Шеттегі қазақтардың бірі Махмұт Бастас Норвегияның Осло қаласында тұрып жатыр. Кәсіпкерліктен айналысатын ол кісі сол елдегі қазақтардың қазір мемлекеттік қызметтерге де араласа бастағанын айтады.
Азаттық: – Ослоға қалай бардыңыз?
Махмұт Бастас: – 1978 жылы әскери міндетімді өтеп келгеннен кейін Түркиядан Норвегияға оқу іздеп келдім. Ол кезде Осло қаласында жездем мен Түркиядан көшіп келген тағы бір отбасы тұратын. Бірақ тіл білмегеннің салдарынан үлкен оқу оқи алмадым. Осло қаласындағы гимназияда бір жыл ғана сабақ алдым. Ары қарай ізденуге жасым ұлғайып кетті де, еріксіз өзге кәсіппен айналыса бастадым.
Азаттық: – Қандай кәсіппен айналыстыңыз?
Махмұт Бастас: – Сауда саласымен. Ұзақ жылдар бойы Түркиядан, Германиядан тамақ тасып, өзіміздің дүкендер желісінде сатып тұрдық. 2016 жылдың желтоқсан айнынан бастап сырттан тауар тасуды тоқтаттық. Қазір қасымда екі балам бар – үшеуіміз өзгелер секілді тапсырыс беріп жұмыс істеп жатырмыз. Үш ұлым бар, үшеуі де үйлі-баранды.
Азаттық: – Қазір Норвегияда қанша қазақ бар?
Махмұт Бастас: – Қазір бұл жерде тек Түркиядан көшіп келгендер ғана емес, Қытай мен Қазақстаннан қоныс аударған қазақ отбасылары да тұрады. Жұмыстың ыңғайына байланысты жиі бас қоса алмаймыз. Әрине, жастар бір-бірімен араласып жатады. Ал үлкендер жағы жиын-тойларда болмаса, басқа уақытта көп кезіге бермейді. Сол себепті нақты қанша үй бар екенін айта алмаймын. Бірақ осыдан бір жыл бұрын Норвегиядағы Қазақстан елшілігінен сұрағанымда, 100 шамалы отбасы бар екенін айтқан.
Азаттық: – Сіз қазақ ақындарының өлеңдерін латын әрпіне көшіріп, Facebook әлеуметтік желісінде жариялап отырасыз. Ондағы мақсатыңыз қандай?
Махмұт Бастас: – Норвегиядағы қазақ жастары қазақ тілін білгенімен, кирилл қарпіндегі жазбаларды оқи алмайды. Шындығында қазір Қазақстанда қандай оқиғалар болып жатыр, қандай ақын-жазушылар бар – ол жағынан көп жастар хабарсыз. Мен өз бетімше сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында Facebook-те жарияланған жазбаларды алып, барынша аударып, қайта жариялап отырамын. Жариялағандарымды Еуропадағы қазақ жастары жиі оқиды. Кирилл қарпінен латыншаға аударуда көп жағдайда интернеттегі арнайы программаларды пайдаланамын.
Азаттық: – Норвегиядағы қазақ жастары негізінен қандай кәсіппен айналысады?
Махмұт Бастас: – Әр салада қызмет істеп жүрген жастарды бұл жерден де кездестіруге болады. Қазіргі қазақ жастарының барлығы оқу-білімге құмар. Мәселен, осында тұратын бір қызымыз заңгерлік мамандығы бойынша жоғары білім алып, қазір Норвегияның сыртқы істер министрлігінде қызмет етіп жүр. Осы секілді әлеуметтік салада да үлкен қызмет атқарып жүрген жастар бар. Бірақ сол жастардың басын біріктіріп, Қазақстанға жіберу мәселесі іске аспай тұр. Әрине, Еуропадағы әрбір елде қазақ мәдени орталығы бар. Бірақ солардың басым бөлігі, нақтылап айтсам, Франциядағы қазақ-мәдени орталығынан басқасы өз деңгейінде жұмыс істей алып жатқан жоқ.
Азаттық: – Сіз туғаннан Қазақстаннан тысқары жерде өмір сүріп келесіз. Бірақ қазақ тілінде жатық сөйлейді екенсіз. Бұл бала күнгі қалып па әлде қазақшаңызды кейін жетілдірдіңіз бе?
Бала күнімізде ақсақалдардың тәрбиесін алып өстік. Ол кезде ана тіліне деген құрмет ерекше еді. Біздің өзге тілде сөйлеп кетпеуімізді қадағалап отыратын.
Махмұт Бастас: – Бала күнімізде ақсақалдардың тәрбиесін алып өстік. Ол кезде ана тіліне деген құрмет ерекше еді. Біздің өзге тілде сөйлеп кетпеуімізді қадағалап отыратын. Бірақ ер жетіп, өз бетімізбен кеткеннен кейін өмір сүрген ортамызға байланысты сөйлеу мәнерінен шығып қалдық. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірнеше рет барып қайттым. Әлеуметтік желіде жиі отырғаным да ана тілімді қалпына келтіруіме көп септігін тигізді. Кейбір ұмытып қалған сөздерді есіме түсірді.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.