Accessibility links

Қазақ тіліне қатысты қателік төрт сағатта түзетілді


radiotochka.kz сайты скриншоты.
radiotochka.kz сайты скриншоты.

​Қыркүйектің 2-сі күні алматылық Radiotochka.kz сайты «Қазақстан қорғаныс министрлігі сайты орыс тіліндегі БАҚ-тардың құқығын бұзатын хабарландыру жариялады» деген мақала басты. Төрт сағаттан кейін «қорғаныс министрлігі әскери ведомство сайтынан қате тапқаны үшін Радиоточка сайтына алғыс айтады» деген хабарлама пайда болды.

Азаттық тілшісі лингвистикалық даудың шығуы мен оны шұғыл шешу себебін анықтауға тырысты. Бұл дау қорғаныс министрлігінің сайтында журналистердің сауалдарын қазақ тілінде ғана қабылдайтыны туралы хабарландыруға байланысты туған.

«ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАТЕ»

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінде жұміс істейтін майор Сәкен Оразымбетов ведомство мен «Радиоточка» сайтының арасындағы дауға қатысты комментарий беруін сұраған Азаттық тілшісіне бұл мәселеге қатысты ресми пікір «Радиоточка» сайтында шыққанын айтып, ешқандай комментарий бермейтінін мәлімдеді.

Расында да қыркүйектің 2-сі күні «Радиоточка» сайтында «Қорғаныс министрлігі әскери ведомство сайтынан қате тапқаны үшін Радиоточкаға алғыс айтады» деген хабарлама басылған.

«Радиоточка» сайты қорғаныс министрлігінің «www.radiotochka.kz сайты редакциясы анықтаған ақпарат – сайтты жетілдіру жұмыстары кезінде кеткен техникалық қате» деген жауабын келтірген. Ресми жауапта «қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі ақпарат құралдарының мемлекеттік тіл ғана емес, орыс және ағылшын тілінде жолдаған сауал-өтініштерін де қабылдайды» деп жазылған.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінен қате кеткенін мойындаған әрі қатені тапқан «Радиоточка» сайтына алғыс айтқан ресми хат келді.
«Радиоточка» сайты өкілі Дмитрий Беляков

«Радиоточка» сайты редакторының орынбасары Дмитрий Беляковтың айтуынша, қазақ тілінде жолданған сауалдарды ғана қабылдау туралы хабарландыруға қатысты комментарий беруді өтінген редакцияға қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі әуелі қорғаныс министрі атына ресми сауал жолдауды сұраған.

«Бірақ біздің мақала жарияланғаннан кейін көп ұзамай қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінен қате кеткенін мойындаған әрі қатені тапқан «Радиоточка» сайтына алғыс айтқан ресми хат келді» дейді Дмитрий Беляков.

«Радиоточка» сайты «техникалық қате» кеткен хабарландыру ел конституциясының «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған 7-бабына қайшы деп есептейді.

«ТИІСТІ ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАРЫЛДЫ»

Кезінде ресми іс жүргізу саласында мемлекеттік тілді ғана қолдану талабы арқылы өзіндік ерекшелігін нығайтқан немесе қайтарған Балтық елдері сияқты көп елдерде мемлекеттік тіл саяси құрал болған.

«Әділ сөз» ұйымы жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.
«Әділ сөз» ұйымы жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.

«Әділ сөз» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калееваның айтуынша, «Радиоточка» сайты мен қорғаныс министрлігі арасындағы дау лингвистикалық емес, заңдық сипатқа ие. Ол «азаматтар мен ақпарат құралдарының мемлекеттік органдарға қазақ тілі ғана емес, орыс тілінде де сауал жолдау құқығын бұзғандықтан, бұл жерде қорғаныс министрлігінің әрекеті дұрыс емес» дейді. Тамара Калеева қорғаныс министрлігі басшылығы қателігін тез түсініп, шұғыл түзеткеніне ризашылығын білдірді.

Оның бұл пікірін құптаған саясаткер Бөріхан Нұрмұхамедов «мемлекеттік органдарға қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де өтініш-сауал жолдауға болатыны заң жүзінде бекітілсе, заңның бұл талабы орындалуы тиіс» дейді.

1990 жылдардың басында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған әрі күштік ведомстволардың жұмысына бақылау жүргізген оппозициялық саясаткер Төлеген Жүкеев сайт Украинадағы дағдарыспен салыстырғанда әрі қорғаныс министрлігінде жемқорлық сияқты өзге де өзекті мәселелер толып жатқанда «түкке тұрғысыз нәрсені қозғаған» деген уәжбен «Радиоточка» мен қорғаныс министрлігі арасындағы дауға қатысты комментарий беруден бас тартты.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG