Азаттық: – Әлемнің біраз елінде атап өтетін «Халықаралық әйелдер мерекесі – 8 наурыз» Иран әйелдері үшін де мереке болып есептеле ме?
Айша Ескелді: – Жоқ. Бізде бұл күнді ешқандай мереке ретінде атап өтпейді. Өйткені пайғамбарымыздың қызы Фатима Захраның туған күнін Иранда «әйелдер күні» деп атайды. Ол осыдан 19 күн бұрын (ақпанның 17-сі) өтіп кетті. Бұл күні Иран мемлекеті қызмет істейтін әйелдердің еңбекақыларына, зейнетке шыққан әйелдердің зейнетақысына үстеме ақша қосады. Ал Қазақстандағыдай немесе басқа да осы наурыздың 8-ін мереке ретінде атап өтетін елдердегідей ер адам тарапынан әйелдерге сыйлық ұсынылмайды.
Азаттық: – Иранда қызмет істейтін қазақ әйелдері көп пе?
Ирандағы Қазақ радиосы
Ирандағы Қазақ радиосы
Иран телерадио бірлестігі 30-дан астам тілде радиохабар таратады. Солардың бірі – тәулігіне бір сағат хабар тарататын Қазақ радиосы 1996 жылы құрылған. Радио – мемлекеттік, иран үкіметінің ресми ақпараттарын қазақ тіліне аударып хабарлайды. Иранның тарихы мен мәдениеті, әдебиеті жайында бағдарламалары бар.
Айша Ескелді: – Әрине, бар. Ирандағы қазақ қыздарының оқуға құштарлығы жоғары. Бірақ кейбір отбасылардағы қыздар орта мектепті бітіргеннен кейін ұзатылып кететін жайттар әлі кездеседі. Сол себепті қызмет істеп жүрген әйелдерден үйде отырған келіншектердің саны көптеу. Сонда да банк, салық, ақпарат салаларында, басқа да қызметте жүрген қыз-келіншектерді кездестіруге болады. Менің білім алуыма анам себепкер болып еді.
Азаттық: – Қалайша?
Айша Ескелді: – Орта мектептен кейін неге екенін білмеймін, оқығым келмеді. Сол кезде анам «Мен жас күнімде оқи алмадым. Соның кесірінен жолымды дұрыс айыра алмадым. Қай істің дұрыс, қай істің теріс екеніне көз жеткізе алмадым. Бірақ сен оқы. Егер қандай да бір дәрежеге жетсең, мен соған қуанамын» деді. Солайша білім алдым. Негізгі мамандығым бастауыштың мұғалімі болатын. Алты-жеті жыл сабақ бердім. Кейін Иранда Қазақ радиосы ашылып, сонда диктор қызметін атқардым. 25 жыл қызмет істедім, қазір зейнеттемін.
Азаттық: Бізге Ауғанстанда тұратын қазақ қыз-келіншектерімен тілдесу мүмкін болмады. Сол сияқты кедергілерді Иран қазақтарынан да аңғардым. Яғни әйел адамдардың қоғамда еркін сөйлесу құқығы қаншалықты ерікті?
Иран қазақтары
Иран қазақтары
Иран қазақтары 1920-1930 жылдары ұжымдастыру, ашаршылық кезінде Маңғыстаудан ауған. Олар Иранның Горган, Бендер-Түркімен, Гомбед деген қалаларына шоғырланды. Ирандағы қазақ диаспорасына 1980 жылдары Ауғанстаннан қашқан қазақ босқындары қосылды. Түрлі деректерге қарағанда, қазір Иранда үш мыңнан астам қазақ тұрады. Қазақстанға оралып жатқандары да бар.
Айша Ескелді: – Әрине, күйеулері тарапынан ондай шектеулер бар. Оны жасырмаймын. Бірақ Ауғанстандағыдай мүлдем тыйым салынбаған. Мәселен, менің сенімен телефон арқылы сөйлесуім - соның айғағы. Бірақ «Мен жоқта үйге ешкім келмесін, бөтен ер адаммен тілдеспе» дейтін адамдар баршылық.
Азаттық: – Мұндай тыйымдар қыз балалардың білім алуына кедергі келтірмей ме?
Айша Ескелді: – Жоқ, білім алуына келтірмейді. Өйткені қыздарының оқып, белгілі бір дәрежеге жетуіне ата-аналарының өздері құштар. Бірақ біздің қыз-жігіттердің өздері отбасын ерте құрып, оқуларын тастап кетеді.
Азаттық: – Иранда қазақ қыздарын тұрмысқа ерте беретіні жайлы айтып қалдыңыз. Қыздардың ұзатылу жасы қанша?
Айша Ескелді: – Қыздарды 17- 18 жасында ұзатады. Бірақ әйелдердің барлығы үй шаруасында отырып қалмайды. Менің жас кезімде мұндағы қазақтар сиыр ұстайтын еді. Ол кездегі әйелдердің барлығы сиыр сауып, құрт, май жасаумен айналысатын. Қазір мал ұстайтын қазақ өте аз. Сол себепті үй шаруасындағы әйелдердің барлығы тігін тігумен, оны Тегеранға әкеліп сатумен айналысады. Жалпы қазақ азаматтарынан гөрі әйелдерінің отбасылық экономиканы дамытуда көп талпыныс жасайтынын аңғарамын. Тіккен киімін базарға барып сатса да табыс табуға талпынып жатады. Үй шаруасындағы әйелмін, бала тәрбиесімен айналысуым керек деп отырып қалатын әйелдер қазір аз.
Оқи отырыңыз: «Ирандағы қазақ қыздары білімге ден қоя бастады»
Азаттық: – Өз отбасыңыз жайлы аз-кем айта кетсеңіз?
Айша Ескелді: – Жолдасым Ирандағы белгілі журналистердіңі бірі - Жаппарбай Шаткам. Бұйыртса биыл 50 жасқа толады. Екі қызым бар. Үлкені жетінші, кішісі екінші сыныпта оқиды. Енді бұл жақта қазақ саны аз ғой. Сол себепті өскен ортасы мен сөйлеген тілі парсыша. Осыны ескеріп, Алматыға қоныс аударсақ па деген ниетте отырмыз. Төрт айдан кейін жолдасым зейнет демалысына шығады. Егер мүмкіндік туып жатса, қыздарымның білімін Қазақстанда жалғастырғым келеді.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!