Accessibility links

Жапонияның ОА-ға қатысты саясаты өзгерді ме?


Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің Тәжікстанға келген сәті. Душанбе, 24 қазан 2015 жыл.
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің Тәжікстанға келген сәті. Душанбе, 24 қазан 2015 жыл.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің Орталық Азияға жасалған іссапары аяқталды. Абэнің бұл сапарын «тарихи» деп атауға болады, себебі ол - ОА-ның бес елін тегіс аралап шыққан алғашқы жапон министрі.

Жапония Орталық Азия (ОА) елдерімен бұрыннан араласып келеді. Абэ сапары аймақ тұрғындарына Жапонияның 24 жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқанын еске салды. Дегенмен жапон басшысының ОА шенеуніктерімен миллиардтаған долларға келісімшарт жасасу туралы сөйлескені таңғаларлық [жаңалық] болды.

ҚЫТАЙМЕН БӘСЕКЕГЕ ТҮСПЕК ПЕ?

Абэнің сапары аяқталған соң «осының бәрі Жапонияның ОА тағдырына одан әрі белсене араласуды қалайтынын көрсете ме?» деген сауал туды. Жапония ОА ресурстары үшін «бәсекеге» түспек пе? Жапонияның түпкі ниеті қандай және ОА мемлекеттері Жапония аймаққа ерекше көңіл бөлген жағдайда неден ұтады, неден ұтылуы мүмкін?

Жергілікті тілде «Азатлық» аталатын Азаттықтың Түркімен қызметі осы мәселеге қатысты талқылау өткізіп, Абэнің ОА-ға сапары жайлы сарапшылар пікірін сұрастырды.

Жиынды «Азатлық» директоры Мухаммад Тахир жүргізді. Financial Times басылымына арнап Ресей және ОА елдері туралы жазатын Джек Фарчи Мәскеуден қатысты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Жапония премьер-министрі Синдзо Абэні қарсы алып тұр. Астана, 27 қазан 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Жапония премьер-министрі Синдзо Абэні қарсы алып тұр. Астана, 27 қазан 2015 жыл.

Жапония мен ОА елдерінің байланысы туралы көптеген еңбектердің авторы, Цукуба (Tsukuba) университетінің көмекші профессоры Тимур Дадабаев Токиодан қатысты.

Оның жақында «Орталық Азиядағы Жапония» кітабы жарық көрген еді. Осы мақаланың авторы Брюс Панниер Прагадағы студиядан қатысты.

Дадабаевтың айтуынша, Абэ ОА елдеріне барғанда негізгі төрт мақсатты көздеген: «ОА-дағы жапон бизнес қауымдастығын күшейту», «ОА елдерінің жапон корпорацияларына тапсырыстарын көбейту», «Жапонияның осы аймақтағы «жұмсақ» ықпалын күшейту» және «24 жылдан бері Жапония көрсетіп келе жатқан гуманитарлық көмекті арттыру».

Фарчи Абэнің ОА елдеріне жасаған ресми сапары туралы баяндаманы қайталап шықты. Оның пікірінше, жапон премьер-министрінің бұрын-соңды болмаған мұндай сапарына бір жағынан Қытай түрткі болған. Ол «Қытайдың «жаңа Жібек жолы» саясаты екі жыл бұрын жарияланды, бірақ биыл ол қарқынды түрде іске аса бастады. Одан бөлек, жапон компаниялары да Қытай компаниялары ОА-да ие бола бастаған мүмкіндіктерден құр қалғысы келмейді» дейді.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 24 қазан 2015 жыл.
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 24 қазан 2015 жыл.

Фарчидің сөзіне қарағанда, Абэнің Түркіменстанда 18 миллиард доллар, ал Өзбекстанда 8 миллиард 500 миллион доллар тұратын келісімшарттар жасасу туралы айтуына Қытайдың аймаққа инвестицияны мол салуы себеп болған. «Қытай бұл аймаққа көп ақша салып, қытай компаниялары мен мердігерлеріне барлық есікті ашпақ. Ал Жапония инфрақұрылым, технологиялық қызмет көрсету салаларында өз компаниялары болғанын қалайды, сондықтан Жапония Қытайдың алдын орағысы келеді» деді Фарчи.

«ТЕК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДА ҚЫЗЫҒАДЫ»

Пікірталасқа қатысушылар Жапония ОА-ға саяси тұрғыда емес, тек экономикалық жағынан қызығады дегенге келісті. Дадабаев «егер іссапар кезінде қол қойылған құжаттар мен келіссөздерге назар аударсаңыз, ОА-ға қатысты жапон сыртқы саясатында экономиканың алдыңғы орынға шыққанын байқайсыз» деді.

Фарчи «Жапонияның ОА аймағына экономикадан басқа қызығушылығы бар екеніне ешқандай айғақ көрмейтінін» айтты. «Жапония ОА-да Ресей сияқты саяси күшке айналғысы келеді деп ойламаймын, Қытайдың да ондай ниеті жоқ. Бұл жерде бизнес пен экономикалық мүдде ғана бар» деді ол.

Дегенмен Жапония ОА-ға әркез қазіргідей экономикалық қызығушылық танытып келді деуге болмайды. Бірақ бұл елдің ОА-ға өтімді (жағымды – ред.) екенін ескеру керек. Дадабаев «Орталық Азия бұрын-соңды жапон империализмі орнамаған аймақ, сондықтан ОА елдері Жапонияға оң қарап, жақсы қабылдайды» дейді.

Жапония астанасы Токио. (Көрнекі сурет)
Жапония астанасы Токио. (Көрнекі сурет)

Жапония «жұмсақ күш» (soft power) термині пайда болғанға дейін-ақ Орталық Азияға «нәзік ықпалын» өткізіп келген еді. Жапония үкіметі бұл аймақта ауызсу мен ауылшаруашылығы жобаларын қолдады, мектептер құрылысын қаржыландырды, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін қаржы бөлді, жолдар, электрмен қамту, т.б. көптеген инфрақұрылым салаларына көмек көрсетіп келді.

Тәжікстанға барған сапарында Абэ соңғы жылдары ауылшаруашылығы өнімдерін жалмап кетіп жатқан обыр шегірткеге қарсы көмек беруге дайын екенін айтты. Дадабаев «Жапондар соңғы зерттеулерін ескере келе, ОА елдері Жапонияны жақсы көреді деген түйін жасады. Сыртқы істер министрлігі жүргізген соңғы сауалнамада ОА-ның барлық бес елінің тұрғындары әртүрлі мемлекеттерге қатысты көзқарасын білдірген, сонда Жапония жоғарғы орында тұр» дейді.

Жапонияның «жұмсақ күшпен» ықпал етуге тырысуы Орталық Азияның тұрмыс-тіршілігіне әсер еткісі келетін басқа елдерге кедергі емес пе? Фарчидің пікірінше, жапондардың белсенділігі ОА үшін пайдалы. «Орталық Азия үшін, оның басшылары мен лауазымды өкілдері үшін басқалардың өздеріне көп көңіл бөліп, өзара бәсекеге түскені тиімді. Сонда олар бәсекелестердің ішінен қолайлысын таңдай алады» дейді ол. Оның ойынша, «Қытай алдында өзін қарыздар сезініп жүрген ОА мемлекеттері жобаларын басқа бір ел қаржыландыруға ниет білдірсе, қуана келіседі».

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ. Бішкек, 26 қазан 2015 жыл.
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ. Бішкек, 26 қазан 2015 жыл.

Абэ аймаққа сапарын бастамай тұрғанда Human Rights Watch ұйымы жапон премьер-министрін ОА басшыларымен адам құқығы жайлы сөйлесуге шақырған еді. Абэ оны орындамады. Дадабаевтің пікірінше, оның бұл әрекеті Жапонияның адам құқығын сыйлауды және демократиялық құндылықтарды сақтауды басқаша түсінуімен байланысты.

«Жапон басшысы іссапар кезінде адам құқығы мен демократиялық құндылықтар туралы сөз қозғамады, себебі ол үшін экономика мен даму жобалары - адамзат қауіпсіздігінің бір бөлігі, оны да адам құқығы мен демократияға қосуға болады» дейді Дадабаев.

Сарапшылардың ағылшын тіліндегі пікірі (аудио):

please wait

No media source currently available

0:00 0:35:42 0:00
Жүктеп алу

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG