Accessibility links

«Менің таңдауым – кәсіпқой бокс»


Қанат Ислам рингте. Колумбия, 7 тамыз 2014 жыл. Сурет боксшының жеке мұрағатынан алынды.
Қанат Ислам рингте. Колумбия, 7 тамыз 2014 жыл. Сурет боксшының жеке мұрағатынан алынды.

АҚШ-қа қоныс аударғалы кәсіпқой бокста 18 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен қазақ боксшысы Қанат Ислам Азаттық радиосына сұхбат берді.

Қытайда туған этникалық қазақ Қанат Ислам осы елдің олимпиада және ұлттық әуесқой бокс құрамасының сапында бірнеше мәрте жүлдегер атанған спортшы. 2011 жылы Қазақстан азаматтығын алған боксшы қазір Майамиде (АҚШ) тұрады, америкалық промоутері Нельсон Лопестің қол астында жаттығады. 29 жастағы боксшы тамыз айындағы соңғы жекпе-жегінде жеңіске жеткен соң WBA (Әлемдік боксы ассосациясы) рейтингінде жетінші орынға көтерілді. Өткен аптада Қазақстанға келген Қанат Ислам Азаттыққа болашақ жоспарлары туралы әңгімелеп берді.

Азаттық:- Қазан айында кәсіпқой бокстағы кезекті 19-кездесуіңізді өткізуіңіз керек. Маңызды жекпе-жек алдында Қазақстанға не үшін келдіңіз? Кездесуге Қазақстанда дайындаласыз ба?

Қанат Ислам: - «Астана» президенттік клубымен келісім-шарт жасасуым мүмкін. Сол келісім-шартты талқылауға келдім. Елде екі апта боламын, кейін АҚШ-қа оралып, жаттығуды жалғастыру керек. Келісім-шартты әлі көргем жоқ. Егер келісім тиімді болса қабылдаймын.

Азаттық: - Егер «Астана» президенттік клубының келісім-шарты көңіліңізден шықпаса ше?

Қазақстанның клубының намысын қорғағым келеді.

Қанат Ислам: - «Астана» клубынан бөлек АҚШ-та да бір кәсіпқой бокс клубы ұсыныс жасаған. Егер «Астанамен» келісім-шартқа қол қоюдың сәті келмесе, сол клубтың ұсынысын да қарап көрем. Бірақ Қазақстанның клубының намысын қорғағым келеді. Ал жалпы, АҚШ-та Нельсон Лопеспен жаттығуымды жалғастыра беремін.

Азаттық: - Сіз кәсіпқой боксқа ауысқалы 18 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттіңіз. Әр жекпе-жекте жеңіске жеткеніңіз үшін қомақты қаржы да жинаған боларсыз?

Қанат Ислам: - 18 кездесуден мен бір тиын тапқан жоқпын. Мен өткізген кездесулердің барлығында ақша тігілген жоқ.

18 кездесуден мен бір тиын тапқан жоқпын.

Азаттық: - Сонда сізге қаржы жағынан кім көмектеседі?

Қанат Ислам: - Қазақстанда демеушілерім бар, бүкіл қаржымды солар көтереді. Қытайдан Қазақстанға шақырған да – сол меценат азаматтар.

Азаттық: - Сізге 2016 жылғы Рио-де-Жанейро олимпиадасына Қазақстанның атынан қатысуға ұсыныс жасалғанын білеміз. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

Қанат Ислам: - Былтыр AIBA президенті Чинг Куо Ву кәсіпқой боксшыға әуесқой ретінде олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндік беретін AIBA Pro Boxing жобасына шақырды. Бірақ мен бас тарттым. Мен бұрын өзім бокстасқан «Астана арландары» командасы да қайта шақырды. Ол ұсыныстан да бас тарттым. Менің таңдауым – кәсіпқой бокс. Қазір күніне жеті-сегіз сағат жаттығу өткіземін. Бос уақытымда ағылшын тілін үйреніп жүрмін.

WBA рейтингінде бесінші орынға көтерілсем, чемпиондыққа таласуыма жол ашылады.

Азаттық: - Сіз қазір WBA рейтингінде жетінші орында тұрсыз. Енді чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік бар ғой?

Қанат Ислам: - 19-кездесудегі қарсыласым бір-екі аптада белгілі болады. Егер осы жекпе-жекте жеңіске жетсем, WBA рейтингінде бесінші орынға көтерілемін. Одан кейін чемпиондық атаққа таласуыма жол ашылады. Келер жылы чемпиондық атақ үшін кездесулер өткізуім мүмкін.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG