Желтоқсанның 25-інде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келді. Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев және Сооронбай Жээнбеков арасындағы кездесу жылы шырайда өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Қырғызстанмен арадағы барлық мәселені шешуге дайын» екенін айтып, «өз басым, Қазақстан, Қырғызстан туралы бір рет болсын нашар пікір айтқан емеспіз және Қырғызстанға залал келтіретін бір де бір нәрсе жасаған жоқпыз» деген. Сооронбай Жээнбеков те Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіріп, оны «ақсақал» деп атаған.
АСТАНАДАҒЫ КЕЗДЕСУГЕ ДЕЙІН
Қазақстан мен Қырғызстан билігі арасында биыл күзде болған салқындықтан кейін саяси сарапшылар екі ел арасындағы жағдай Қырғызстанның жаңа президенті қызметке кіріскеннен кейін шешіледі деген болжаған. Минскіде биылғы 30 қарашада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы саммиті аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков бейресми жағдайда кездесіп те үлгерген. Сол кездесуден кейін олардың қатынасты жаңадан бастайтыны туралы мәлімдемесінен кейін бұл болжам шындыққа жақын көрінген. Сол кездесуде Назарбаев Жээнбековті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырған.
Артынша, Қазақстан билігімен қатынасты қалпына келтіру жолында Сооронбай Жээнбеков біртіндеп экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ықпалынан шыға бастайды деген де түрлі жорамалдар болған. Алайда Сооронбай Жээнбеков алғашқы ресми сапарын Өзбекстанға арнады. «Жаңадан сайланған президент қай елге алғашқы ресми сапармен барса, сол елді маңызды стратегиялық серіктес санайтыны туралы» жазылмаған дипломатиялық заңдылықтарға орай саяси сарапшылар бұдан кейін Қырғызстан сыртқы саясатта Қазақстаннан гөрі Өзбекстанға басымдық бере бастады деген ой түйген еді.
«АТАМБАЕВТЫҢ ЫҚПАЛЫ»
Азаттық тілшісі сөйлескен Қазақстан мен Қырғызстанның саяси сарапшылары Сооронбай Жээнбеков әзірге Алмазбек Атамбаевтан қалған команда мүшелерімен жұмыс істеп жүр дейді. Қырғызстандық сарапшы Орозбек Молдалиев Сооронбай Жээнбеков «әзірге ықпалды қызметтерде кадрлық өзгерістер жасаған жоқ. Соған қарағанда «Атамбаевтың жолымен жүремін» деген сөзін орындап отырған болар» деп болжайды.
Сарапшылардың сөзінше Қырғызстан парламентінде көпшілік орынды алып отырған Социал-демократиялық партия (СДП) партия 2018 жылы қаңтарда өтетін сайлауында Алмазбек Атамбаевты төраға етіп сайласа, онда Жээнбековтің Атамбаев ықпалынан шығу мерзімі ұзай беруі де мүмкін. Қырғыз сарапшыларының болжамынша «СДП өз сайлауын өткізген соң парламентті таратып, қайта сайлау өткізуге күш салуы мүмкін».
- Қазір де парламентте көпшілік орынға ие болып отырғанымен СДП-ға қарсы партиялар да парламентте отыр. Егер қайта сайлау өткізілсе, Алмазбек Атамбаев бастаған партия өзіне сателлит партиялармен ғана парламентке өтуге тырысады. Ал парламент үкіметті тағайындайды. Сол арқылы Алмазбек Атамбаевтың ықпалы қайта күшейеді, - дейді Марс Сариев.
Бұл нұсқаны да жоққа шығармайтын қазақстандық сарапшы Толғанай Үмбетәлиева Алмазбек Атамбаев қалай болғанда Қазақстанмен қатынасқа қарсы тұра алмайды деп санайды. Оның сөзінше Қырғызстан сыртқы саясатында президентттің рөлі күшті, сондықтан Сооронбай Жээнбековтің жанында жүрген Атамбаевтан қалған кадрлар оған қарсы шықпайды. Өйткені бәрі де Қазақстанмен қарым-қатынасқа мүдделі адамдар.
«ӨЗБЕКСТАН ЖЕТЕКШІЛІККЕ ҰМТЫЛАДЫ»
Азаттықпен сөйлескен сарапшылардың пікірінше Сооронбай Жээнбековтің алғашқы ресми сапарын Өзбекстанға арнауы да Қазақстан билігі мен Қырғызстан билігі арасында биыл күзде пайда болған салқындық лебі болуы мүмкін.
Дегенмен саяси сарапшы, бұрынғы дипломат Орозбек Молдалиев басқа да қырына назар аудару керек деп санайды. Оның сөзінше Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасындағы даулы жерлердің мәселесі шешілуге жақындағаны Қырғызстан президентінің Өзбекстанға сапарын жеделдете түскенге ұқсайды.
- Шекарадағы даулы аумақтар - көптен келе жатқан күрделі мәселе. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев бұл мәселені шешуге ықылас танытқаны және нақты істер басталғаны белгілі. Атамбаевтың тұсында аяқталмай қалған мәселелер Жээнбеков қызметке кіріскенде даяр болды. Екіншіден, Назарбаев ресми сапармен шақырғанымен елшіліктер талқыланатын құжаттарды даярлап үлгерген жоқ. Сондықтан Жээнбековтің алғашқы ресми сапары Өзбекстанға стратегиялық басымдық берді дегенді білдіре қоймайды, - дейді ол.
Марс Сариевтің айтуынша Өзбекстанның Орталық Азияда жетекшілікке ұмтыла бастауы Қырғызстан тарапынан елеусіз қалмаған.
- Әрине, Жээнбековтің алғашқы сапармен Өзбекстанға барғанын Қазақстан ескереді. Орталық Азиядағы жетекші ел рөлін меншіктеп келген Қазақстан соңғы кездері біртіндеп ол орыннан айырыла бастады. Қазақстанның интеллектуалдық элитасы Өзбекстан билігіне қарағанда кәсіби жағынан әбжіл еместей көрінеді. Өзбекстан аймақтағы интеграцияға қарқынды кірісіп жатыр. Ал Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына өтіп, Сирия жанжалына бітімгерлік сияқты амбициямен жүріп, Қырғызстанмен тактикасын өзгертіп алды. Қазақстанның шекарадағы бақылауды күшейтуі Қырғызстанға қатты тиді. Қазақстан билігі бұл ретте икемдірек көрінуі керек еді, - дейді ол Азаттыққа.
Азаттықтың қазақ-қырғыз дауы туралы мақалаларының толық тізімі
Марс Сариевтің сөзінше, «Қазақстан мен Қырғызстан билігі арасындағы салқындық аяқталды дегенмен оның әсері бірден тарқамайды. Тәжірибелі саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековпен кездесуде жылы қабақ танытуы, екі ел арасындағы қатынасты жақсартуға күш салатыны жайлы айтуы мүмкін, бірақ қалай болғанда Қырғызстанның Өзбекстанмен қатынасының қарқынындай болмайды».
ҚАЗАҚСТАН ЖЕТЕКШІЛІКПЕН БӨЛІСУГЕ ДАЙЫН БА?
Қазақстандық сарапшы Толғанай Үмбетәлиева қырғызстандық әріптестерінің кей пікіріне келіспейді. Оның айтуынша «Қазақстан Сооронбай Жээнбековтің алғашқы сапарын Өзбекстаннан бастағанына айтарлықтай маңыз бермейді. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз билігіндегі ахуалды біледі, алғашқы сапарды Өзбекстанға арнауда экс-президент Атамбаевтың ықпалы болуы мүмкін екендігіне түсіністікпен қарайды. Оның үстіне Қырғызстанның Өзбекстанмен қатынасы ұзақ жыл күрделі болғанын да ескеру керек».
Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша Қазақстан Өзбекстанның Орталық Азиядағы белсенділігінің күшейгенін қолдайды және өзінің Орталық Азиядағы жетекшілік рөлімен бөлісуге де қарсы емес.
- Орталық Азияда жетекші болу - белгілі бір деңгейде қаржы және саяси жауапкершілік пен күш-жігерді талап етеді. Қазақстан оны жалғыз өзі тарта алмайды. Сондықтан серіктес ел табылғанына ренжімейді. Мұны Астананың Ташкентпен қарым-қатынасынан аңғаруға болады. Өзбекстан экономикасының дамығаны Қазақстанның дамуына да сөз жоқ әсер етеді,-дейді ол.
Жээнбековтің Астанаға сапары
Толғанай Үмбетәлиеваның сөзінше, Минскідегі кездесу кезінде белгілі бір келісімге келген Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екі ел қарым-қатынасын жақсартуға осы жолы нақты қадам жасауына болады.
Биыл қазан айында Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кандидаттардың кейбірі мен Қазақстан билігінің атына сын айтқан. Оған дейін, қыркүйек айының ортасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті сайлауына түсіп жатқан кандидат Омурбек Бабановпен кездескен еді.
Ресми Бішкек мұны «Қазақстан жағының Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысуы» деп бағалаған. 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Шекарадағы мәселе Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбеков қызметіне кірісіп, 30 қарашада Минскіде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеннен кейін ғана шешіліп, шекарадағы бақылау бұрынғы қалпына түскен.