділер оған бармаған. Насима Қорғанбекова Азаттыққа мұның себебін «уақытша қамау абақтысында мониторинг билікпен ынтымақтастықта жұмыс істейтін қоғамдық бақылау комиссиясы жобасы аясында ертеректе жүргізгенбіз» деп түсіндіреді. Мұндай мониторинг тергеуге іліккен азаматтарды қамауда ұстайтын негізгі орын – тергеу абақтысында да жүргізілмеген.

Талай мәрте ұсталып, әкімшілік жазаға кесілген әрі жақтастары саяси астары бар деп санайтын айыппен үш жыл түрмеде отырып шыққан азаматтық белсенді Махамбет Әбжан абақтыдағы жағдайды жақсы біледі. Махамбет Әбжан әуелі әкімшілік жазамен қамауға алынғандарға арналған қабылдау орнында отырғанын, кейін оны уақытша тергеу изоляторына ауыстырғанын айтады.

– Шындығында, әлгі мекемелердің ешқайсысы оңып тұрғаны жоқ. Ол жақта отырған шетелдіктердің жағдайы қазақстандықтарға қарағанда тіпті мүшкіл. Оларды топырлатып қамайды, терезелері ашылмайды, камералар темекі сасиды, матрастары нашар. Олар менің қоғамдық бақылау комиссиясы мүшесі әрі құқық қорғаушы екенімді білген соң «митингіші» сегіз адамға азды-көпті түзу қарады. Бірақ бізден бөлек отырып, кейін бізге ауыстырған шетелдіктер ол жақтағы жағдайдың сұмдық екенін айтады, – дейді Махамбет Әбжан.

Ал халықаралық құқық қорғау ұйымдары түрмелер мен ұсталғандарды қамау орындарындағы азаптау практикасы, адамның ар-намысын таптайтын қатігездік әрекеттер үшін Қазақстан билігін жыл сайын сынайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG