Accessibility links

Шенеуніктердің әлеуметтік желілердегі белсенділігі


Кәрім Мәсімовтың премьер кезінде (оң жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен (сол жақта) түскен суреті. Астана, 4 қазан 2011 жыл.
Кәрім Мәсімовтың премьер кезінде (оң жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен (сол жақта) түскен суреті. Астана, 4 қазан 2011 жыл.
Қазақстандық шенеуніктердің көбінде әлеуметтік желіде жеке парақшалары бар. Бірақ әрбірінің интернеттегі белсенділігі мен беделі әртүрлі.

«ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАН» TWITTER-ПАРАҚТАР

Twitter әлеуметтік желісінде Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Кәрім Мәсімовтің оқырманы көп – 67 333 адам. Экс-премьер Мәсімов бір жарым жылдың ішінде 1435 твит жариялап үлгерген. Қазір оның парақшасы жаңармай тұр. Экс-премьер соңғы рет 23 қыркүйек күні «отставкаға кеткені туралы» твит жазған.
БҰҰ бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев. Женева, 11 мамыр 2011 жыл.
БҰҰ бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев. Женева, 11 мамыр 2011 жыл.

Ал БҰҰ бас хатшысының орынбасары, Қазақстан парламенті сенатының бұрынғы төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқырмандары Мәсімовтікінен азырақ (6434 жазылушы) болғанымен, жариялаған твит саны көп – 1476 жазба.

– Мәсімовтің Twitter-рінде жазылушысы көп болғанымен, шынайы жазбасы өте аз. Оның жазбаларын көмекшілері шығарып отыратыны сезіліп тұрады. Тек бірде «Байтұрсыновтың шығармаларын оқып жатырмын» деген твиті ғана шынайы шықты. Ал Тоқаевтың оқырманы Мәсімовтен қарағанда аз. Бірақ Twitter парақшасы өте белсенді. Күнде жаңарып тұрады. Халыққа керекті мәліметтер жариялап отырады, – дейді интернет пайдаланушы Дархан Айбатов.

Kazenergy қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаевтың Twitter-парақшасын 6431 адам оқиды. Бірақ оның парақшасында 18 твит қана бар.

– Құлыбаевқа қарағанда көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Twitter-де өте белсенді. 1500 твиті шығарып үлгерген. Әрі парақшасын өзі жаңартып отырады. Жаңалықтары да пайдалы. Серік Ахметов те еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі кезінен Twitter арқылы халықпен байланысқа шығып отырады. (Оның 1644 оқырманы, 1049 твиті бар – ред). Ал Мәсімов пен Құлыбаевтың Twitter-і «ұйықтап» жатыр. Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтің жазбалары да ресмиліктен аспайды, – дейді интернет қолданушы Әйгерім Нәлдібекова.

Twitter желісін жиі қолданатын сұхбаттасымыз твит-репортаж жүргізетін шенеуніктердің де бар екенін айтты.

– Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғабдолла Әбдірахмановтың ірі жиындардан тікелей репортаждар беріп отыратыны ұнайды. Ал төтенше жағдай министрі Владимир Божконың Twitter-дегі парақшасы жаңармайды. Мен президент Нұрсұлтан Назарбаевты әлеуметтік желіде күтіп жүрмін. Путин, Медведев, Обама сияқты президенттердің Twitter парақшасы бар. Ал Қазақстан президентінде жоқ, – дейді Әйгерім Нәлдібекова.

«МИНИСТРЛЕРДЕН ГӨРІ ДЕПУТАТТАР БЕЛСЕНДІ»

Дархан Айбатовтың айтуынша, Twitter-де министрлерден гөрі депутаттар өте белсенді.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов. (Сурет әлеуметтік желідегі бетінен алынды)
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов. (Сурет әлеуметтік желідегі бетінен алынды)

– Мұрат Әбеновтің әлеуметтік желідегі белсенділігін бүкіл халық біледі. Twitter (6434 жазылушы), Facebook (5 мыңнан астам адаммен дос) желілерінде оқырмандары көп. Жариялаған жазбаларында керектісі де, керексізі де бар. Тағы бір депутат Мұхтар Тінекеев Twitter-де өзін еркін ұстайды. Оқырманынан жазбасы көп. Сенат депутаты Төлеген Мұхамеджановтың Facebook парақшасында 5 мың досы және екі мыңға жуық жазылушысы бар. Жарияланымдары да салиқалы, – дейді сұқбаттасымыз.

Интернет қолданушы Балжан Мұраттың ойынша, «әлеуметтік желіде өзін жақсы қырынан көрсетіп жүрген – «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин.

– Оның Facebook парақшасы қызықты, Twitter-інде де (4132 оқырманы, 4877 твиті бар – ред) артық жазба жоқ. Мұрат Әбенов пен Қарин түрлі блогтарда да жазбалар жариялап тұрады, – дейді ол.
XS
SM
MD
LG