Accessibility links

Саиф Каддафиді Назарбаевпен кездестіруге принц Эндрюдің қатысы бар дейді Daily Mail


Саиф әл-Ислам Каддафи, 28 маусым 2010 жыл
Саиф әл-Ислам Каддафи, 28 маусым 2010 жыл

Соңғы бірнеше ай бойы Ливиядағы наразы халық әкесінің режиміне қарсы бас көтеріп жатқанда өзін жас диктатор ретінде танытқан Саиф Каддафидің былтыр Астанаға барған сапары туралы жаңа мәліметтер пайда болды.


Ұлыбританиялық Daily Mail («Дейли Мейл») газетінің тілшісі Кейт Довкантс ақпанның 22-сі жарияланған мақаласында полковник Муаммар Каддафидің ұлы Саиф Каддафидің әлемдік деңгейдегі танымал тұлғалармен байланысы туралы жазады.

Батыста білім алған, ағылшын тіліне судай, бірталай уақыттан бері саяси мұрагер саналып жүрген Саиф Кадаффиді батыс елдерінің көпшілігінде құшақ жая қарсы алатын.

Бірақ, халық толқуын күшпен басып-жаншудағы оның рөлі және әсіресе жақында Ливия телеарнасынан сөйлеген кезде егер әкесінің билігіне қарсы бас көтерулер тыйылмайтын болса «қанды судай ағызатыны» жайлы мәлімдемесі Саиф Кадаффидің «реформаны қолдаушы демократ» бейнесіндегі беделіне елеулі нұқсан келтірді.

ҰЛЫБРИТАНИЯЛЫҚ ЭЛИТА

«Ол Ұлыбританияда Эндрю ханзада, Ротшильдтер, сондай-ақ Питер Мендельсон сияқты өте ықпалды кісілермен дос екендігі қатты алаңдаушылық туғызады», – деп жазады журналист.

Кейт Довкантс Лондонның солтүстігіндегі миллионерлер көшесі деп аталатын Бишоп-авенюде құны 10 миллион фунт стерлинг тұратын әсем үй Саиф Каддафидің меншігі екендігін және британ элитасында оның тамыр-таныстары барын жазады.

Бұған дейін ұлыбританиялық сауда елшісі ретінде Ливияға бірнеше рет сапармен барғанында Эндрю ханзада Триполиде Саиф Каддафидің қонағы болған. Ал Саиф Лондонға келгенде Букингем сарайы мен Виндзор қамалында оны жылышыраймен қарсы алған.
Принц Эндрю ресми сапармен Черногорияда жүр. Подгорика, 6 наурыз 2009 жыл

"Ұлыбританияда Саиф әл-Ислам тек өзіне сыралғы адамдармен ғана араласты. Саиф Каддафи мен принц Эндрю екеуі Қазақстанда туылған іскер әйел Гога Ашкеназимен етене жақын дос болды. Гога Ашкенази бұдан біраз бұрын Саиф әл-Исламның Қазақстанға жасаған сапарын бейресми түрде ұйымдастыруға көмектескен. Қазақстанға жасаған сапарында Каддафидің ұлы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен және энергетика саласындағы белді тұлғалармен кездескен" деп жазады Daily Mail.

Былтырғы наурыздың 29-ы өткен кездесу туралы Қазақстан президентінің ресми вебсайтында былай деп жазылған:

"Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Каддафи Қоры» халықаралық қайырымдылық ұйымының басшысы Әл Каддафи Саиф әл-Исламды қабылдады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ливия арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға мүмкіндік беретін инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселесі талқыланды".

ОРТАҚ МҮДДЕ

2009 жылы Саиф Каддафи барон Ротшильдтің әуелі Букинхэмпширдегі резиденциясында, кейіннен Грекиядағы Корфу резиденциясында аң аулауға қатысты. Баронның ұлы Нэт Ротшильд пен Саиф – «жақын дос-жарандар» екенін жазады Кейт Довкантс. Ал алюминий өндіруден әлемде көш басында тұрған ресейлік «Русал» алпауыт кәсіпорнының басшысы Олег Дерипаска болса бұл екеуінің ортақ досы деп көрсетеді британ тілшісі.

Ротшильдтер Олег Дерипасканың кеңесшісі болған. Былтыр Ливияның инвестиция жөніндегі кеңесінің «Русалға» 300 миллион доллар салуына, бәлкім, сол достық себеп болған шығар деп жазады басылым. «Русалда» Нэт Ротшильдтің 100 миллион доллар көлемінде үлесі бар.
Саиф әл-Ислам Каддафи Ливия халқына мемлекеттік телеарнадан ескерту жасап отыр. 20 ақпан 2011 жыл

Олег Дерипаска Адриатика теңізіндегі Котор шығанағында орналасқан зәулім «Порто Монтенегро» курорттық кешені мен яхт-клубқа мол қаржы құйған. Бұл жобаның дем берушісі ретінде 83 жастағы миллиардер әрі «Баррик Голд» деп аталатын канадалық алтын өндіретін ірі концерн басшысы Питер Мунктің есімі аталады. Джейкоб пен Нэт Ротшильдтер де осы жобаның инвесторлары.

Саиф Каддафи өзінің 37 жасқа толуын «Порто Монтенегро» кешеніне жақын маңда атап өткенде, оның қонақтарының арасында әлемнің танымал бизнесмендері болды, солардың арасында Питер Мунк пен болат магнаты Лакшми Миттал да қатысты. Кейбір болжам бойынша, осы кештің дәл сол жерде өтуінің кездейсоқ еместігі, осылайша оның достары қолға алған жобаның дәрежесін арттыруды көздегені туралы жазады ұлыбританиялық газет.

САИФПЕН «ДОСТЫҚТЫҢ» КЕРМЕК ДӘМІ

Әйткенмен де Ливиядағы соңғы жағдайлардың барысы Лондон элитасының Саиф Каддафиден сырт айналуына әсер етіп жатыр.

Лондон экономика және саясаттану мектебінің басшысы Говард Дэвиес наурыздың 3-і күні өзі басшылық ететін оқу орнының болашақ саяси элита ретінде жас ливиялықтарды оқыту үшін құны 3,5 миллион долларлық келісім жасасқаны анықталғаннан кейін өз еркімен қызметтен кететінін мәлімдеді.

Бұрын Ұлыбритания үкіметінің Ливиядағы экономикалық өкілі болған Говард Дэвиес BBC («Би-би-си») ақпарат арнасына берген сұқбатында Ливияның қаржысын қабылдауға кеңес бергенінде өзінің қателескенін мойындады.
Говард Дэвиес, Лондон экономика және саясаттану мектебінің бұрынғы басшысы. 7 желтоқсан 2006 жыл

Сұхбатында ол: «Алғашында оқу орнының ақшалай сыйлықты қабылдауы дұрыс сияқты көрінген. Бірақ оны алуға кеңес бергенім қателік болды» дейді.

Кезінде Саиф Каддафидің өзі де білім алған Лондон экономика мектебінің Ливиямен қаржы байланысына қатысты қазір тәуелсіз тексеру жүргізіліп жатыр. Бұған қоса Саиф Каддафидің 2008 жылы қорғаған докторлық диссертациясының қалай жазылғандығы да анықталмақ.

Саиф Каддафидің Ливияда әкесінің билігіне қарсы жалғасып жатқан наразылыққа қатысушыларды басып-жаныштаудағы рөлі Лондон экономикалық мектебіндегі бірқатар танымал ғалымдардың беделіне де нұқсан келтіретін түрі бар. Солардың бірі профессор Дэвид Хелд бұған дейін Саиф Каддафиді «демократияны, азаматтық қоғамды қолдайтын, либералдық көзқарасы терең» адам ретінде сипаттаған еді.
XS
SM
MD
LG