Бейсенбі күнгі жиында бұл істің мақсатын түсіндірген оппозициялық саясаткерлер Жасарал Қуанышәлин, Айнұр Құрманов және «Взгляд» газетінің редакторы Игорь Винявский «Қазақстан байлығы талан-таражға түсіп, шетелге сатылып жатқанда азаматтар қол қусырып отырмауы керек» дейді.
«АНТИКОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕР»
«Бұрынғы басқарма өкілі, қазіргі елбасы кеңесшісі Болат Өтемұратов тұрған Glencore International компаниясының ІРО-сы, Қазақстандағы құбырларды салушы негізгі KazstroyService Ltd компаниясының ағылшын магнаты Митталға сатуды жоспарлау, Қытайға жалға жер беру және қытай компанияларының Қазақстандағы активтерді сатып ала бастауы – осының бәрі Назарбаев режимінің антиконституциялық әрекеттерінің қорытынды кезеңдері» делінген аталмыш комитеттің бейсенбі күнгі үндеуінде.
Бейсенбілік жиында комитет мүшелері елдің стратегиялық ресурстарын мемлекетке қайтару механизмдерін де айтып өтті. Социалистік қозғалыс жетекшісі Айнұр Құрмановтың пікірінше, «мемлекеттендіру» деген акцияларды «бір қолдан екінші қолға» (айталық, «Самұрық-Қазына» қорына) өткізу емес, халыққа – атап айтқанда, жұмысшы, еңбек ұжымдарының меншігіне – беру».
Комитет өкілдері осы мақсатқа жету үшін елде әртүрлі бағытта күрес жұмыстарын жүргізетіндіктерін айтты. «Бұл жолда әркім өз қолынан келетін нәрсені жасауы тиіс» дейді олар.
ҚЫТАЙ ҚАУПІ
Қазақстан оппозициясы бір айдың ішінде осы тектес мәлімдемелерді бірнеше рет жасады. Осыған дейін «Азат» ЖСДП да Қазақстанның мұнай-газ саласында Қытайға тәуелді боп бара жатқанын айтып, сатылғалы жатқан кейбір компаниялардың активтерін мемлекеттің өзі сатып алуы қажет деп мәлімдеген болатын.
Қытай тақырыбы қоғамда жиі көтеріліп жатқан тұста Алматыда мамырдың 19-ы күні Қытай тауарларының 9-шы көрмесі ашылды. Оған Қытайдың 260 компания өкілдері қатысып, Қазақстандағы бизнес жасау мүмкіндіктерімен танысты. Көрме барысында қазақ және қытай кәсіпкерлерінің іскерлік кездесуі де өтті.
– Биыл былтырмен салыстырғанда Қытайдан көбірек компаниялар келіп жатыр. Азық-түлік, киім-кешектерді айтпағанда машина жасау, құрылыс, өнеркәсіп саласында заттар көбейіп жатыр, – дейді Қазақстанның тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов.