2011 жылдың 19 қарашасы күні адам құқығы мен бостандықтарын қорғау жөніндегі республикалық коалиция «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң мен Қазақстанның батысындағы мұнайшылар наразылығы туралы баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихатына аталған коалицияның және «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, республикалық «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім, «Деловая неделя» апталығының бас редакторы Махамбет Әуезов, оралмандар құқығын қорғау ұйымының төрағасы Артықбай Үкібаев қатысты.
«ШАШ» ПЕН «БАС»
Мәслихат өткізгендер дін туралы жаңа заңның 7-бабына (яғни мемлекеттік мекемелерде құлшылық етуге тыйым салу жөніндегі бабына) ғана қарсы екенін, ал қалғанын түгел қолдайтындарын айтты. Тек Мақсұт Нәрікбаев «бұл заңды ұсынғандар президент Нұрсұлтан Назарбаевты арандатып отыр» деген ойын айтты.
– Заң қабылданды. Ендігі мақсатымыз – заңның дұрыс орындалуын қадағалау, заңды орындау барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол бермеу, «шаш ал» десе бас алатын әрекеттердің алдын алу, – дейді ол.
Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, «шаш ал» десе бас алатындар жеткілікті.
– Құқық қорғау және білім жүйелерінің кейбір қызметкерлері «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» жаңа заң күшіне енбей жатып-ақ азаматтардың Конституциялық құқығын аяққа таптайтын әрекеттер жасап, көпшіліктің наразылығын туғызып жатыр, – деген «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы ол заңда «шаш пен бастың ара-жігі» қалай жазылғанын айтпады.
«АРБАДА АЙЫП ЖОҚ, ӨГІЗДЕ КІНӘ ЖОҚ»
Баспасөз мәслихатында Маңғыстаудағы мұнайшылар толқуы да сөз болды.
Мақсұт Нәрікбаевтың айтуына қарағанда, мұнайшылар мен мұнай компаниялары арасындағы «еңбек дауының екі жағындағы екі тараптың да талабы – дұрыс, яғни «бірін дұрыс, екіншісін бұрыс деуге болмайды». «Арбаны сындырмаған, өгізді өлтірмеген» бұл төрелікке республикалық еңбек конфедерациясының бас хатшысы Мұрат Машкенов те қосылып, «мәселе еңбек туралы заңға тіреліп тұрғанын» айтты.
– Еңбек туралы заңды өзгертіп, екі жақты да міндеттейтін бап енгізбей, еңбек даулары таусылмайды, – дейді ол.
«ТИМУР ЖӘНЕ ОРАЛМАНДАР »
Азаттық радиосының тілшісі осы баспасөз мәслихаты кезінде Оралмандар одағының төрағасы Артықбай Үкібаевтан Жаңаөзендегі мұнайшылар толқуына орайы оралмандарды айыптай сөйлеген «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Тимур Құлыбаевтың сөзі жөнінде пікірін сұраған еді.
– Өзбекстаннан келген оралмандар – барынша еңбекқор адамдар. Олардан көлденең оғаш іс шықпайтынына кепілдік беремін. Тимур Құлыбаевтың ол сөзі дұрыс емес, – деді Артықбай Үкібаев.
Азаттық тілшісі осы сұрақты Мақсұт Нәрікбаевқа да қойды.
Осыдан бірер ай бұрын ресейлік «Коммерсантъ» газетіне берген сұқбатында Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Тимур Құлыбаев Қазақстан президентіне мұрагер бола алады» дегені мәлім. Сол сөзге орай Мақсұт Нәрікбаев «Тимурдың жалғыз-ақ кемшілігі бар. Ол – Қазақстан президентінің күйеу баласы екендігі» деп, алғашқылардың бірі болып келешек «кандидатты» қолдай кеткен еді.
– Менің түсінуімше, Тимур оралмандарды емес, оралмандарды бір жерге шамадан тыс шоғырландырып отырған көші-қон саясатын сынға алды, – деп жауап берді Мақсұт Нәрікбаев «Қазақстанның «болашақ президенті болуы мүмкін» адамның оралмандарды айыптағаны қалай» деген сауалға.