Соңғы кездері «материалдық, кейде тіпті адам шығындарының алдын алатындай қам жасай үшін ауа райын нақты болжап, ескерту жасамады» деп Қазақстанның метеорологиялық қызметі – «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесіне сын айтушылар көбейді. Соңғы қайғылы оқиға шілденің 17-сінде Шығыс Қазақстанда болды. Сұрапыл дауыл ғимараттың шатырын ұшырып әкетіп, 82 жастағы адамның үстіне түсіріп, қартаң кісі ауруханада жатып көз жұмды. Ауа райын болжаушылар бұл дауылды алдын ала айту мүмкін емесін тігін айтты. Қазіргі қолда бар құрал-жабдық бұған мүмкіндік бермейді екен.
«Қазгидрометтің» Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің аға синоптигі Надежда Говоркова Tengrinews.kz агенттігіне берген сұхбатында: «Біздің таулы ауданда қолымызда бар құралдармен мұндай күшті желді болжап білу өте қиын. Егер бізде найзағайлы бұлттың басталу тұсын анықтап қана қоймай, оның барлық кезеңдерін көретін, жаңбырдың, бұршақтың түзілген тұсын анықтайтын метеорологиялық радиолокатор болғанда... Әрине, мұндай бұлт қатты желден түзіледі. Бұл құрал бұлттың жылжу бағытын да көрсетер еді. Сонда ғана біз мұндай желдің болатынын кем дегенде үш сағат бұрын болжай алған болар едік» деген пікір білдірді.
Бұл – маманның жанайқайы да болуы мүмкін. Ал «Қазгидрометтің» ресми сайтында ескі құралдар туралы ештеңе айтылмағанымен, «қатты дауыл жайлы уақтылы әрі жылдам хабар береміз» деп жазылған
Ал синоптиктердің басында проблема жеткілікті: олар заманауи құралдың қаттығынан ғана емес, сондай-ақ мамандардың жетіспеуінен, табиғат құбылыстарын өте күмәнді теориялардың көмегімен түсіндіретін адамдардың көбеюінен де зардап шегіп жатыр.
ЕСКЕРТУДІҢ ОРНЫНА ТҮСІНДІРУ
Маусымның 29-ында Ақмола облысында үлкен бұршақ жауып, егістік бүлініп, аң-құс қырылды, көлік терезелері тұрмақ үйлердің шатырлары тесіліп қалды. КТК телеарнасының хабарлауынша, бұршақ кесірінен сегіз кісі жапа шегіп, біреуі миы шайқалып, ауруханаға түскен.
Әсіресе Астана–Петропавл жолымен кетіп бара жатқан көліктерге көп шығын келді, баданадай бұршақтар олардың терезелерін сындырып, шанақтарын майыстырып жіберген.
Шілденің 3-інде Ақтөбеде де табиғат кәріне мінді. Жергілікті «Эврика» газеті қатты дауыл мен нөсер жауын кезінде екі құрылыс краны құлап, тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірнеше балконын қиратып кеткенін жазды. Адам шығыны жоқ, басқа оқиғалар туралы ақпарат болған жоқ.
Ал интернетте көліктерге зақым келгені, қаланы сәндеген көрнекі заттардың көлік жолына құлағаны жайлы материалдар шықты. Ақтөбеде қатты дауылдың болатыны туралы алдын ала ескерту жасалған жоқ.
«Қазгидрометтің» Ақтөбе облыстық бөлімшесі метеостансаның жылдамдығы секундына 18 метр болатын желді ғана байқағанын, ал дауыл тұру үшін жел жылдамдығы секундына 30 метрден асуы керегін айтты. Кейіннен интернетте Ақтөбедегі құрылыстардың бірінде кранның машинисі түсірген видео пайда болды. Кабинадағы желдің жылдамдығын көрсететін құрал алдымен секундына 20 метрді көрсетсе, артынша стрелка ең жоғары көрсеткіш секундына 50 метрге дейін жетіп, қатып қалған.
«Эврика» газетіне берген түсініктемесінде синоптиктер: «Қауіп туралы хабарлама жіберіп, ескерту жасау мүмкін болмады, себебі бұл – болжап білу қиын құбылыс, әрі аптап ыстықта мұндай жағдайлар болып тұрады. Ал күннің ыситыны туралы ақтөбеліктерге алдын ала ескерту жасалды» деп ақталған.
Шілденің 11-інде Батыс Қазақстан облысында, Орал қаласынан солтүстікке қарай 20 километр жерде бұршақ жауды. Синоптиктер мұны «Қазақпарат» агенттігіне: «Бұршақ (жергілікті уақыт бойынша 17-18 аралығында) бір сағат бойы жауғандықтан жердегі бұршақтың биіктігі 9-10 сантиметрге дейін жеткен, сондықтан ол жауған қарға қатты ұқсады» деп сипаттады.
«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, 11 шілдеде сол өңірде суық және жылы ауа ағындары қақтығысып, жеке циклон қалыптасты, соның кесірінен ылғал ауа әдеттегіден жоғары биіктікке көтеріліп, суып, су буы топтасып, қою бұлт түзілген.
Мұны мамандар «Қазақпаратқа»: «Бұлт шамаман 9-10 километрге дейін биік көтеріліп, бұлттың жоғарғы жағында су тамшылары мұзға айналып, еріп үлгерместен, мұз күйінде жерге келіп түскен» деп түсіндірді.
Бұл соңғы кездері болған табиғаттың тосын құбылыстарының бір парасы ғана. Мәселен осы аптада Астанада кәдімгі торнадо болды, бірақ ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл оқиғалардың барлығына ортақ жайт – олардың болатынынан жұрт хабарсыз болды, синоптиктер мұндай құбылыстар туралы алдын ала хабар бермейді. «Қазгидомет» мамандары әдетте мұны аптап ыстықта жылы және суық ауа ағындарының көлденеңінен немесе тігінен соқтысыуынан болатын бір өңірге тән құбылыс деп сипаттайды.
БОЛЖАУДАҒЫ ҚАТЕЛІКТЕР
Бірақ мұның барлығы оқиға болып кеткен соң айтылады, жұрт мамандардың алдын ала ескертпегеніне наразылық білдіреді. Азаттық тілшісімен хат арқылы байланысқан «Қазгидромет» маманы кейде өз аттарына орынды сын айтылатынын мойындады. Мәселен, биыл көктемде кей өзендердің таситыны туралы ақпарат нақты болған жоқ. «Қазгидромет» Азаттықтың ресми сұрауына: «Шығыс Қазақстанда 20-25 м/с болатын дауыл туралы болжам болды. Бірақ заманауи метеорологиялық радардың жоқтығынан күрделі синоптикалық процесс кезінде сирек қайталанатын дауыл желдің болатынын болжау өте қиын. «Қазгидрометтің» осы ауданға арнап жасаған климаттық картасында бұл өңірде 35 м/с күшті жел болады деп жазылған» деп жауап берді.
Жетіспейтіні тек радар ғана емес. Сонымен бірге автоматты метеорологиялық, гидрологиялық стансалар жетіспейді не мүлде жоқ; гидрометеорологиялы бақылау пункттері, аэрологиялық стансалар да өте аз. Табиғаттың кей құбылыстарын бақылап отыруға мүмкіндік жетіспейді. Ал тасқынды болжауда проблема тіпті көп.
«Бұрындары Қазақстан бассейніндегі өзендерге гидрологиялық болжаммен арнайы институт айналысқан (Қазақ ұлттық гидрометеорология ғылыми-зерттеу институты), 2000-жылдары ол «Жасыл Даму» акционерлік қоғамына айналды, қазіргі уақытта бұл мекеме жылыжай газдарымен ғана айналысады, ал гидрометеорологиялық бағытқа көңіл бөлмейді» дейді «Қазгидромет».
Синоптиктер бұл мәселелерді мемлекеттік бағдарламаның көмегімен шешуді көздеп отыр. Осы бағдарлама аясында үш жыл ішінде аймақтарда 25 метеорологиялық радиолокаторлар орнатылмақ, соның арқасында атмосферадағы құбылыстарды болжау біршама жеңілдемек. Синоптиктер жағдай қазір де соншалық жаман емес дейді. Олардың есептеуінше, болжаудың дәлдігі 95 пайыз шамасында, ал бұл – Финляндияның деңгейіндегі көрсеткіш. Ең бастысы – жұмыс істейтін адам табылғаны. Ал саладағы адам ресурстарына байланысты болжам көңіл көншітпейді. «Қазақстанның оқу орындары мамандарды жеткілікті дайындағанымен, жалақы аз болғандықтан, бізге келіп жұмыс істейтіндер аз. Филиалдағы инженер-гидологтың жалақысы – 57 мың теңге, бақылаушылардың айлығы – 35 мың теңге» дейді «Қазгидромет».
Ауа райы болжамдарының сапасы жақсарады деген үміт басым болғанымен, биыл көктемде олардың атына ішкі істер министрлігі көп сын айтты. «Қазгидромет» кей аудандарда жауған қар көлеміне, ауаның температурасына байланысты есептеулерде қателік кеткенін мойындады. Тасқынға байланысты болжамдар дер кезінде жасалған жоқ» деді сәуір айында ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.
«Мұны мойындаймыз, бірақ бар кінәні бізге артып қою жарамас» дейді «Қазгидромет». «Мәселен, нөсер жауын жауып, кей аудандарға су жайылды. Бұл – «Қазгидрометтің» кінәсі емес, бұл арық жүйесінің, суды ағызу жүйесінің кемшілігі. Шатырды жел ұшырып кетсе, онда «Бұл құрылыс осы ауданның құрылыс нормаларына сай тұрғызылған ба? Құрылыс технологиясы сақталған ба?» деген сұрақ туады» дейді мекеме өкілі.
Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы экологиялық қозғалыстың бейресми басшысы Мэлс Елеусізов синоптиктерді сынай берудің орынсыз екенін айтты. Оның айтуынша, метеорологтарды сынағанша оларға құрал-жабдықпен және қаржылай көмек көрсету қажет. Ал ғаламдық деңгейде жылдам өзгеріп жатқан климатты толық болжау өте қиын.
– Нақты мәлімет беретін құралдар берілуі керек, ғарыштан да ақпарат келіп тұруы керек, ауа райын зерттеу үшін түрлі ұшақтар ұшуы керек. Бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Біз тіпті кезінде гидропосттардың жартысын қысқартып тастадық. Егер нақты болжам жасалғанын қаласақ, бұл салаға қаржы салуымыз керек, – деді Мэлс Елеусізов.
«ЕРКЕК» ЖӘНЕ «ӘЙЕЛ» БҰЛТТАР
Қазақстан синоптиктері жаңа құрал сұрап отырғанда ауа райын болжау саласында тағы бір «тосын» құбылыс болды. «Өркен медиа» телеарнасы шілденің 18-інде балқаштық Азамат Байтасовтың жаңбырдың пайда болуы туралы жаңа теорияны шығарғанын хабарлады. «Ол бұлттардың ер және әйел жынысты болып бөлінетінін дәлелдеді. Олардың қосылуынан жауын жауады. Осы зерттеуі үшін Азамат Байтасов 26 жасында профессор атағын алды. Оның «қос жынысты» бұлт теориясын Батыс ғалымдары мойындады, ал Қазақстанда ол әлеуметтік ғылымдар профессоры атанды» деп хабарлады телеарна.
«Қазгидрометтің» метеорологиялық бақылау басқармасының басшысы Нонна Лоенко бұл хабар жайлы естігенін, бірақ Азамат Байтасовтың қос жынысты бұлт туралы «ғылыми еңбегімен» таныспағанын айтты.
Бұлттардың жыныстық белгілерін анықтаудың қалай жүргізілетінін тіпті елестете алмаймын.
– Оның теориясымен таныс емеспін. Бұлттардың жыныстық белгілерін анықтаудың қалай жүргізілетінін тіпті елестете алмаймын. Оның зерттеуімен танысып, қорытындыларын оқып көру керек: бір-екі сөзбен сипаттау бір бөлек те, жұмыстың өзімен танысу – мүлде бөлек нәрсе. Бәлкім, шынымен назар аударуға тұратын шығар, – деп күлді Нонна Лоенко.
«Жыныс» («род») сөздері орыс тіліне аударғанда дұрыс қолданылмаған болуы да мүмкін дейді Лоенко. Оның айтуынша, метеорология қызметінде «род» сөзі қолданылады, бірақ ол бұлттар арасындағы жыныстық қарым-қатынасты сипаттау үшін емес, тек ұғымдардың арасын қисындық тұрғыдан бөлу үшін пайдаланылады.
Ал Мэлс Елеусізовтің айтуынша, Азамат Байтасовтың «зерттеуі» автордың білім деңгейінің төмендігін айғақтаса керек. «Бірақ алдымен оның жұмысымен танысып алған соң ғылыми негізделген пікір айтуға болады» дейді ол.
Азамат Байтасовтың өзі «сөзін жұрттың дұрыс түсінбегенін, «қос жынысты бұлттар» туралы сөзі – тек теория ғана екенін» айтты, бірақ ол бұл идеядан толық бас тартқан да жоқ.