Accessibility links

Полиция азаптағаны үшін Герасимовқа өтемақы төлейтін болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қостанай облыстық сотының апелляциялық алқасы полицейлердің азаптауынан зардап шеккен Александр Герасимовқа өтемақы төлеу туралы шешімді күшінде қалдырды.

2007 жылы Қостанай қаласының тұрғыны Александр Герасимов баласын іздеп, жергілікті полицияға барған кезде ұлы «қылмысқа қатысы бар» деген күдікпен аз уақыт қамауда отырған. Герасимов «полиция өзімді де қамауға алып, азаптайды» деп мүлде ойламаған. Көп ұзамай Герасимов пен баласын ешқандай айып тақпастан үйіне босатады. Бірақ бас сүйегі мен бүйрегі қатты зақымданған Герасимов ауруханаға түседі.

Полиция азаптауына ұшыраған Александр Герасимовтың жергілікті соттардан әділдік іздеп, БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне шағымданғанына талай жыл өтті. Ақыры, 2013 жылы қаңтардың 23-і күні Қостанай облыстық сотының аппеляциялық алқасы алдыңғы соттың «полиция моральдық зиянның өтемақысы ретінде Александр Герасимовқа 2 миллион теңге (13 мың долларға жуық) төлеуі тиіс» деген шешімін күшінде қалдырды.

Александр Герасимов Азаттық тілшісіне сот шешіміне қатысты қос қуанышты бастан кешкенін айтты.

– Әрине, соттың бұл шешіміне қуанып тұрмын. Бірақ судья шешімді жариялаған кезде әкемнің «әділдікті ақырына дейін ізде» деген өсиеті есіме түсіп кетті. Ауруханада жатқан кезімде палатаға алғаш келген әкем түрімді көріп, ештеңе деместен қайта шығып кетті. Сөйтсем, бірден полицияға барып арыз жазыпты. Ауруханадан шыққан кезде маған әлгі өсиетті айтты. Оның өсиетін орындағаныма қуаныштымын, – дейді ол.

Герасимов «судья сот қаулысын оқып жатқанда жеңілдеп қалғанын» айтады.

– Үстімнен ауыр жүк түскендей болды. Осы уақыт бойы үнемі алаңдап жүрдім. Егер сот басқа шешім қабылдағанда, халықаралық органдарға қайта жүгініп, ақырына дейін күресер едім, – дейді Александр Герасимов.

БҰҰ КОМИТЕТІ АРАЛАСҚАН СОҢ ШЕШІЛГЕН ДАУ

2012 жылдың мамыр айында БҰҰ комитеті Қазақстан үкіметін Александр Герасимовтың шағымын тиісті дәрежеде тексеріп, тартқан азабы үшін өтемақы төлеуді міндеттеген.

2013 жылдың қарашасында Қостанай қалалық соты Қостанай облыстық ішкі істер
Александр Герасимов жарақатын көрсетіп тұр.
Александр Герасимов жарақатын көрсетіп тұр.
департаментін (ІІД) келтірген моральдық зиянның өттемақысы ретінде Александр Герасимовқа 2 миллион теңге (13 мың доллар) төлеуді міндеттеді.

Бірақ Қостанайдағы ІІД «жауапкер ІІД емес, ал қалалық соттың судьясы ББҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің шешіміне сүйенуге құқығы болмаған» деген уәжбен сот шешіміне қарсы шағымданды. ІІД «Герасимовты азаптаған полицейлер қызметтен баяғыда қуылған, өтемақыны өндіретін ешкім жоқ» деген сылтауратуға тырысты.

Бүгінгі сот қарсаңында Александр Герасимов пен оның өкілдері «апелляциялық сотта жеңіліп қалуымыз да мүмкін» деп қауіптенген. Олар тіпті кассациялық шағым да әзірлеп қойған. Бірақ бүгін аппеляциялық сот Александр Герасимовтың пайдасына шешім шығарған.

– Процеске үшінші тарап ретінде қатысқан қаржы министрлігінің өкілі күтпеген жерден бізді қолдады. Ол ІІД шағымын қанағаттандыруға қарсы шығып, апелляциялық алқадан Қостанай қалалық сотының «моральдық зиян келтіргені үшін Қостанай облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) Александр Герасимовқа өтемақы төлеуі тиіс» деген шешімін күшінде қалдыруды сұрады, – дейді Қазақстандағы адам құқықтары бюросы Қостанай облыстық филиалының жетекшісі әрі Александр Герасимовтың соттағы өкілі Анастасия Миллер.

Апелляциялық алқа судьясы Гүлманат Артықбаеваның «ІІД шағымы қанағаттандырылмасын» деген қаулысынан кейін енді алдыңғы соттың Александр Герасимовқа өтемақы төлеу туралы шешімі заңды күшіне енуі тиіс.

СОТ ШЕШІМІНІҢ КҮШІ

Александр Герасимов пен оның өкілдері апелляциялық сот шешіміне риза болғанымен, «қуануға әлі ерте» дейді. Құқық қорғаушы Анастасия Миллер «Әдетте сот шешімін орындаушылар қарапайым жандарға, (мысалы,
Қазақстандағы адам құқықтары бюросы Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 26 маусым 2013 жыл.
Қазақстандағы адам құқықтары бюросы Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 26 маусым 2013 жыл.
баспанасынан шығарғанда) кезде қарсы ғана батыл әрекет етеді. Ал мемлекеттік органнан өтемақы өндіру туралы сот шешімін орындауға келгенде сағыздай созып жүріп алады» дейді.

– Бірақ мұнда жағдай басқа. Өтемақы өндіруден тәжірибеміз бар. 2010 жылы Құсмұрын түрмесінде азаптаудан қаза тапқан тұтқын Қанат Мұхамбетқалиевтің туыстарына келтірілген моральдық зиянның өтемақысын өндіртіп бергенбіз. Егер жауапкер өтемақыны төлегісі келмей, бұлталақтайтын болса, заң жүзінде тиісті санкция қарастырылған. Өтемақыны төлеуді созса, жауапкердің өзі сорлайды, – дейді Анастасия Миллер.

Александр Герасимовтың адвокаты Снежанна Кимнің айтуынша, сот шешімін орындау барысын мықтап қадағалау қажет. Анастасия Миллер сияқты ол да «ІІД аппеляциялық соттың шешіміне қарсы енді кассациялық сотқа шағымдануы мүмкін, сондықтан қарсы уәждер дайындауға кірісу қажет» дейді.

Азаттық тілшісі Қостанай облысы ІІД өкілдерімен хабарласа алмады.

Құқық қорғаушылар Герасимовтың ісін «сирек кездесетін іс» деп атайды. Прокуратура Герасимовтың азаптау туралы шағымын қараудан көпке дейін бас тартып келді. Қазақстанның адам құқықтары бюросы заңгерлерінің Герасимовтың ісіне байланысты БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жолдаған арызы – БҰҰ комитетіне Қазақстаннан түскен тұңғыш шағым.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына 1998 жылы қол қойған Қазақстан азаптауға қарсы халықаралық заңдарды мойындап, БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті шешімдерін орындауы тиіс.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG