Қазақстан үкіметінің ауылшаруашылығы жеріне реформа жүргізу саясатына қарсы 2016 жылғы 24 сәуірде Атырауда өткен бейбіт шеру елдің басқа аймақтарына да қозғау салған еді. Атыраудан кейін "жер мәселесі" бойынша Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен мен Орал қалаларында жергілікті белсенділердің қатысуымен ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен болатын. Аймақтардағы қарсылық акциялары туралы ақпарат негізінен әлеуметтік желілер арқылы тарады. Мамырдың 21-і күні "бүкілқазақстандық жер шеруі" өтетіні туралы хабарландыруды да жұрт әлеуметтік желіден естіп білді.
Бұл күнге Қазақстан билігі де ерекше дайындалғаны кейін белгілі болды. Алматы мен Астанада, облыс орталықтарында алаңға жиналмақ болған тұрғындарды билік өкілдері тарауға шақырып, бұйрыққа бағынбағандарды ұстады. Елдің ең ірі қаласы Алматының орталығында полиция жасағы жүздеген адамды күшпен көлікке салып әкетіп, бірнеше сағат бойы полиция бөлімдерінде ұстады. Сол күні полиция ондаған БАҚ өкілдерін де ұстаған еді. Солардың арасында Азаттық радиосының қызметкерлері де болды.
АЛАҢ МАҢЫНДАҒЫ ЖАППАЙ ҰСТАУ
21 мамыр күні таңғы сағат сегізден бастап Алматыдағы Фурманов және Желтоқсан көшелерінің Сәтпаев көшесімен қиылысын қоршауға алған полиция қызметкерлері адамдарды Республика алаңына қарай өткізбеді. Полиция басшылары мен әкімдік шенеуніктері алаңға бармақшы болған тұрғындардың тарауын талап етті. Сағат 11.00 кезінде Фурманов пен Абай көшелері қиылысында жиналған топқа келген Алматы қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Саясат Нұрбек "рұқсат етілмеген митингі заңсыз деп бағаланатынын" ескертіп, оларды өз еріктерімен тарауға шақырып тұрған еді.
Шенеунік сөзімен келіспей, билікке жер туралы өз талаптарын айта бастаған тұрғындардың бірін полицияның арнайы жасағы ұстап, көлікке күштеп отырғызбақшы болды. Оған араша түсуге ұмтылғандарды да полиция жасағы ұстай бастады. Полицияның бірнеше адамды көлікке салып алғанын көрген жұрт ол маңнан шегініп, Абай көшесінің бойымен Абылайхан көшесіне қарай беттеді. Соңынан қуып барған полиция қызметкерлері адамдарды жаппай ұстап, осы жерге келген үлкен автобустарға тиеп әкетіп жатты.
Бұл маңға автобуспен үсті-үстіне келіп жатқан полиция жасағын бейнекамераға түсіріп тұрған едім. "Ананы ұста, мынаны ұста" деп өзгелерге бұйрық беріп жүрген майор шеніндегі Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өкілі "мынаны да алып кетіңдер" деп мені нұсқағаны сол екен, полиция қызметкерлері журналист екенімді айтқан уәжімді тыңдамастан мені де көлікке күштеп отырғызды. Айтпақшы, дәл осы майордың бұйрығымен бұл оқиғадан екі апта бұрын, яғни мамырдың 7-сі күні Алматының Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінің жанына жиналғандарды сырттай камераға түсіріп тұрғанымда полиция ұстап, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына жеткізген болатын.
ПОЛИЦИЯДАҒЫ ӘНҰРАН
21 мамыр күні 12:30 шамасында полиция өкілдері орталық алаң маңынан ұсталған отызға жуық адаммен бірге мені де Алматының Алатау аудандық ішкі істер бөліміне апарды. Бұл жерге бізге дейін бір автобус адам жеткізілген екен. Ұсталғандарды ішкі істер бөлімінің кіре берісіне қойдай иіріп, жарты сағат тұрғызып қойды. Осы кезде полиция ұсталғандардың үшінші легін жеткізді.
Алматының Алатау аудандық полиция бөліміне жеткізілгендер:
Бұл топ ішкі істер бөліміне Қазақстанның әнұранын хормен айтып келді. Аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқаратын танысым "бүгін мұнда 80 адам әкелінеді деп айтылған, бірақ жеткізілгендер одан да көп болып кетті" деді.
Полициядағылар сағат 15:00 кезінде маған не себепті ұсталғанымды түсіндірместен, ішкі істер бөлімнен алып шығып, көшеден такси ұстап, жолақысын өздері төлеп, мені жұмыс орныма дейін жеткізіп салды.
2016 жылғы 21 мамырда Азаттық тілшілері куә болған көріністер:
ВИЦЕ-МИНИСТРДІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Мамырдың 21-і күні таңертең бір топ адам Алматының Алтынсарин көшесіне таяу орналасқан "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы баққа жиналған болатын. Жергілікті билік қалада бейбіт шерулер өтетін орын ретінде белгілеген осы жерден ақпарат жинауға барған әріптесім Асылхан Мамашұлын да бірнеше журналиспен бірге ұстап, Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне апарған.
- Таңертеңгі сағат 10:00 мөлшерінде "Сарыарқа" кинотеатры жанындағы саябаққа келгенімде онда жиналған он шақты адам мен полиция тұрғанын көрдім. Жиналғандардың арасында өзіме таныс "Жас алаш" газетінің журналистері де бар екен. Солармен амандасуға бара бергенімде полиция бәрімізді ұстап автобусқа отырғызды да, аудандық ішкі істер бөліміне апарып кіргізді. Сыртымыздан есікті жауып қойды. Полицияның өзі заң талаптарын орындамады. Біріншіден, кез-келген адамды ұстағанда оған не үшін ұсталғаны түсіндіріліп, сонан кейін ұсталған уақыты дәл көрсетілген хаттама толтырып, оның көшірмесі қолға берілуі керек еді. Олай болмады, біз ол жерде алты-жеті сағат отырдық. Екіншіден, сол күні мен қамалған бөлімшеге 150-ге жуық адам әкелінді. Осынша адам таңертеңнен кешке дейін еш себепсіз тікесінен тік тұрды. Не отыратын орындық жоқ, не бір жұтым су бермеді. Бұл адамды азаптаудың бір түрі еді. Ал сол күні сағат 15:00 шамасында ішкі істер министрінің орынбасары "журналистердің қамалуы – түсінбеушіліктен болған, олар бірден босатылады" деп мәлімдеді. Сол мәлімдемені бізді ұстаған аудандық бөлімшенің қызметкерлеріне көрсеткенімде, олар назарына да алған жоқ. Яғни, өз басшылығын тыңдамайтындығын аңғартты, - дейді Асылхан Мамашұлы.
Әріптесімнің айтуынша, ұсталғандар аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасарын шақырып, кейін адвокат арқылы да жолығып, тұрғындар мен журналистерді не үшін ұстағандарын түсіндіруді талап еткен. Бірақ полиция өкілі ұсталғандар мен адвокаттың сұрағына тұщымды жауап бере алмаған.
Бұл күні Астана қаласында кәсіби міндетін атқарып жүрген Азаттық тілшілері Мәди Бекмағамбет пен Ержан Әмірханов та ұсталған.
- Ержан екеуміз Бәйтерек монументі маңында бір топ адамды полицияның ұстап жатқанын көріп, түсіріп алуға бара жатқан едік. Қолына рация ұстап, өзгелерге нұсқау беріп тұрған полиция офицері бізді де көлікке салып әкетуді бұйырды. Жұмыс бабымен жүрген журналист екенімізді айтқан сөзімізді елемеді, ешбір құжат сұрамады. Автобусқа салып алып кетті. Сірә, полицейлер Бәйтерек маңына ешкімді жолатпау туралы бұйрық алған-ау деген ой келді. Және ол бұйрық БАҚ туралы заңнан да жоғары сияқты сезілді, - дейді Мәди Бекмағамбет.
21 мамырдағы жаппай ұстау туралы Азаттық фотогалереясы:
Астаналық журналистерге де полицияда не үшін ұстағаны туралы ешкім түсінік бермеген. Мәди Бекмағамбет өзінің жұмыс барысында ұсталғанын айтып кейін қалалық прокуратураға арызданған. Прократурадан журналист шағымы "полиция басқармасына жіберілгені" туралы хат қана келген.
САЙТТЫ БҰҒАТТАУ
"Жер мәселесі" бойынша бүкілқазақстандық шеру өтеді делінген 21 мамырға қараған түннен бастап Қазақстанның бірқатар аймақтарында Азаттық сайты ашылмай қалды. Интернет қолданушылары Алматы, Астана, Шымкент пен Атырауда Азаттық сайтына компьютерден де, мобильді қосымша арқылы да кіру қиындағанын хабарлап тұрды. Сол күні кей өңірлерде Азаттықтың қосымша парағы (http://azatkaz.info) да ашылмай қалғаны туралы қолданушылар хабарлады. Азаттық бұл күнгі оқиғалар туралы хабарларын Facebok, YouTube әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жариялап, таратты.
Мамырдың 21-і күні қазақстандық баспасөз құралдары ақпарат және коммуникация министрi Дәурен Абаевтың елде журналистердің ұсталып жатқанынан хабардар екені, "олардың барлығы таяу арада босатылатыны" туралы айтқан сөзін жариялады. Әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Игорь Лепеха журналистердің ұсталуын "түсінбестіктен болған" деп сипаттап, "полиция рұқсат етілмеген митингіні өткізбеуге күш салды, бірақ кейбір азаматтар митингіні өткізуге әрекеттенген" деп түсіндірді.
2016 жылғы 21 мамырда полиция бақылауында болған алаңдар:
Кейін "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы "21 мамыр күні полиция 44 журналист пен БАҚ және журналистер құқығын қорғау ұйымы өкілдерін ұстаған" деп хабарлады. Азаматтық белсенділер 21 мамыр күні республика бойынша 1083 азаматтың тұтқындалғанын мәлімдеді.
Айта кету керек, мамырдың 21-іне дейін Қазақстанның әр аймағында жалпы саны шамамен 30-ға жуық адам әкімшілік кодекстің "шеру өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша сотқа тартылып, 10 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынған. Кейін олардың екеуі - Атырауда 24 сәуірдегі бейбіт шеруге қатысқан жергілікті азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "заңсыз митинг ұйымдастырды, "алауыздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" деген айыптармен бес жылға сотталған. Олар өздеріне тағылған айыптарды "саяси астары бар" деп мойындамайды.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігінің 2016 жылғы 21 мамырда азаматтардың бейбіт жиын өткізу бостандығы мен баспасөз еркіндігін бұзатын іс-әрекеттерге барғанын сынға алды.
2016 жылғы көктемдегі шерулерден кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі "шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту, құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге жер сату" туралы даулы баптарға бес жылға мораторий жариялаған.