Accessibility links

Қаражанбас мұнайшылары ұялы байланыссыз қалды


«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)
«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)

Қаражанбас кенішіндегі мыңдаған жұмысшы ұялы телефон байланысынан ажырап қалды. Ал «GSM Kazakhstan» компаниясы мұның ереуілге еш қатысы жоғын айтады.


Ақтау қаласында ереуілдеп жатқан мұнайшылар бұл қаладан шамамен 250 шақырым жерде орналасқан Қаражанбас кенішіндегі мұнайшылардың бір аптадан бері телефонмен байланыса алмай отырғанын айтады.

«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙДЫҢ» «ЭНЕРГИЯСЫ»

Мұнайшылардың айтуынша, бұл өңірде негізінен Activ, Kcell ұялы байланысы нөмірлері істемей тұр.

– Мына Қаламқаста «Маңғыстаумұнайгаздың» шамамен 6-7 мың адамы жұмыс жасап жатыр. Қаражанбаста – 3 мың, Бозащының солтүстігінде шамамен 2-3 мың адам жұмыс жасап жатыр. Барлығында байланыс жоқ. Ондағы ағайын-туыстарымызға хабарласа алмай жатырмыз, – дейді
Ереуіл жасап жатқан Қаражанбаста ұялы байланыс үзіліп қалды. 10 мамыр 2011 жыл. (Азаттық оқырмандарының бірі жіберген сурет)

маусымның 15-і күні Азаттыққа хабарласқан Марат есімді мұнайшы.

Оның айтуынша, кеше мұнайшылардың бірі мұның себебін білу мақсатында жергілікті Kcell орталығына хабарласқан екен. Телефон тұтқасын көтерген оператор бұған «Қаражанбасмұнай» компаниясының «кінәлі» екендігін айтқан.

– «Kcell орталығының антеннасы электр тогымен зарядталады. Сол электр энергиясын «Қаражанбасмұнай» компаниясы бермей отыр» деп жауап берген, – дейді Марат.

Бұл өңірде ұялы байланыстың өшіп қалғанын өткен аптада радиомыздың оқырмандары да хабарласып, «Хабар – сізден» айдарына сурет жолдаған еді.

«БІЗ ДЕ АЛАҢДАП ОТЫРМЫЗ»

Ереуілді аймақтағы байланыс жүйесінің істемей қалғанын Activ, Kcell байланыс операторы бойынша тұрғындарға қызмет көрсететін «GSM Қазақстан» компаниясы да растады. Компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің сарапшысы Наталья Еськова Азаттық радиосының тілшісіне берген жазбаша жауабында «бұл мәселеге компания да алаңдап отырғанын және оны тезірек шешуге күш салып жатқанын» айтты.

– Орталықтың антеннасы өздігінен жұмыс істемейді. Оған электр энергиясы керек. Ал энергия қазір станцияда жоқ. Біз базаны өзіміз өшірген жоқпыз, – деді Наталья Еськова.

Ол бұл «ақаудың» кесірінен қанша адамның зиян шеккенін нақты айта алған жоқ. Бірақ ондай адамдардың көп екенін атап өтті.

Наталья Еськова бұл жайттың ереуілге қатысы жоқ екендігін де меңзеді.

– Нақты Қаражанбас кенішінде шамамен бірнеше мың абонентіміз бар. Егер оларға қызмет көрсетпей қойсақ, компания клиенттерінен айрылады. Бұған қоса, ең бастысы – абоненттеріміздің сенімін жоғалтамыз. Ал мұның бізге еш қажеті жоқ, – дейді Наталья Еськова.

164 ЖӘНЕ 334-БАП

«Қаражанбас» акционерлік қоғамының кәсіподақ заңгері Наталья Соколованы екі айға қамау туралы шешімнің өткен сенбі күні шыққанын
«Қаражанбасмұнай» жұмысшылары кәсіподағының заңгері Наталья Соколова. (Сурет Ольга Ярославскаядан алынған)

Азаттық хабарлаған. Соколоваға Қылмыстық кодекстің 164-бабына сәйкес «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айып тағылды.

Мұнайшылар Соколовадан соң Жаңаөзендегі мұнайшылардың жетекшісі Ақжанат Әминовтің де осындай қылмыстық жазаға ұшырағанын айтып отыр. «Голос республики» газетінің жазуынша, Әминовтің үстінен Қылмыстық кодекстің 164 және 334-баптары («әлеуметтік жанжал тудыру» және «жиын өткізу ережесін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ақжанат Әминовке хабарласып едік, телефоны сөніп тұрды. Мұнайшылар оның қайда екенін білмейтін болып шықты. Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына хабарласқан кезде де еш жауап ала алмадық.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG