Accessibility links

Назарбаевтың сайлаудағы жеңісіне қарсы сотқа түскен арыз


Заңгер Антон Фабрый.
Заңгер Антон Фабрый.

Астаналық белсенді Антон Фабрый соңғы өткен Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауында «сайлау және сайлану құқығым бұзылды» деп санайды. Астананың Сарыарқа аудандық соты арызды қараудан бас тартқан.

Астанада тұратын 65 жастағы заңгер Антон Фабрый талап-арызында парламент пен Орталық сайлау комиссиясын (ОСК) жауапкер ретінде сотқа тартуды талап етеді. Ол «конституциялық сайлау құқығымды пайдалана алмадым» деп санайды. Кезінде парламент «Сайлау туралы» заңды қабылдаған кезде сайлау бюллетеніндегі «Бәріне қарсымын» деген графаны алып тастаған.

Заңгер болып қосымша жұмыс істейтін зейнеткер Антон Фабрый:

- Демек, дауыс беру нәтижелерін қорытқан кезде ОСК тіркеген президенттікке кандидаттардың ешқайсысын сайлағысы келмеген сайлаушының бюллетені ескерілмейді әрі сайлау нәтижелеріне ықпал ете алмайды, - дейді заңгер болып қосымша жұмыс істейтін зейнеткер Антон Фабрый.

Төрт жыл бұрын ОСК «сайлау барысын бақылайтын ЕҚЫҰ өкілдері қисынсыз графа ретінде алып тастауға кеңес берді» деген уәжбен бюлетеньнен «Бәріне қарсымын» деген графаны алып тастағанын» мәлімдеген.

ТІЛ ЖӘНЕ ДИСКРИМИНАЦИЯ

Антон Фабрый талап-арызында сәуірдің 26-сы күні өткен кезектен тыс президент сайлауындағы «тілге қатысты жасалған дискриминацияны» да көрсеткен. Оның пікірінше, Қазақстанда екі мемлекеттік тіл бар – қазақ және орыс тілі.

Сайлаудағы жеңісіне байланысты өткен митингіге келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.
Сайлаудағы жеңісіне байланысты өткен митингіге келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

- Мемлекеттік органдар мен ұйым-мекемелерде қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми қолданылады деп конституцияда тура әрі кесімді түрде жазылған. Яғни қазақ тілі сияқты орыс тілі де мемлекеттік (ресми) тіл болып саналады. «Мемлекеттік тіл» мен «ресми тіл» ұғымдары - синонимдер екеніне кез келген оқулық немесе сөздіктен де көз жеткізуге болады, - дейді Антон Фабрый.

Ол ОСК-ның лингвистикалық комиссиясына қай тілден емтихан тапсыратынын Қазақстан президенттігіне кандидаттың өзі таңдауы тиіс деп есептейді. Қазақстанда президент қызметіне кандидаттардың қазақ тілін жетік білу деңгейі тексеріледі. Антон Фабрый талап-арызында:

Тілге қатысты дискриминациялық амалға жүгіну және конституциялық норманы бұзу арқылы Қазақстан Республикасы орталық сайлау комиссиясы 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен сайлауда менің Қазақстан президенті болып сайлану құқығымды бұзды деп санаймын.
Антон Фабрый

- Тілге қатысты дискриминациялық амалға жүгіну және конституциялық норманы бұзу арқылы Қазақстан Республикасы орталық сайлау комиссиясы 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен сайлауда менің Қазақстан президенті болып сайлану құқығымды бұзды деп санаймын. Өйткені мен мемлекеттік (ресми) тілді, яғни орыс тілін жетік білемін, бірақ ОСК конституцияға қайшы әрекетке барып, мұндай тұлғаларды кандидат деп танымайды және кандидат ретінде президент сайлауына түсуге жібермейді, - деп жазған.

Ол «президент сайлауына кандидат тіркеу кезінде қойылатын дискриминациялық талаптар туралы» сайлауалды науқаны кезінде орталық сайлау комиссиясына жазғанын, әрі хаттарын парламент депутаттарына, бас прокуратураға және халықаралық демократиялық ұйымдарға да жолдағанын айтады. Бас прокуратура оның арызын ОСК-ға жолдаған. Фабрыйдың пікірінше, «тілдік қысымға байланысты» Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауын заңсыз деп тану керек.

СОТ АРЫЗДЫ ҚАБЫЛДАМАДЫ

Орталық сайлау комиссиясы Антон Фабрыйға Қазақстанда «сайланбалы қызметке үміткер азаматтарға орынды талаптар қойылады» деп жауап қайтарған. ОСК хатшысы Бақыт Мелдешовтің жазуынша, «бұл - президенттікке үміткер кандидаттардың бәріне ортақ талаптар әрі әлдебір дискриминацияға жол бермейді».

Маусымның 1-і күні Астананың Сарыарқа аудандық соты судьясы Майя Галиева Антон Фабрыйдың Қазақстан парламенті мен ОСК-ға қатысты арызын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған. Судьяның түсіндіруінше, мұндай талап-арыздарды азаматтық істер соты қарамайды әрі арыз сотқа кезектен тыс президент сайлауынан бір ай өткен соң түскен.

Судья Галиеваның ұйғарымында «Сайлауды әзірлеу және өткізу кезеңінде түскен арыздар бес күн мерзім ішінде, ал дауыс беруден кемі бес күн бұрын және дауыс беру күні түскен арыздар дереу қаралады» деп жазылған.

Заңгер Антон Фабрый (оң жақта) әріптесімен сөйлесіп тұр. Астана, 27 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Заңгер Антон Фабрый (оң жақта) әріптесімен сөйлесіп тұр. Астана, 27 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Антон Фабрый соттың бұл ұйғарымымен келіспейді. Ол арызын дауыс берілген күннің ертеңінде әрі бір ай мерзім ішінде түсіргенін айтады. Қазір ол аппеляциялық инстанцияға сот ұйғарымына қатысты шағым әзірлеп жатыр.

Тым маңызды құқық саналатын сайлау құқын бұзуға қатысты сотқа арыздануды әлдебір мерзіммен шектеуге болмайды. Оның үстіне, адамның негізгі әрі тұрақты құқығы болғандықтан, мұндай сипаттағы заң бұзушылыққа қатысты арызды кез келген уақытта беруге болады, - дейді Антон Фабрый.

Биыл сәуірдің 26-сы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен. Ресми дерекке сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,75 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен. Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауында сайлаушылардың таңдау құқығы шектелді деп санайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG