Желтоқсанның 30-ы күні Қызылорда қаласындағы үйлері апатта жағдайда деп танылған 60 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында үй алған бұл адамдардың арасында Азаттық ахуалын бұған дейін әлденеше рет жазған 9 балалы ана Шолпан Сайымова да бар.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолынан пәтер кілтін алған Шолпан Сайымова кәмелетке толмаған алты баласын ертіп, жаңа пәтерін аралап көрді. Қуаныштан қатты толқыған ол өзіне қиын кезде көмектескен азаматтарға, мұң-мұқтажын жариялаған ақпарат құралдары мен билікке алғыс айтты.
– Қиын-қыстау кезде қол ұшын созған халыққа рақмет. Алла разы болсын, бала-шағаларының рахатын көрсін, – дейді Шолпан Сайымова.
ВИДЕО: Қызылордадағы 9 балалы ана баспана алды
2010 жылдан бері апатты жағдайда деп танылған үйде 9 баласымен тұрып жатқан Шолпан Сайымова жайлы Азаттық көп жазған еді. Ол осыдан бір жыл бұрын баспанасын жөндеуге қалалық бюджеттен 625 мың теңге бөлінгенімен үйі оңалмағанын, пеші жоқ үйде қыстап жатқанын хабарлаған.
ВИДЕО: Азаттықтың 2014 жылғы 10 желтоқсандағы сюжеті
Суық тиіп сырқаттанған балаларын амалсыздан жан-жаққа жіберген ана 9 баласына берілетін 30 мың теңге жәрдемақымен ғана күнелтіп отырғанын, «балаларына нан сатып алу үшін «Алтын алқасын» ломбардқа өткізуге талпынғанын да айтқан.
ВИДЕО: Азаттықтың 2014 жылғы 11 желтоқсандағы сюжеті
Баспана мәселесі биыл да шешілмеген Шолпан Сайымова 2015 жылы желтоқсан айының бас кезінде «Нұр Отан» партиясының жергілікті басшыларын суық үйіне қонып шығуға да шақырған. Шолпан Сайымованың үйіне келген «Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Шәріп Әбдірахманов ол кісінің желтоқсан айында берілетін үйлерден пәтер алу мүмкіндігі бар екенін хабарлаған.
ВИДЕО: Азаттықтың 2015 жылғы 2 желтоқсандағы сюжеті
Азаттық материалдарынан соң Шолпан Сайымованың тұрмысы көркем туындыларға да арқау бола бастаған. Режиссер Данияр Саламат 9 балалы ананың өмірі жайлы Азаттық сюжетін көрген соң сол оқиғаның әсерімен «Сағынтайдың бірінші әйелі» атты авторлық көркем фильм түсіріп, ол фильм биыл халықаралық кинофестивальде жүлде алған.
Қызылорда билігінің дерегінше, ол қалада Шолпан Сайымова сияқты апатты үйде тұрып жатқан 192 адам болған. Олардың 60-ы бүгін баспаналы болды, қалғандары келесі жылы жаңа пәтерге көшпек. Бұл аймақта биыл 2 мыңнан астам отбасы жаңа үйге кірген.
Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты тұрғын үй коммуналды шаруашылық және жер ресурстары басқармасының жетекшісі Дәрібала Тұрышованың дерегінше, Қазақстанда 3 мыңнан астам пәтер апатты жағдайда тұр. Мұндай санатқа қосылған үйлер қайта жөнделіп немесе сүріліп, иелері пәтер кезегіне ілінеді.