Менің бір танысымның үйінде төрт адам бар, олардың әрқайсысының тегі әртүрлі. Әкелері – Джанбулатов болатын, бірақ қазір ол Жанбулат, ал жұбайы Джанбулатова болып қалған. Үлкен ұлы – Жанбулатов, ал кіші ұлы Жанболат деп жазылып қойған. Мұндай мысалды күнделікті өмірде көптеп кезіктіреміз.
Осындай ономастикалық қиындықтар пайда болғаны бір бүгін емес. Мамандар осы ұлттық ауқымдағы мәселені шешудің ортақ стратегиялық жолын таба алмай жүр. Шығармашылық зиялы қауымның лидерлері мен ықпалды саясаткерлердің біразы да өз аты-жөндерінің жазылу жосығын өзгертіп, алалық тудырып отыр.
Алматыда қарашаның соңында дәл осы мәселені, анығын айтқанда «Қазақ антропонимдерін (есімін, әкесінің аты мен тегін) орысша және орысшаларын қазақша жеткізу жөніндегі нұсқауды» талқыға салды. Жиынға қатысқандардың арасында тіл мамандары, заңгерлер, мұрағатшылар, қоғам қайраткерлері болды.
Бая-аяғы 16 бет болатын құжат талқыға түсті. Бұл – нұсқау, оны Қазақстан үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссия мақұлдап үлгерген. Оны филология ғылымдарының докторлары Телқожа Жанұзақов, Шерубай Құрманбайұлы, Қыздархан Ырысберген және Сәуле Иманбердиевалар дайындаған.
ЕСІМДЕРДІҢ ДЕ ӨЗ ЖӨН-ЖОСЫҒЫ БАР
Бұл нұсқау өз тақырып шеңберінен асып отыр. Бұл қазақша адамның тегі, аты мен әкесінің атын (антропонимдердің) орысша және орысшаларын қазақша жеткізу жөніндегі ғана емес, ресми құжаттарда қазақ ұлты өкілдерінің антропонимдерін жазу жөніндегі ереже болып табылады. Нұсқауды құрастырушылар оны нормативті құқықтық акт деп атаған. Нұсқаудың негізінде жатқан үш ұстанымның алғашқысы былай дейді: «Қазақ антропонимдерін орыс тіліне салып жеткізгенде түпнұсқа-есімнің айтылу мәнерін қатаң ескеру керек».
Алайда мұның соңынан ерген ережелерге қарағанда, ақиқатында түпнұсқа-есімнің айтылу мәнерінің оншалықты қатаң ескерілгені көрінбейді. Сөйтіп, бірнеше қазақша дыбысты бірдей орыс қарпімен белгілеу керек болып отыр. Мысалы: А, Ә дыбыстарын – А арқылы; О, Ө-ні – О арқылы; У, Ү, Ұ-ны – У арқылы. ЙЫ, ЙІ дыбыстарының тіркесін бір ғана И әрпімен (Асайын – Асаин, Мейіз – Меиз) белгілеу керек. К, Қ дауыссыз дыбыстарын К әрпі арқылы, Н, Ң-ді – Н арқылы, Г, Ғ-ны – Г арқылы жазу қарастырылған.
Қазақ есімдеріндегі СШ тіркестерінің Ш, Щ деп айтылуын ескеру қажет емес, керісінше қалай жазылса, орысша да солай, яғни "Кошшыбай" мен "Кощыбай" емес, "Косшибай" деп көрсету керек.
Қазақ есімдеріндегі НБ, НП әріп тіркестерін МБ, МП деп айтуды да ескеру қажет емес екен, керісінше қазақша қалай жазылса, орысша да солай жазылмақ. Айталық, "Даурембек" емес, "Дауренбек" деп жазу керек. Оның үстіне, орыс тіліндегі құжаттарға "Мухаммед", "Фарид" іспеттес есімдердің де бұрыс күйде кірігіп кету қаупі бар – өйткені "Мухамет", "Фарит" деп айтамыз. Не мынадай бір көршілес қатаң дауыссыздардың ықпалымен ұяң дауыссыздардың қатаңдануы сияқты құбылысты алып қарастырайық. "Есбай", "Жеңісбек" деп жазылады, бірақ айтқанда "Еспай", "Жеңіспек" делінеді. Орысша жеткізгенде осылай айту мәнерін, нұсқауға сенсек, ескермеу керек.
Жалпы бұл нұсқауда қазақ антропонимдерін орыс тілінде жазу ережелерінде негізі жаңа ештеңе жоқ. Осы ережелердің барлығын дерлік совет заманында-ақ қолданған. Постсоветтік кезең жаңалықтарының ішінен – "Шыныбек" іспеттес есімдерді (бұрынғыдай Ч арқылы емес) Ш арқылы, ал "Жолдас" дегенді (әуел бастағыдай ДЖ арқылы емес) Ж арқылы жазу керек. Тек нұсқаудағы соңғы ереженің бір ерекшелігі бар. Тарихи тұлғалардың аты-жөндері орыс мәтіндерінде орыстың дәстүрлі жазуындағыдай сақталады – Чокан Валиханов, Алиби Джангельдин, Ураз Джандосов және сол сияқты.
Қазақтардың құжаттарында күрделі есімдердің бөлшектерін дефис арқылы жазу мәнері жиі кезігіп отырады, мысалы "Әли-Сұлтан". Қазақтардың есімдерін орысша қалай жазылу керектігін көрсеткен нұсқауда "Алисултан, Бекали, Курманхан және т.т. сияқты есімдердің бірге жазылуы тиіс" деп көрсетілген. "Альфараби", "Альхамит" іспеттес араб тілінен шыққан есімдерді де бірге жазу керек.
Көп жылдық алдағы тәжірибемен салыстыра қарағанда орыс антропонимдерін қазақ тілінде жазу жолы өзгере қоймаған. Бұл нұсқаудың екінші негізгі ережесінен көрініп тұр: «Орыс антропонимдері қазақ тілінде орыс тілі орфографиясын негізге ала, бұрмаланбай жазылады, әдеби орыс тілінің дәстүрлі нормасы қатаң сақталады».
1990 жылдардың орта шенінде ауылдық елді мекендердің актілік жазбаларынан осы мақаланың авторы кейбір Алматы облысының орыс отбасыларынан шыққан балалардың әкелерінің атына "-ұлы" жалғауының жалғанғанын көрген болатын. Мысалы, "Александровичтің" орнына "Александрұлы" делінген. Нұсқауда осы сияқты өзгерістердің жөнсіздігін ескерту де артық болмас еді.
Талқыға түскен нұсқаудың үшінші негізгі ережесі айрықша көзге түсіп тұр: «бұрында ономастикалық сөздіктерге, оқулықтарға, оқу құралдарына, әр түрлі тарихи-географиялық дереккөздерге, сонымен қоса төлқұжаттарға және азаматтардың басқа да құжаттарына енген қазақ халқы антропонимдерінің бұрыс, қате транскрипциясын осы нұсқаудың ережелерінің негізінде міндетті түрде түзету қажет».
Егер «міндетті түрде түзету қажет» дегенді әрекетке көшуге басшылық деп түсінсек, қағаз басылымдардың қаншама үйіндісін жарамсыз танып, қайта басып шығаруға тура келуі ғажап емес. Оған қоса аты-жөні, әкесінің аты қате жазылған барлық жеке құжаттарын шұғыл алмастыруға мәжбүр қаншама азаматтың кезекке тұрарын ойлап көрсек те болады. Осы уақытқа дейін қателіктерді түзету-түзетпеуді әркім өзі шешетін.
ҚАЗАҚЫ РЕҢКІ БАР ЖАЛҒАУ ІЗДЕУ ЖОЛЫНДА
Қазақ ономасттарын аса қатты алаңдатып отырған мәселелердің ішінен адам тегінің (-ов, -ев, -ин, -ұлы, -қызы, -тегі, - және де басқа жалғаулары бар) түр-түрінің артық мөлшері және осы жалғаулардың көбінің адамның қай ұлтқа тиесілі екенін нақты көрсете алмауын атауға болады. Мәдениет министрлігінің тілдер жөніндегі комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы грузиндер мен армяндарды мысал ретінде ұсынады, олардың тектері "-дзе," "-швили", "-ян" деген өзіндік ерекшелігі бар жалғауларға ие, олардан адамның – грузин не армян екені бірден көрініп тұрады.
Сондықтан нұсқауда адамның тегіне де көңіл бөлінеді. Бұл туралы «Қазақша адамның аты-жөні мен әкесінің атын жазу үлгілері» тарауында айтылған. Мемлекеттік ономастикалық комиссия ұлты қазақ адамның аты-жөні мен әкесінің аты үш мүшелі нобай бойынша жазылып, қолданылады деп ұйғарған.
Адам өз тегін әкесінің атын қолданып та, атасының атын қолданып та құрастыра алады. Әкесінің не атасының атын тегі ретінде қолдануға деген қазақтардың құқы нұсқауда бекітілген. Бірақ құжатта орысша жалғаулары бар адам тегінің тағдыры мүлде қарастырылмаған, адамдардың көкейіне бұның мынадай сұрақ ұялатары сөзсіз: оларды бұрынғы күйі қалдыруға бола ма әлде өзгертуге тура келе ме?
Нұсқау атаудың құрамдас бөліктерінің ретін де белгілейді. Ерекше салтанатты жағдайларда, тізімдерде, жеке басты куәландыратын құжаттарда, әдетте, алғашқы орында адамның тегі, екінші орында есімі, үшінші орында әкесінің аты тұрады.
Нұсқауда «ататек» дегеннің не екенінің айқын түсініктемесі жоқ, бұл адамның тегін әкесінің аты мен өз есімінен шүбәсіз ажырата алу үшін керек. Көптеген елдердегі тіл мамандарының пайымдауынша, адамның тегі – мұраға қалатын ресми атау, ол адамның белгілі бір жанұядан шыққанын көрсетіп, араға кем дегенде екі не үш ұрпақ салып қайталанып тұрады.
«БІРЫҢҒАЙ… ДЕРЕКҚОРЫМЫЗ ӘЛІ ЖОҚ»
Азаттық радиосының тілшісінің дөңгелек үстелге қатысқандармен тілдесу мүмкіндігі болды. Тіл мамандары мен заңгерлер, ғалымдар мен практиктер әуел бастан бөлек-бөлек жұмыс жасады деп өкінішпен атап өтті нұсқау авторларының бірі Қыздархан Ырысберген. Ол бірқатар ел, мысалы Балтық жағалауындағы елдердің үлгісі бойынша, есімдер туралы заң қабылдау керек дегенге кәміл сенеді.
Мұндай заң жеке құжаттарға әлдебір түзетулер енгізу керек болған кезде кездесетін сірескен бюрократияға да балта шабуға тиісті.
Алматының Түрксіб ауданындағы АХАЖ бөлімінің бастығы Жанна Дүйсенбаеваның ойынша, заңнама толықтай жетілдірілмеген. Себебі тегін үлкен атасының атын пайдаланып құрастыруды қалайтындар көп. Оның ойынша оған қоса, "ұлы" дегені бар әкесінің атынан құралған күйеуінің тегін алып отырған әйелдің қандай тегі болуы керектігі ойластырылмаған.
АХАЖ мекемелері бүгінгі таңда мұндай жағдайларда бұл жалғауды жай ғана ысырып тастайды. Жанна Дүйсенбаева дөңгелек үстелде ұсынылған адам тегін құрастырғандағы – «пәленшенің келіні» деген келін жалғауының пайдалануына да қарсы болып отыр.
Жанна Дүйсенбаева есімдерді жазуға қатысты басқа да мәселеге баса назар аударды. Қазіргі кезде олардың жалғыз сүйенері – Қазақстандағы АХАЖ бөлімдері пайдаланатын Телқожа Жанұзақовтың сөздіктері. Бірақ оның өзі бұл сөздіктердің ескіргенін бүгінде мойындап отыр:
– Бүгінгі шараның мақсаты – бірыңғай әдістеме жасап шығару. Қазір үстел басындағы тіл мамандарының өздері есімдердің емлесіне қатысты өзара таласып отыр. Яғни, бірыңғай құрастырылған дерекқорымыз әлі жоқ,-деді ол.
Алматының АХАЖ бөлімінің бастығы Зәуреш Құсайынова сөздіктер мен компьютерлік дерекқорларға деген қажеттілік жайлы сөз қозғады, оларға қарап азамат АХАЖ бөліміне өтініш жасарда бірнеше нұсқа ішінен дұрыс жазылғанын таңдай алар еді. Нұсқаудың аса жақын арада бекітіліп, оның ресми мекемелерге дейін жететіні жайлы мәдениет министрлігінің тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы айтты.
Ал сіз бұл нұсқауға не қосар едіңіз, қадірлі оқырман? Күрделі есімдерді қалай жазған дұрыс, мысалы, "Қасымжомарт" не "Қасым-Жомарт" па, "Әлфараби" не "Әл-Фараби" ме? Қазақша адам тегіне баршаға ортақ, қазақы бейнеге ие әйел, еркек деп бөлмейтін жалғаудың жалғануы керек пе?