Қарағанды облысы Нұра ауданы Ахмет ауылының тұрғыны, 32 жастағы мүмкіндігі шектеулі азамат Николай Синявин жергілікті үш полицейді «азаптады» деп айыптайды. Оның айтуынша, полиция бөлімшесіндегі тергеу кезінде мойны сынған, бел және мойын омыртқасында көптеген жарық пайда болған әрі басы ауырады.
«Азаптау» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі арнайы прокуратура тексеріп жатыр. Бірақ енді Николай Синявиннің үстінен «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ЖӘБІРЛЕНУШІ ӘРІ АЙЫПТАЛУШЫ
«Азаптау» ісі тексеріліп жатқан тұста ұрлық жасау бойынша қозғалған бұрынғы іс қайта жаңғырды. Ұрлыққа қатысты бұл іс бойынша Николайды тергеуге шақырып, кейін ол азаптауға қатысты шағымданған. Синявиннің айтуынша, оған «бір түсінбестік болды» деген, бірақ кейін әлгі ескі істі қайта жаңғыртқан.
Полицияның мәліметінше, Синявин көрші ауылда тұратын Владимир К. деген азаматты соққыға жығып, құжаттарын ұрлап алған. Тергеу құжатында 2014 жылдың 24 тамызы күні «масайып алып, Ахмет ауылының оңтүстік шетінде жүрген Николай Синявин Нұра ауданы Майоровка ауылындағы үйіне кетіп бара жатқан, қолында пакеттері бар Владимир К.-ні жолықтырып қалған» деп жазылған.
Владимир К. арызында «Синявин бетімнен және денемнен бірнеше мәрте ұрды» деп жазған.
Іс материалдарында «Синявин үстімдегі спорт киімімнің қалтасынан 25 мың теңге ақшаны көзімше ұрлап алды әрі бірінде жеміс, екіншісінде ойыншық КамАЗ-дар мен әйелдер иіссуы, қызыл түсті екі тал «Раушан» гүлі бар екі пакетті алып кетті» деп көрсетілген.
Полицияның мәліметінше, Владимир К.-ге жалпы сомасы 42 мың теңгенің материалдық зардабы келтірілген әрі денесі жараланған. «Ұрлық» ісіне қосымша тіркелген медициналық анықтамада Владимир К.-нің денесінде көптеген жара бар деп көрсетілген.
Николай Синявиннің үстінен «ұрлық жасау» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі қазір сотқа жолдауға әзірлеп жатыр. Бірақ прокуратура істі қосымша тексеруге үшінші мәрте қайта жіберді.
Николай Синявиннің оң қолының саусақтары жоқ. Сондықтан прокуратура ол кемтар қолымен «біреуді ұрып-соқты әрі қалтасынан ақша ұрлап алды» дегенге күмәнданады.
Айыпталушы Николай Синявин мен оның анасы Любовь Битнер «ұрлық туралы іс қолдан жасалған» деп мәлімдейді.
– Олар ұрлыққа қатысты қылмыстық істі азаптау туралы шағымымызды қайтарып алсын деген мақсатпен қозғаған болуы керек. Өйткені әуелі олар тікелей айтпаса да, араға делдал салып бітімге келуді ұсынған. Бірақ оларды біраз күттім, ешкім келмеген соң әрекет ете бастадым, – дейді Николайдың анасы Любовь Битнер.
АЗАПТАУҒА ҚАТЫСТЫ ІС
Николай Синявиннің прокуратураға жолдаған арызы негізінде 2014 жылдың 29 тамызында «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол «Нұра аудандық ішкі істер бөлімінің үш қызметкері ұрлықты мойындату үшін соққыға жығып, психологиялық қысым көрсетті» деп жазған. Қазір істі Қарағанды облысының арнайы прокуратурасы тексеріп жатыр.
Николай Синявиннің анасы істі тексеру мерзімі неліктен созылып кеткенін анықтауға бірнеше мәрте тырысқан.
Куәгерлердің бәрі бұрын берген түсініктемелерінен бас тартып, полиция жағына шығып кетті.Николай Синявиннің анасы Любовь Битнер.
– Куәгерлердің бәрі бұрын берген түсініктемелерінен бас тартып, полиция жағына шығып кетті. Мұнда бір шикілік бар сияқты. Енді олар «ештеңе көрген жоқпыз, болған оқиға туралы анасына хабарлаған жоқпыз» деп бізге қарсы түсініктеме беріп жатыр. «Сіздердің пайдаларыңызға берген түсініктемеден қорыққанымнан бас тарттым» деп куәгерлердің бірі маған өзі айтты, – дейді жәбірленуші мүгедек Николай Синявиннің анасы Любовь Битнер Азаттық тілшісіне.
Любовь Битнер прокуратураға хат жолдап, Қарағанды облысы прокурорының қабылдауына кірген. Прокуратура оның өтінішін қарап, жуырда жауап берді. Жәбірленуші тарап сараптаманының созылып кеткеніне шағымданғанымен, прокуратура жауабында Синявиннен алынған заттарды биологиялық сот сараптамасынан өткізу белгіленгенін хабарланған.
Бірақ облыстық прокуратураның хабарлауынша, 2014 жылдың желтоқсан айының аяғында іс өндірісі қайта басталған. Нұра ауданы ішкі істер бөлімінің үш қызметкеріне «Топтасып азаптау» бабы бойынша айып тағылған.