Accessibility links

БҰҰ азаптау деп таныған іс жабылды


Расим Байрамов адвокаты Снежанна Ким (сол жақта) және құқық қорғаушы Анастасия Миллермен бірге тұр. Қостанай, 12 ақпан 2015 жыл.
Расим Байрамов адвокаты Снежанна Ким (сол жақта) және құқық қорғаушы Анастасия Миллермен бірге тұр. Қостанай, 12 ақпан 2015 жыл.

БҰҰ комитеті азаптау деп таныған істен Қостанай прокуратурасы қылмыс таппады. Құқық қорғаушылар түрмеден шыққаннан кейін 33 жасында қайтыс болған Расим Байрамовтың азаптауға ұшырағанын айтады.

Осы аптада Қостанай облыстық прокуратурасы «полицейлер Рудный қаласы тұрғыны Расим Байрамовты азаптамаған» деп мәлімдеді.

Байрамовтың тағдыры жайлы Астанадағы билік қана емес, БҰҰ-ның адам құқығы комитеті де біледі. Құқық қорғаушылар мен БҰҰ комитетінің «Байрамов полиция бөлімшесінде азаптауға ұшыраған» деген мәлімдемесін билік жоққа шығарады. Қостанай облысы прокуратурасына қарасты арнайы прокурорлар басқармасы бастығы Степан Жук «БҰҰ кеңесі бойынша жүргізілген қосымша тексеру кезінде айғақтар табылмады әрі азаптау дәлелдері анықталмады, полиция қызметкрелерінің кінәсі дәленденбеді» деп мәлімдейді.

2008 жылдың маусымында сот Расим Байрамов пен тағы бір сотталушыны Рудный қаласындағы «Даша» дүкенін тонады деп танып, бес жылға соттап, мүлкін тәркілеген. Байрамов үш жылдан аса түрмеде отырып, мерзімінен бұрын шартты жазамен босаған.

Биыл ақпанда Расим Байрамов қайтыс болар алдында «полицейлер азаптаған соң жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүр болдым» деп мәлімдеген. Кезінде оның анасы Наталья Байрамова Азаттыққа «дәлізде баламның шашынан сүйреген; басынан, бүйрегінен ұрып, тепкілеген; ұйықтатпаған» деген еді.

Бірақ Қостанай облыстық прокуратурасының болжамы өзгеше. «Наша газета» басылымы Қостанай облысы прокуратурасына қарасты арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Степан Жуктың: «Сотталғандар жасалған қылмысқа қатысы жоғын көрсетіп әрі полиция қызметкерлерінің тергеу амалдары мен тергеу әрекеттері кезінде қысымымен қылмысты мойындадық деп мәлімдеген талап-арыз берген. Сотталғандар «бізді заңсыз ұстап әкетті, қылмыстық істі қолдан жасады, ұрып-соқты, газтұтқымен тұншықтырып, азаптады» деп мәлімдеген. Сот бұл мәлімдемелерді мұқият тексерді. Тексеру нәтижесінде олардың мәлімдемелері расталмады, бұл соттың айыптау үкімінде көрсетілген» деген сөздерін келтірген.

Расим Байрамов биыл ақпанда 33 жасында қайтыс болды.
Расим Байрамов биыл ақпанда 33 жасында қайтыс болды.

Расим Байрамов биыл ақпанда 33 жасында қайтыс болды. Түрмеде денсаулығына ауыр зардаптар келген. Ол өзге сырқаттарына қоса, туберкулезбен де ауырған. Адвокат Снежанна Кимнің Азаттықа айтуынша, Расим Байрамов «түрмеде отырғанда шалдыққан» ауыр дерттің зардабынан көз жұмған.

2014 жылдың желтоқсанында Қостанай қалалық соты полиция азаптауына ұшыраған әрі жазықсыз сотталған Расим Байрамовтың талап-арызын жартылай қанағаттандыру және өтемақы ретінде 100 мың теңге (сол кездегі бағам бойынша 320 доллар) төлеу туралы шешім шығарған. Ал сол жылдың мамыр айында БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті сот кезінде «қылмысын азаптау арқылы мойындатқан түсініктер» Расим Байрамовқа қарсы пайдаланылған, сондықтан оның моральдық зиян үшін өтемақы мен оңалту шараларын талап етуге құқығы бар деп тапқан.

