Маусымның 27-сі күні таңғы сағат 10-да Ақтау қаласындағы облыс әкімдігіне Маңғыстаудың Бейнеу ауданы мен Шетпе, Жетібай, Жаңаөзен елді мекендерінен келген «Қаражанбасмұнай» компаниясының бұрынғы 15 мұнайшысы жиналды. Араларында жүргізушілер мен операторлар бар.
«АЛТЫ ЖЫЛ ҚҰҚЫҒЫМЫЗ ТАПТАЛЫП КЕЛЕДІ»
Олар Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың өздерімен жүздесіп, арыздарын орындауын талап етті. Жиналғандар 2011 жылғы ереуілден соң «үш сағаттан астам жұмыста болмады» деген уәжбен жұмыстан шығарылған.
- 2011 жылы еңбек дауынан [жұмыстан] шыққан «Қаражанбас» мұнайшыларымыз. Алты жыл құқығымыз тапталып келеді. Соны әкімге айтуға келдік, - деді бұрынғы жүргізуші Елемес Ибрашев.
Ал бұрынғы жүргізуші Талғат Құлшаровтың сөзінше, «олар президент Назарбаевтың «мұнайшылар кінәсі жоқ, олар жұмысқа алынуы тиіс» деген сөзінің неге орындалмай отырғанын облыс әкімінен сұрауға келген».
Әкімдікке жиналған жұмысшылар «20 шақты адамның алты жыл бұрынғы ереуілде қойылған талаптың соңына дейін орындалуын әлі қузап келе жатқанын» айтады. «Содан бері олардың кейбірі зейнетке шықса, енді бірі дүниеден озған».
- Бүгін де толық жинала алмадық. Ауырып қалғандары, анасын жерлеп жатқандар бар, - дейді жұмысшылардың бірі.
2011 жылы «Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшыларының ереуілін Түпқараған ауданы соты заңсыз деп тапқан еді. Ереуілді тоқтатпаған мұнайшылар жұмыстан шығарылған. Ал ереуілшілер «заңда көрсетілген, жалақыға қосылуы тиіс 1,8 коэффициентін талап еткендерін» айтқан.
Қолдарына 2011 жылғы сол ереуілден соң жұмысшылармен кездесуге барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «мұнайшылардың кінәлі емес, олардың талабы – орынды» деген сөзі мен оның суретін ұстаған бұрынғы ереуілшілер облыс әкімімен кездесуді екі сағаттан астам уақыт күтті. Түске таман олармен облыс әкімі орынбасары Шолпан Ильмуханбетова кездесті.
«ТҮСІНДІМ, ТАЛАПТАРЫҢЫЗДЫ ӘКІМГЕ ЖЕТКІЗЕМІН»
Бұрынғы жүргізуші Талғат Құлшаровтың сөзінше, «ондаған адамның жұмыссыз қалуына «Қаражанбасмұнай» компаниясының «АрғымақТранс Сервис» еншілес мекемесінің қытайлық президентінің жұмысшылардан «заңсыз ереуілді қолдамайтындықтары» туралы қолхат талап етуі себеп болған. Қол қоюдан бас тартқандар өздерін жұмысқа қайта алуды талап еткен. Бірақ олардың өтініші әлі күнге орындалмаған».
- Бізді бұрынғы орнымызға қайта орналастырсын. Заңсыз жұмыссыз жүрген уақытымыздың өтемақысын төленсін,- дейді Талғат Құлшаров.
Талғат Құлшаровтың айтуынша, «АрғымақТранс Сервисте» жұмыс істеп жүргенде оның жалақысы әр жылдары 48-56 мың теңгеден аспаған. Тек соңғы 2011 жылы ғана айлығы өсіп 92 мың теңгеге жеткен». Ол «мекемедегі еңбек дауының өзі осы жалақы айырмашылығынан басталған» дейді. Әкім орынбасары Шолпан Ильмуханбетова кездесуде ол:
- Жұмыс болмағандықтан балаларыма 60 теңгенің балмұздағын да алып бере алмаймын. Газдың ортасында отырсақ та үйімізде газ жоқ. Бәрінің де бала-шағасы бар. Неге біз елімізде заңның сақталуына қол жеткізе алмаймыз? – деп сұрады. Оның бұл сауалына жауап берілген жоқ.
ВИДЕО: «Қаражанбасмұнай» компаниясының бұрынғы жұмысшылары талабы
Олар шенеунікке алты жыл ішінде премьер- министрге, бас прокуратураға жазған хаттары көшірмесін тапсырды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова оларды алған соң:
- Жақсы түсіндім. Талаптарыңыз түсінікті. Сіздердің талаптарыңызды облыс әкімі Алик Айдарбаевқа жеткіземін, бір шешімге келеміз -деді. Бірақ ол жұмысшылардың жауапты қашан алатындары туралы сауалына «жан жақты қарауымыз керек» деп, нақты жауап бермеді.
Мұндай сырғытпа жауапқа наразы болған бұрынғы ереулшілер өздерінің бұдан ары ондайға шыдамайтындарын айтты.
- Облыс әкіміне айтып барыңыз, егер біздің талабымызға жауап қатпаса, аштық жарияламыз. Басқа жерге рұқсат бермесе, ауламызда жатамыз, -деп мәлімдеді Талғат Құлшаров.
2011 жылы мамырдың 17-сі күні «Қаражанбасмұнай» компаниясында басталған ереуіл мамырдың 26-сы күні «Өзенмұнайгаз» компаниясында жалғасқан еді. Сот мыңдаған жұмысшы қатысқан бұл ереуілдерді заңсыз деп тапты.
Жұмысшылар «ереуілге премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қаулысымен бекітілген 1,8 коэффициентін, яғни өздеріне тиесілі заңды жалақыларын толық төлеуді сұрап шыққандарын» айтқан еді. Ереуілге қатысқандардың жұмыстан шығарылуын «Қаражанбасмұнай» компаниясы басшылығы «олардың жұмыс уақытында еңбек орнында болмауымен» түсіндірген.
Ал Human Rights Watch халықаралық ұйымы бұл ереуілдер кезіндегі компания басшылығы әрекеттерін «Компания басшылары бейбіт ереуілге шыққан жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығарған. Билік өкілдері бейбіт шеруді күшпен тоқтатуға тырысып, жетекшілеріне түрлі саяси айып таққан. Компания басшылары жұмысшыларын кәсіподақ жиындарына қатысқаны үшін тергеп, қоқан-лоқы көрсеткен. Кейде оларға полиция жәрдемдескен» деп сипаттаған еді.
Маңғыстау облысы Бозащы түбегінде мұнай өндіретін «Қаражанбасмұнай» компаниясының иелері – Қытайдың CITIC (China International Trust & Investment Corp.) Group мемлекеттік инвестициялық корпорациясы мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» компаниясы.