Accessibility links

Түрмеде көз жұмған тұтқын 24 күннен кейін жерленді


Шамиль Ярославлев - Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/7 колониясында қайтыс болған тұтқын. 5 қараша 2011 жыл.
Шамиль Ярославлев - Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/7 колониясында қайтыс болған тұтқын. 5 қараша 2011 жыл.

Абақтыда жұмбақ жағдайда қайтыс болған Шамиль Ярославлевтің ағасы осы өлімге орай қозғалған қылмыстық іске байланысты төрт түрме қызметкері ұсталғанын айтады.


Қарашаның 3-і күні Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/7 колонияда тұтқын Шамиль Ярославлевтің (1974 жылы туған) жұмбақ жағдайда қаза тапқанын Азаттық радиосы жазған еді.

Әуелі республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті тұтқынның өз ажалымен өлгенін айтқан. Ал өткен аптада бас прокуратура өкілдері оны жоққа шығарып, марқұмның ауыр соққыдан көз жұмғанын мәлімдеді.

Қарашаның 18-і күні Шамиль Ярославлевтің өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 38-бап 4-бөлімі бойынша («қызметі бабын асыра пайдалану») қылмыстық іс қозғалды.

ЕКІНШІ САРАПТАМА

Қаза тапқан тұтқынның ағасы Руслан Оздоев ағасының денесіне екінші мәрте сот-медициналық сараптама жүргізіліп, одан кейін жерленгенін айтты дүйсенбі күні Азаттық тілшісіне.

– Оны кеше жерледік. Себебі сенбі күні сот-медициналық сараптамасын жүргізді. Яғни сараптама анализге қажеттердің бәрін алып қалды.
Руслан Оздоев - түрмеде қайтыс болған Шамиль Ярославлевтің ағасы. Астана, 23 қараша 2011 жыл.
Руслан Оздоев - түрмеде қайтыс болған Шамиль Ярославлевтің ағасы. Астана, 23 қараша 2011 жыл.
Қайтадан сойып зерттеді. Дәрігердің өлім туралы алдын-ала куәлігі жазылып қойды. Ол менің қолымда, – деді Руслан Оздоев.

Сараптаманы Астана қаласындағы республикалық сот-медицина орталығының үш маманы жүргізген. Руслан Оздоевтың айтуынша, Шахтинск қаласында жүргізілген алғашқы сот-медициналық сараптама мәйітте бар жарақат-жаралардың барлығын тіркемей, жасырып қалған. Сондықтан екінші мәрте сараптама жасау үшін рұқсат сұрауға мәжбүр болған.

Оның пікірінше, алғашқы сараптаманы жүргізген мамандарға біреулер қысым жасаған болуы мүмкін.

– Қазірдің өзінде бұл сараптаманың алдын-ала қорытындыға, қайта жасалған кешенді сараптамаға сәйкес келмейтінін біліп отырмын, – дейді Руслан Оздоев.

Оның айтуынша, сараптама қорытындысы бірнеше айда дайын болуы мүмкін.

«ТӨРТ ҚЫЗМЕТКЕР ҰСТАЛДЫ»

Руслан Оздоев өткен аптада ағасының өліміне қатысты қылмыстық істе жәбірленуші ретінде танылған. Енді ол тергеу барысымен толық танысуға құқығы болмаса да, «іске қатысты қаулылармен танысып», «қылмыстық іске қандай да бір азаматтардың тартылғанынан» хабардар болуға құқы бар екенін айтады.

Оның айтуынша, қарашаның 26-сы күні Қарағандыдағы мамандандырылған ауданаралық соты Шамиль Ярославлев отырған түрменің төрт қызметкерін қамауға алуға рұқсат берген.

– Бұлар – тәртіп бөлімінің бастығы, колония бастығының кезекші
АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені, 21 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені, 21 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
көмекшісі, айып изоляторы бойынша жедел бөлім бастығы... Ұзын саны – төртеу. Төртеуі де түрме қызметкерлері, – деді Руслан Оздоев.

Оның ойынша, «кінәлілер бұдан да көп болуы ықтимал».

– Ол жақта бұдан да көп болған. Айыпталған адамдар өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарып отыр. Олар кімнің бастағанын, кімнің өлтіруге бұйрық бергенін айтпай отыр. Бұл нағыз кісі өлтіру болған, – дейді Руслан Оздоев.

Ол Астанада жүргізілген екінші сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтетінін, алдағы жоспары да соған байланысты болатынын айтты.

«БҰЛ – БАСЫ ҒАНА…»

«Шамиль Ярославлевтің өліміне қатысты 4 адам тұтқындалды» деген мәліметке байланысты дүйсенбі күні Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бөлім бастығы Манарбек Бекшинге хабарласып едік, ол ештеңе айтпады.

Ал Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Көшжан Кеңпейілден «Төрт айыпталушының ұсталғаны рас па?» деп сұрағанымызда:

– Қағаздардың барлығы үлкен бастықтардың алдында жатыр. Оны әзірге бекіту керек. Сосын барып береміз, – деді Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, әзірге іс тек бір бап бойынша ғана қаралып, тергеу жүріп жатыр.

– Бұл – басы ғана. Одан кейін тағы шығуы мүмкін ғой. Әзірге белгісіз, – дейді Көшжан Кеңпейіл.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG