Маңғыстау облысында биліктен тәуелсіз кәсіподақтарын жаппауды, қайта тіркеуді талап етіп аштық жариялаған «Oil Construction Company» (OCC) мұнайшылары әуелі әкімшілік және азаматтық жазалауға тартылып, енді жұмыстарынан айырылып жатқандарын хабарлады. Қаңтардың 23-і және 24-і күндері Маңғыстау облысының Шетпе ауылы мен Қарақия және Мұнайлы ауданындарында өткен сот отырысы тағы 36 адамға қатысты істі қарады. 14 мұнайшыға митинг өткізу заңдылығын бұзғаны үшін 20 АЕК (1 айлық есептік көрсеткіш – 2269 теңге) айыппұл салынып, 19-ы аштық жариялағандары үшін компания шеккен тағы 500 276 мың теңгені өндіруге міндеттелді.
Сот шешімдері шыққаннан бері үш мұнайшы Құсайын Жылқышиев, Жамбыл Бегешев және Қайрат Ерекешов, кран басына шығып, әріптестеріне қолдау білдірген Мейрамбек Қуантаев жұмыстан босатылған.
Мұнайшылар өздерін құқық қорғау органдары шақырып, қысымның жалғасып жатқанын айтады.
«ӘДІЛЕТ ІЗДЕГЕНІМ ҮШІН ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫМ»
Соттағы айыптаулардан соң алғашқы болып жұмыстан шығарылғандардың бірі – 49 жастағы Құсайын Жылқышиев. Ол OCC мекемесінде 2003 жылдан бері электргаз дәнекерлеушісі болып еңбек еткен. Алтыншы разрядқа ие Құсайын Жылқышиев өзіне еңбек шартының бұзылғаны туралы жұмыс беруші бұйрығының қаңтардың 25-і күні кешкі сағат 20.00-де тапсырылғанын айтады. ОСС компаниясы директоры Серік Әбденовтің қолы қойылып, Еңбек кодексінің 52-бабына сілтеме жасалған бұйрықта қаңтардың 23-і күнгі Маңғыстау аудандық сотының шешімін негізге алынып, жұмысшының «тамақтан бас тартып, еңбек қағидаларын бұзғаны» айтылған.
- Менен бірден жұмыс орынын босатуды талап етті. Бұйрықта мені Қаламқас кенішінен дереу шығару тиістілігі жазылған. Мені түнгі сағат 22.00-де алып кетті, - дейді Жылқышиев.
Жұмыстан шығарылған маманның сөзінше, компания одан аштық жариялауының себебі туралы түсіндірме жазуын талап етіп, жазбаса актіленетінін айтқан.
Түсіндірмемде тамақтан бас тартқаныммен өндіріске зиян тигізбегенімді, жоспарымды орындағанымды жазып бердім.
- Түсіндірмемде тамақтан бас тартқаныммен өндіріске зиян тигізбегенімді, жоспарымды орындағанымды жазып бердім, - деді ол Азаттыққа.
Құсайын Жылқышиев – қаңтардың 5-інен бастап екі апта бойы аштық жариялап, Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жұмыс істеуін талап еткен ОСС мұнайшыларының арасында өткір пікірлерімен көзге түскендердің бірі. Қаңтардың 19-ында ОСС компаниясының талап арызын қанағаттандырған Ақтау қалалық №2 соты аштық жариялау акциясын заңсыз деп тауып, мұнайшыларды аштық жариялап отырған кәсіподақ кеңсесін шұғыл түрде босатуға міндеттеген еді. Құсайын Жылқышиев сот үкімін орындап, қаңтардан 20-сынан бастап Ақтау қаласындағы кәсіподақ кеңсесіне келген жоқ. Қаңтардың 21-інде Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен оны «митинг өткізу заңдылығын бұзды» деп айыптап, 45382 теңге айыппұл салған.
- Ол соттан қаңтардың 21-і түн ортасы ауа шықтым. Одан соң ішкі істер басқармасында суретке түсіріп, саусақ іздерімізді алды, үйге таңға қарай оралдым. Ертесінде жексенбі күні қаладан 200 шақырымдағы Шетпе ауылындағы үйіме барған едім. Кешкі сағат 17:00-де қаңтардың 23-інде Ақтауда болатын сотқа қайта шақыру алдым, - дейді Құсайын Жылқышиев.
Қаңтардың 23-інде Ақтау қалалық мамандандырылған қылмыстық сотының залында Маңғыстау аудандық көшпелі соты Құсайын Жылқышиевке қатысты ОСС компаниясының екінші рет берілген талап арызын қарады. Судья Жасұлан Салиев айыпталушының аштығын заңсыз деп танып, компания 3 354 594 теңге зиянға ұшырады деп есептеп, Жылқышиевті басқа жауапкерлермен бірге 124 244 мың теңгеден бөліп төлеуге міндеттеді.
Келесі күні Құсайын Жылқышиев Қаламқас кенішіндегі вахталық ауысыммен істейтін жұмысына кіріскен. Сол күні таңертең ертемен полицейлермен бірге келген сот орындаушылары оған әлі қолына алып үлгермеген Маңғыстау аудандық соты шешімін тапсырған.
Құсайын Жылқышиевтің отбасында бір қыз, екі ұлы бар. Балалары кәмелеттік жасқа толғанымен отбасында жұмыс істейтін тек өзі екенін айтады.
Енді мен де жұмыссыз қалдым. Сөз жоқ, әділет іздегенім үшін жұмыссыз қалдым. Оған өкінбеймін де. Бірақ балаларымның болашағы барған сайын бұлыңғыр болып барады. Аузын аша алмаса, құл болып өмір сүрді деген сөз ғой.
- Енді мен де жұмыссыз қалдым. Сөз жоқ, әділет іздегенім үшін жұмыссыз қалдым. Оған өкінбеймін де. Бірақ балаларымның болашағы барған сайын бұлыңғыр болып барады. Аузын аша алмаса, құл болып өмір сүрді деген сөз ғой, - дейді Құсайын Жылқышиев.
Ол өзіне қатысты үш сот шешіміне де апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Қаңтардың басында аштық жариялаған басқа жұмысшылар да Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы мен өздерінің кәсіподақ ұйымын жұмыс берушімен арадағы «алтын көпірге» балап, әлеуметтік құқықтарын қорғайтын бірден-бір ұйым санайды. Сол себепті биліктің тәуелсіз кәсіподақтарды жабуын «әділетсіз әрекет» деп біледі.
ОСС компаниясы директорының орынбасары Дүйсен Атшыбаев Азатыққа Жылқышиевті жұмыстан шығару туралы комментарий беруден бас тартты.
ШЕШІМСІЗ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУ
Қаңтардың 23-і күні Шетпе ауылындағы Маңғыстау аудандық соты 14 мұнайшыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оларды митинг өткізу заңдылығын бұзды деп айыптап, әрқайсысына 20 АЕК айыппұл салған.
Әкімшілік сотқа тартылған мұнайшылар өздеріне адвокат берілмегенін, заңды білмеген соң құқықтарын қорғай алмағандарын айтады. Айыппұл салынғанын естігендердің бірнешеуі сот шешімін қолдарына алмастан айыппұлды төлеген. Солардың бірі Нұрғиса Өтемағамбетов қаңтардың 26-cы күні айыппұлын төлегенін айтады.
- Біз заң білмейміз ғой. Айыптысыңдар, осы ақшаны бір аптада төлейсіңдер деп берген соң, бүгін апарып төледім. Оны төлемегеннен не пайда? Сотта дауыс та дұрыс естілген жоқ. Заңсыз болса да, өздері үшін заңды болып тұр ғой, - дейді ол.
Істі жүргізген Маңғыстау аудандық сотының судьясы Серікқали Бердібеков Азаттыққа:
[Айыптылар] сот шешімімен әкімшілік құқық бұзушылық [айыппұлы] төлеуге шыққан соң төлей беруі керек, айлықтарын алған соң төлей беру туралы айтылды.Судья Серікқали Бердібеков
- [Айыптылар] сот шешімімен әкімшілік құқық бұзушылық [айыппұлы] төлеуге шыққан соң төлей беруі керек, айлықтарын алған соң төлей беру туралы айтылды, - дейді.
Ол Азаттық тілшісінің «Жұмысшылардың [айыппұл төлемей тұрып] апелляциялық шағымдануға құқығы жоқ па?» деген сауалына:
- Әрине құқығы бар, төлегісі келмесе, төлемеуіне болады, - деп жауап берді.
Сол күні Мұнайлы аудандық соты үш мұнайшының аштық жариялағандарын заңсыз деп таныған. Ал қаңтардың 24-інде Қарақия аудандық соты сол аудан аумағындағы Жетібай кенішінің 19 мұнайшысына қатысты компания шеккен 500 276 теңге шығынды өндіру туралы шешім шығарды.
Өтемақы төлеуге міндеттелген жұмысшының бірі Ақзер Нұржанова жауапқа тартылған мұнайшылардың бірқатарын аштық ұстау туралы үгіт-насихат жүргізді деп айыпталғанын да айтты.
- Мен бұл талаптардың заңсыздығын дәлелдеп айттым. Тамаққа ақшаның әу баста тапсырыс беруші компания тарапынан бөлінгені, оны шығын деп санаудың дұрыс еместігін келтірдім, - дейді кәсіподақ заңгері Тахир Ерданов.
ВИДЕО: Соңы сотқа ұласқан аштық
«Oil Construction Company» ЖШС 2003 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының үш ірі мекемесі - «Маңғыстаумұнара», «Нефтестрой» және «Маңғыстаумұнайжолдары» кәсіпорындарын қосу нәтижесінде құрылған. Бұл кәсіпорындар «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Қаламқас пен Жетібай кеніштеріндегі мұнай өндірісіне құрылыс-жөндеу, монтаждау қызметтерін көрсетеді. Компанияда 2000-нан астам адам еңбек етеді. Оның 1611-і осы ОСС компаниясының кәсіподақ ұйымына мүше болып кірген.
Қаңтардың 4-інде Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған сот шешімімен бас кеңсесі Шымкентте орналасқан Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы жабылған. Бұған наразылық танытып ОСС компаниясының мұнайшылары қаңтардың 5-сінен бастап аштық жариялаған. Ақтау қаласындағы кәсіподақ кеңсесі мен Қаламқас пен Жетібай кеніштеріндегі жұмыс істейтін мұнайшылар екі апта бойы тамақ ішуден бас тартқан. Олар талаптарын үкімет, билік пен «Нұр Отан» партиясы естиді деп үміттенген. Ақтау қаласының прокуроры мұнайшылардан сот шешімін орындауды талап етіп, олардың әрекетін «мемлекетке қарсы шығу» деп бағалаған соң наразылар қаңтардың 22-сінде аштықты тоқтатқан. 19-24 қаңтар аралығында 63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік соттарда жауапталды. Оларға 20-дан 50-ге дейінгі АЕК-ке тең айыппұл салынып, жалпы сомасы 3 854 870 теңге шығынды өтеу міндеттелді.