Марқұмның туысы Лиана Байрамова Азаттыққа «шешем екеуміз прокуратураның әлгі мәлімдемесінен әлі ес жия алмай отырмыз» дейді.

– БҰҰ бізден тіпті оның психикалық жағдайына қатысты сараптама ұйғарымын да талап еткен, содан кейін ғана азаптауға ұшырап, сотталған деген шешім шығарды. Ал енді олар әлгі милиционерлерді БҰҰ үкімі негізінде соттай алмай отыр, ал менің бауырымды әлдекімнің нұсқауымен соттай салған болып шағады, – дейді Лиана Байрамова.

Оның айтуынша, бауыры Расимды колониядан денсаулық жағдайына байланысты босатқан, «оған дейін түрменің медициналық бөлімінде дене қызуы түспей жатып қалған, әрең құтқарған». Лиана Байрамова прокуратураның мәлімдемесін «құр сөз, істі тексермеудің амалын іздеген кезекті сырғытпа жауап» деп санайды.

Адамдарды БҰҰ комитеті шешімі негізінде ғана соттау – конституцияға қайшы әрі бұған жол беруге болмайды.
Қостанай облысы прокуратурасы.

Қостанай облысы прокуратурасы БҰҰ комитетінің ұсыныстық сипаттағы шешімін мойындамай, «ешқандай азаптау» болған жоқ деген позиция ұстанған. Қостанай облысы прокуратурасының пікірінше, «адамдарды БҰҰ комитеті шешімі негізінде ғана соттау – конституцияға қайшы әрі бұған жол беруге болмайды».

«Наша газета» басылымы Қостанай облысы прокуратурасына қарасты арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Степан Жуктың «Байрамов азаптауға 2008 жылы ұшыраған болса, 2014 жылы түрмеден шыққан соң БҰҰ-ға жүгінген. Комитет оны Байрамовтың мәлімдемелері негізінде азаптау құрбаны деп таныған. Бірақ оның азаптауға ұшырағанын растайтын медициналық дәлелдер жоқ екенін комитеттің өзі де мойындайды. Сондықтан әлгі шешім прецеденттік құқық принципіне негізделіп шығарылған деген байлам жасауға болады. Біз БҰҰ шешімін құрметтейміз, сондықтан қылмыстық іс қозғап, жапа шегушінің, оның қорғаушыларының дәйектерін, айыптаушы тараптың дәлелдерін, 2008 жылы толтырылған құжаттардың бәрін мұқият тексеріп шықтық. Біз ешқандай азаптау дәлелдерін таппадық. Ешқандай дене жарақатын, психикалық ауытқу белгілерін таппадық» деген сөздерін келтірген.

Ол тіпті түрмеден босаған соң да жағдайының нашарлығына қарамастан, әлгі тергеу, түсінік беру, беттестіру сияқты процедуралардың бәріне қалмай барып жүрді.
Лиана Байрамова.

Лиана Байрамова бұл мәлімдемемен келіспейді. Оның пікірінше, мұндай негіздер өте көп.

– Ол тіпті түрмеден босаған соң да әлгі тергеу, түсінік беру, беттестіру сияқты процедуралардың бәріне жағдайының нашарлығына қарамастан қалмай барып жүрді, – дейді Лиана Байрамова.

Расим Байрамовтың құқығын қорғауына қостанайлық құқық қорғаушылар Анастасия Миллер мен Снежанна Ким көмектескен. Анастасия Миллердің айтуынша, Байрамов болжамды азаптауға қатысты шағымын колонияда отырған кезде берген, бірақ оны қорқытып, арызынан бас тартуға мәжбүр еткен. Бұған қоса, оның «Наша газета» басылымына айтқан сөзінше, БҰҰ комитеті азаптауды танып шешім шығаруы үшін салмақты негіздер қажет әрі ондай негіздер болған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары түрмелер мен өзге қамау орындарында кең тараған тұтқындарды азаптау практикасы үшін Қазақстан билігін талай сынаған. Астананы азаптауға қатысты шағымдарды қарауды созбақтап, шағымдардың көбі сотқа жетпейтіні үшін де сынайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG