Accessibility links

Исрафил Багиді "заңсыз көлік айдағаны" үшін Қазақстаннан шығарды


Ираннан келген этникалық қазақ Исрафил Баги сот алдында тұр. Ақтау, 4 шілде 2017 жыл.
Ираннан келген этникалық қазақ Исрафил Баги сот алдында тұр. Ақтау, 4 шілде 2017 жыл.

Қазақстан азаматтығын алу үшін құқығын сот арқылы қорғауға тырысқан оралман қазақ Исрафил Багиді қайтадан Иранға шығарып жіберді. Оған Багидің "көлік айдағанда жол қозғалысы ережесін екі мәрте бұзғаны" үшін әкімшілік жазаға тартылуы негіз болған. Бұған дейін Қазақстан билігі оны экстремизмге қатысты күдікпен ықтияр хаттан айырған.

ЕКІ АЙЫППҰЛ ЖӘНЕ ДЕПОРТАЦИЯ

Қазір Иранның Горган қаласында жүрген 30 жастағы Исрафил Баги өзін Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері тамыздың 5-і күні Қазақстаннан шығарып жібергенін айтады. Этникалық қазақты тарихи отанынан №2 Ақтау қалалық сотының қабылдаған шешімі негізінде шығарған.

- Жағдайым мәз емес. Үйіме келген көші-қон полициясының бір топ қызметкері қолыма ұшақ билетін ұстатты да, мені тездетіп елден шығарып жіберді. Әйелім мен кәмелетке толмаған үш балам Ақтауда қалды. Мен соларды қатты уайымдап жүрмін, - деді Азаттыққа телефон арқылы хабарласқан Баги.

Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Дүниезада Кеншімова 2017 жылғы тамыздың 1-і күні Маңғыстау облыстық көші-қон полициясының сұрауын қанағаттандырып, Иран азаматы Исрафил Багиді "Қазақстан заңын бұзғаны үшін" ел аумағынан шығару туралы шешім қабылдаған.

Ираннан келген оралман Исрафил Баги әйелі және балаларымен оралмандар орталығынан берілген бөлмеде отыр. Ақтау қаласы, Маңғыстау облысы, 10 маусым 2017 жыл.
Ираннан келген оралман Исрафил Баги әйелі және балаларымен оралмандар орталығынан берілген бөлмеде отыр. Ақтау қаласы, Маңғыстау облысы, 10 маусым 2017 жыл.

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрханованың Азаттыққа хабарлауынша, Исрафил Багиді депортациялауға оралманның "шетелдіктердің Қазақстан аумағында келу-болу қағидаларын бұзғаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылғаны негіз болған. Мұнайлы аудандық жол полициясы қызметі бастығының міндетін атқарушы Б.Көшкінов шілденің 10-ы күні жазған рапортында шілденің 5-і күні жол полициясы қызметкерлері Исрафил Багиді Қазақстанның әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 2-бөлігі (көлік құралын басқару құқы болмаған адамның көлікті басқаруы) және 601-бабының 1-бөлігі (жол белгілерін сақтамау) бойынша әкімшілік жауапқа тартып, оған екі айыппұл салғаны айтылған. Көші-қон полициясы Исрафил Багиді елден шығаруды соттан сұраған кезде оралман қазаққа қатысты осы әкімшілік құқық бұзу деректерін негіз еткен.

"Аталған жайттар бойынша И.Багиді Қазақстан Республикасынан шығарып жібермеуге құқықтық негіздер жоқ. Ол екі мәрте әкімшілік құқық бұзушылық жасап, әкімшілік заңының талаптарын жүйелі түрде бұзған және ол Қазақстанда негізді түрде қалуын дәлелдейтін ешқандай уәж келтірмеді" делінген Исрафил Багидің ісіне байланысты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз баянында.

Сот Исрафил Баги Қазақстаннан 2017 жылғы тамыздың 5-іне дейінгі мерзімде шығуы тиіс деп белгілеген және оның Жоғары соттың кассациялық сот алқасына шағымдануға құқығы барын хабарлаған.

"ПОЛИЦИЯ КӨЛІКТІ ҚОЗҒАУЫН БҰЙЫРДЫ"

Исрафил Багидің адвокаты Ерлан Мырзабайұлы сот шешімімен де, оралманның үстінен сотқа жүгінген полицияның аргументтерімен де келіспейді. Ол Багиді Қазақстаннан шығаруға негіз жоқ деп санайды.

Адвокаттың Азаттыққа мәлімдеуінше, шілденің 5-і күні Исрафил Баги Мұнайлы ауданындағы Маңғышлақ стансасына жеке шаруасымен бармақ болып, біреудің көлігімен жолға шыққан.

"Жол бойында көлік жүргізушісі сусын алу үшін тоқтап, жол шетіндегі дүкенге кірген. Олардың соңынан жеткен полиция экипажы көлік кабинасында жолаушы орындығында отырған Исрафил Багиге көліктің заңсыз тоқтағанын айтып, оны басқа жерге жылжытып қоюды бұйырған. Баги көлікті полиция нұсқаған тұсқа - шамамен үш метр жерге жылжытып қойған", - дейді ол.

Ираннан келген этникалық қазақ Исрафил Баги (оң жақта алдыңғы қатарда бірінші) сотта отыр. Ақтау, 29 маусым 2017 жыл.
Ираннан келген этникалық қазақ Исрафил Баги (оң жақта алдыңғы қатарда бірінші) сотта отыр. Ақтау, 29 маусым 2017 жыл.

Адвокаттың айтуынша, сол жерде полиция қызметкерлері Исрафил Багиге "жүргізуші куәлігі жоқ болса да көлік жүргізгені" және "көлікті рұқсат етілмеген жерге тоқтатқаны" үшін екі айыппұл салу туралы хаттама толтырған. Исрафил Баги полициямен дауласпастан, өзіне салынған екі айыппұлды бірден төлеген.

"Бірақ, әлгіндей құқық бұзушылық депортациялауға негіз емес. Қазақстанда басқа да көптеген шетелдік азамат күніне сан түрлі заң бұзушылық жасайды, - дейді Ерлан Мырзабайұлы.

Адвокат Багиді Қазақстаннан депортациялау туралы сот шешіміне қатысты кассациялық шағым беретіндерін айтты.

Мұнайлы аудандық жол полициясы қызметі басшылығынан "жүргізуші куәлігі жоқ Багиге көлікті орнынан қозғауды бұйырған" полиция қызметкерлеріне қатысты түсініктеме сұраған Азаттық сауалына әзірше жауап берілмеді.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясынан Исрафил Багидің отбасының тағдырына қатысты жауап алу да мүмкін болмады.

"ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУҒА МҮМКІНДІК БЕРМЕДІ"

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтис Ираннан тарихи отанына келіп, осында қалып, азаматтық алу үшін құқығын сот арқылы қорғауға тырысқан Исрафил Багиді елден депортациялауға заңды негіз болмаған деп санайды. Құқыққорғаушының пікірінше, көлікте жолаушы ретінде отырған адамнан көлікті басқа орынға жылжытуды сұраған полицияның әрекеті арандатуға ұқсайды. Ол Қазақстан билігі Багиге оралманға азаматтық беруден бас тарту туралы шілде айында шыққан сот шешіміне наразылық білдіріп, өз құқығын қорғауға да мүмкіндік бермегенін айтады.

- Бұл жерде әңгіме өз Отанына оралуы тиісті адамдар туралы болып отыр. Олар мұнда арнайы шақырылған. Және ол өзіне жол полициясы салған айыппұлды төлеген. Оны екінші рет жазалап, елден шығару - мүлде заңсыз. Оны Қазақстан азаматтығын алу ісіне қатысты алда өтуі тиіс апелляциялық сот отырысында өзін қорғау құқығынан да айырған, - дейді Евгений Жовтис.

Бұған дейін шілденің 4-і күні Ақтау қалалық №2 сотында өткен жабык сот процесінде судья Ақмарал Ахметова Исрафил Багиге Қазақстан азаматтығын беруден бас тартып, тұрақты тіркеуден алып тастау туралы көші-қон полициясы шығарған шешімді қолдайтынын жариялаған. Оралман сот шешіміне наразылық танытып, апелляциялық шағым берген еді. Маңғыстау облыстық көші-қон қызметі "экстремистік я террорлық іс-әрекет" жайлы баптарға сүйеніп, Ираннан көшіп келген Исрафил Багиды елден шығармақшы болған еді. Билікті сотқа берген оралман "экстремизм я терроризмге қатысы" жоғын мәлімдеп, негізсіз "күдікті" атанғанына шағымданған.

Исрафил Баги өзіне берілген оралман куәлігін көрсетіп отыр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 маусым 2017 жыл.
Исрафил Баги өзіне берілген оралман куәлігін көрсетіп отыр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 маусым 2017 жыл.

Исрафил Баги 2013 жылы Ираннан Қазақстанға көшіп келген соң Жаңаөзен қалалық мешітінде, Маңғыстау облыстық дін істері жөніндегі департаментте қызмет атқарған.

Оқыңыз: Оралман "экстремист емес" екенін сотта дәлелдемек

Маңғыстау облыстық көші-қон қызметі Баги мен оның әйеліне Қазақстан азаматтығы берілмейтінін хабарлаған. Оған негіз ретінде көші-қон полициясы "Қазақстан азаматтығы туралы" заңның "террорлық және экстремистік ұйымдарға кірген немесе сотталған, өзі туралы жалған мәлімет берген не қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырмағандарға" Қазақстан азаматтығы берілмейтіні айтылған бесінші және сегізінші тармақтарына сілтеме жасаған. Кейін Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон қызметі бөлімі "маусымның 30-ына дейін Қазақстаннан өз еркімен шығып кетпесе депортацияланатыны" туралы ескерту берген.

Көші-қон қызметінің 2017 жылғы мамырдың 30-ы күні жолдаған хабарламасында Исрафил Багиге Қазақстанда тұрақты тұруына берілген рұқсаттың күші "Халықтың көші-қоны туралы" заңның 49-бабының 9 бөлігінің 1-тармағы негізінде жойылғаны" жазылған. Заңның ол бабында "ұлттық қауіпсіздік органдарында экстремизмге немесе террорлық іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болған" жағдайда Қазақстанға көшіп келушілерге ел аумағында тұрақты тұруға рұқсат берілмейтіні, немесе бұрын берілген рұқсаттың күші жойылатыны айтылған.

XS
SM
MD
LG