ТАС ЛАҚТЫРЫП, ОҚ АТУ ӘДЕТКЕ АЙНАЛЫП ТҰР
Жұма күні таңертең Жалал-Абад облысы орталығында президент Бакиевті жақтаушы үш мыңнан аса адам жиналды. Олар уақытша үкіметтің бүгінгі ісіне наразылық білдіріп, жерлестері Бакиевті Қырғызстанның заңды басшысы деп мәлімдеді.
Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, түс ауа облыс орталығына Қырғызстанның қазіргі уақытша үкіметін қорғаушы тағы бір топ жиналған.
– Қазір әкімшіліктің алдында уақытша үкіметті қолдаған 3 мыңнан аса адам тұр. Жағдай біршама тыныш. Бірақ жұма күні түсте екі жақ қақтығысып қалып, бір-біріне тас атты. Кейін оқ атылды. Оны кім атқандығы белгісіз. Жалал-Абад облыстық ауруханасының мәліметі бойынша 20 адам жарақаттанған. Тоғызына оқ тиіпті, 1987 жылы туған бір жігіт қаза болған. Тағы да үш адамның жағдайы тым мүшкіл, – дейді Жалал-Абадта жүрген Азаттық тілшісі Ырысбай Абдраймов.
Тілшіміздің хабарлауынша6 қазір облыстың әкімшілікті уақытша үкіметтің жақтаушылары басып алған. Бірақ таңертеңнен бері уақытша үкіметтен ешбір өкіл келмеген. Қақтығысқа қатысқан – тек бейбіт тұрғындар.
ТӘРТІПСІЗДІКТІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҰЛЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ
"Қырғызстанның оңтүстігіндегі тәртіпсіздікті биліктен қуылған президент Бакиевтің үлкен ұлы Марат Қазақстаннан қаржыландырып отыр. Ол осы іске 1 миллион АҚШ долларын бөлген". Мұны жұма күні уақытша үкіметтің шұғыл кеңесінде Қырғызстан арнайы қызметі басшысының қызметін атқарушы Кенешбек Дуйшебаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, контрреволюциялық шараның ұйымдастырушысы – президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Усен Сыдыков.
Іле-шала Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті биліктен қуылған қырғыз президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Марат Бакиевтің Алматыда екендігі жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды.Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Кенешбек Душебаевтың ақпараты шындыққа жанаспайды, Марат Бакиев пен ол айтқан басқа да азаматтар Қазақстанда емес деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров жұма күні "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне берген түсініктемесінде.
Бекназаровтың айтуынша, Қырғызстандағы толқулардың Қазақстаннан қаржыландырылуы мүмкін емес.
ЖАҢА БИЛІККЕ ҚАРСЫЛЫҚ
Мамырдың 12-сі күні Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында қазіргі биліктің қарсыластары бастаған жаппай тәртіпсіздік тағы екі облыстың орталығына жайылды.
Соңғы мәліметке қарағанда, бейсенбі күні кешкісін 100-ге тарта адам Жалал-Абад облысы әкімдігінің ғимаратына басып кіріп, бұрынғы әкім Пайзулла Рахмановты қызметіне қайта қоюды талап еткен. Әкімдік алдындағы алаңда Рахмановты қолдайтын бірнеше жүз адам жиналды. Баткен қаласынан да осындай хабарлар келіп жатыр.
Жаңа биліктің қарсыластары одан бұрын Ош облысының әкімдігі мен әуежайды басып алған болатын.
Кешке Қырғызстан уақытша үкіметінің өкілі оңтүстікке аттанды
Қырғызстан уақытша үкіметінде қорғаныс министрі қызметін атқарушы Исмаил Исаков елдің тәртіпсіздік шарпыған оңтүстік аймағына биліктің арнайы өкілі ретінде барды. Исаков келіссөз жүргізіп, Бакиевтің жақтастарын ғимаратты тастап шығуға көндірді. Қазір облыста уақытша үкімет атынан тағайындалған басшы жұмысына қайта кірісті.
Бейсенбі күні ереуілшілер Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстарының әкімшілік ғимараттарын басып алған еді.