Accessibility links

Тұрғындар тасқыннан қорқып отыр


Нұра өзенінің бойындағы ауылдар тасқыннан қауіптеніп отыр. Қарағанды облысы, 27 наурыз 2017 жыл.
Нұра өзенінің бойындағы ауылдар тасқыннан қауіптеніп отыр. Қарағанды облысы, 27 наурыз 2017 жыл.

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында 15 кентті су басу қаупі бар. Аудан 2014 және 2015 жылдары су тасқынынан қатты зардап шеккен. Жұрт «биыл көктемде де топан су басатын шығар» деп қорқады.

ТАСҚЫННЫҢ АЗАБЫН ТАРТҚАНДАР

2015 жылы топан су азабын тартқан Нұра кентінің тұрғыны Эльза Ахмеджанова үйіне жапсарлас етіп салынған бөлмеде тұрып жатыр. Ол кісі «биыл тағы су баса ма» деп қорқады. Билік апатты деп тапқан оның үйі әлі жартылай қираған күйі тұр. Ол су тасқыны кезінде зардап шеккен үйінің орнына өзге баспана сатып алуға бөлінген ақшалай өтемақыны үш ай бұрын ғана алған. Бірақ Эльза алдағы су тасқынының аяғын күте тұруды жөн көріп, қарап қойған үйін әзірше сатып алмаған.

– Биылғы тасқыннан қазірдің өзінде қорқып отырмын. Тағы су басып, үйім бүлінсе қайтемін деп өзге үй сатып алуға да қорқамын. Тіпті жиһаз бен тұрмыстық техниканы да әзірше сатып алған жоқпын. Ондай азапты тағы тартудан құдай сақтасын. Шенеуніктерге сенім жоқ, күдерімізді үздік. Су тасқыны әлегінен тартқан азап пен баспана мәселесін шешуді созып жібергеннің кесірінен өзге жұрт сияқты менің де жүйкем әбден тозып бітті. Қазір жиі-жиі ауырып қаламын, денсаулығым мүлде сыр беріп жүр. Әлгі проблемалардың кесірінен біздің кентте, өзге ауылдарда талай адам ауруханаға түсіп, біреу тіпті қайтыс болғанын білемін... Көшіп жатқандар көп, жұрт мына жерде тұруға қорқады, – дейді Эльза Ахмеджанова Азаттыққа.

Садовое ауылындағы су тасқыны. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 15 cәуір 2015 жыл.
Садовое ауылындағы су тасқыны. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 15 cәуір 2015 жыл.

2015 жылы су тасқыны кесірінен үйінен айырылған Ольга Колено үш баласы және мүгедек әкесімен бір жарым жылдан көп туыстарының үйін жағалап жүрген. Ольга ұзақ күткен өтемақыны 2016 жылдың аяғында ғана алып, өзге баспана сатып алған. Ол – жергілікті билік үйін «проблемалық үйлер» тізіміне қосып, бюджеттен көмек бөлуден бас тартқан адамдардың бірі. Өйткені Ольга Коленоның атында екі үй тіркелген, біреуі су тасқыны кезінде қираған, ал екіншісін тоғыз жыл бұрын сатып жіберген, бірақ оны жаңа иесінің атына тіркемеген. Жергілікті билік сүрілген үйдің орнына жаңа үй салып беруден осы себепті бас тартқан. Кейінірек «Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қорының» демеушілік қаржысы есебінен оған өзге баспана сатып алуға ақшалай өтемақы берген.

– Сол тасқыннан кейін көрген азабымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұзып тастап, орнына ештеңе салып бермеген үйіме мына өтемақыны алу үшін қаншама жүйкем тозып, қаншама көз жасым төгілді, қаншама күш жұмсадым. Ақыры 2016 жылғы желтоқсанның 28-сінде 3 миллион 600 мың теңге аударды. Қаншама сергелдеңнен кейін тағы су басады деген қорқыныштан ақыры қалаға көшуді ұйғардық. Жөні түзу, үлкен пәтер сатып алу үшін банктен үш жылға несие алып, 2 миллион теңге қосуға тура келді. Әлгі несиені баламның арқасында төлеп отырмыз, – дейді Ольга Колено.

Мұстафин кентінің тұрғыны Ольга Малышеваға тасқыннан қираған үйінің орнына бюджет есебінен жаңа үй салып берген. Оның айтуынша, кей тұстары еріп кеткенімен, кентте әлі қар көп жатыр, ал өзендегі мұз ерімеген.

– Өзеннің арғы бетінде бөгет бар, бұрын көліктер барып жүретін. Ал қазір ол жаққа баратын жолды жауып тастапты, ол жақты су ағу үшін қазып тастаған сияқты. Бұл жолы тасқын бізді айналып өтетін шығар деп үміттеніп отырмыз. Үйімізді бұрынғыдан гөрі биіктеу етіп салды, – дейді Ольга Малышева Азаттыққа.

Мұстафин кенті тұрғындарының бірі Юлия Малышева. Қарағанды облысы, 17 мамыр 2015 жыл.
Мұстафин кенті тұрғындарының бірі Юлия Малышева. Қарағанды облысы, 17 мамыр 2015 жыл.

ТАСҚЫН ҚАУПІ

Кей кенттердің тұрғындары үйлерінің айналасындағы қарды күреп, шамасы келгенше ор қазып, суға бөгет болатын тосқауыл орнатып қамданып жатқандарын айтады. Бұл – жергілікті билік атқарып жатқан жұмыстардан бөлек қарекет. Бұған қоса, жұрттың айтуынша, билік ауылдарда жиналыс өткізіп, тұрғындарға биыл да су жайылу қаупі барын ескерткен, сақ отыруды, тасқын қаупі төнсе тиісті кеңестерді орындап, дүрлікпеуді сұраған.

Чкалово кентінде азық-түлік дүкені бар кәсіпкер Тамара Цечаева кентті биыл да су басады деп қауіптенетінін айтады. Оның дүкенінің артындағы үйлер жұрт суы тасып, кентке жайылады деп қауіптенетін Нұра өзеніне жақын орналасқан. Тамара Цечаеваның дүкенінде көшелерде орнатылған бағандарға бекітілген дауыс зорайтқыштар арқылы халықты тасқын қаупі және эвакуация жайлы құлақтандыратын аппарат орнатылған. Жергілікті биліктің дерегінше, мұндай дауыс зорайтқыштар кенттердің көбінде орнатылған.

Мұстафин кентіндегі бітпей қалған үйі. Қарағанды облысы, 30 желтоқсан 2016 жыл.
Мұстафин кентіндегі бітпей қалған үйі. Қарағанды облысы, 30 желтоқсан 2016 жыл.

– Қар әлі сіресіп жатыр, өзендегі мұз да еріген жоқ. Біртіндеп ерісе екен деп отырмыз. Бірақ жұрт биыл да су басады деп қорқады. Бұл жолы ешкімге үміт артпай, қар ери бастаса бітті, тағы бүлінбес үшін дүние-мүлкіміздің бәрін көшіреміз деп ұйғардық. Шеккен зиянымды сол күйі ешкім өтеп берген жоқ, тасқыннан кейін бүлінген дүкенімді әлі жөндеп біткен жоқпын, – дейді Тамара Цечаева.

2015 жылы тасқыннан зардап шеккен Сарытөбе ауылы да алдағы су тасқынына дайындалып жатыр.

– Әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметі өкілдері келіп, тасқын болып қалса, су соруға арналған қанша мотосорғыш барын жазып әкетті. Ауа-райы қандай болатынын білмеймін, бірақ өзіміз де қорқып отырмыз. Құдай сақтайтын шығар, – дейді бұрынғы нашақорлар мен маскүнемдер паналату орны қызметкері Павел Ненашев.

Көкпекті ауылы тұрғыны Юлия Франктың айтуынша, жергілікті тұрғындар биыл Кузнецк бөгеті жағынан су жайылуы мүмкін деп болжайды. Бірақ олар 2014 жылы Көкпекті су қоймасы бөгеті бұзылып, үлкен мұз кесектері аралас биіктігі екі метрлік толқын басып қалған Көкпекті ауылын бұл жолы топан су баспайтын шығар деп үміттенеді.

Сарытөбе ауылы тұрғындарын тасқын кезінде эвакуациялап жатыр. Қарағанды облысы, 12 сәуір 2015 жыл.
Сарытөбе ауылы тұрғындарын тасқын кезінде эвакуациялап жатыр. Қарағанды облысы, 12 сәуір 2015 жыл.

15 КЕНТ ҚАУІПТІ АЙМАҚТА ТҰР

Қарағанды облысы әкімдігі дерегінше, Бұқар жырау ауданында Нұра өзені бойында орналасқан 15 кентті су басу қаупі бар. Қазір өзеннің сең жүрмей, кептеліп қалуы мүмкін тұстарының тал-шілігі оталып жатыр. Бұған қоса өзен арнасын түзулеу жұмыстары жоспарланған. Облыстың негізгі су қоймаларында жиналған суды ағызып жатыр жатыр. Бұлшаралар жайлы тұрғындарға SMS хабарламалар арқылы ескертілген. «Қазгидромет» болжамынша, Қарағанды облысы өзендері наурыздың аяғынан сәуірдің ортасына дейін тасиды.

Ресми дерекке сәйкес, ауданның 24 елдімекенінде жергілікті құлақтандыру жүйесі орнатылып, 14 мыңнан көп адам қабылдай алатын 76 эвакуациялау бекеті ұйымдастырылған. Қазір су жүретін құбырлардың, арықтардың және жолдардың жан-жағы тазартылып жатыр. Ботақара кенті мен Доскей ауылында су ағатын қосымша бес құбыр орнатуды ұйғарған.

Бұқар жырау әкімдігі дерегінше, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу мен зардаптарын жою үшін 2017 жылға аудан бюджетінен 34,5 миллион теңге қарастырылған. Резервтік қордан көшелердің қарын күреп, елдімекендерден қарды тасып шығаруға, Мұстафин, Ботақара кенттері мен Сарытөбе ауылындағы бөгеттердің қоршауларын нығайтуға ақша бөлінген.

Көкпектідегі 2014 жылы су басқаннан кейін салынған үйлер. 20 маусым 2016 жыл.
Көкпектідегі 2014 жылы су басқаннан кейін салынған үйлер. 20 маусым 2016 жыл.

ДЕПАРТАМЕНТ КЕҢЕСІ

Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті 2014 жылы наурыздың аяғында су жайылғанын ескеріп, кентті топан су басқан жағдайда қандай қарекет ету керектігі жайлы нұсқау-парақтар әзірлеген. Әлгі парақтар ауыл тұрғындарына таратылып жатыр әрі ондай ақпарат ведомствоның ресми сайтында да жарияланған.

Мамандардың айтуынша, өзендердің бас жағындағы сең сөгіліп, топырақ шайылып кетсе, су лезде жайылуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің дерегінше, өзге жағдайларда су басу қаупіне қарсы дер кезінде әрекет етуге жеткіліті уақыт болады.

Тұрғындарға қапылыста тасқын болса, қыратты жерге шығып кетуге кеңес береді. Жұрттан үйден кетер алдында мұрша болса, суды, газ бен электр жарығын өшіріп кетуді сұрайды

Бұған қоса үйдегі бағалы заттарды мүмкіндігінше ғимараттың үстіңгі қабаттарына немесе шатырға шығарып, ал мал тұратын қора-сарай есіктерінің ілмегін ашып қоюға кеңес береді. Жұртқа терезе әйнектері сынып, үйге су ағызып әкелген қоқыс кірмеуі үшін су тасқыны қаупі туралы дабыл түскен бетте үйлердің бірінші қабатындағы есік-терезелеріне тақтай немесе қамыс шегелеп тастауға, қайық сияқты суда жүзетін құралдар әзірлеп қоюға кеңес береді.

XS
SM
MD
LG