Accessibility links

Қазақстанды су алабы бойынша сегізге бөлу ұсынысы айтылды


Балқаш көлінің картасы. (Көрнекі сурет)
Балқаш көлінің картасы. (Көрнекі сурет)

«Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа республиканың әкімшілік-аумақтық құрамын қайта қарап, 8 аймаққа бөлуді ұсынғанын айтады.


Қыркүйектің 6-сы, сейсенбі күні Алматыда баспасөз-мәслихатын өткізген «Табиғат» қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов өткен аптада Қазақстан президентінің қабылдауында болып, республикадағы экологиялық мәселелерді сөз еткенін хабарлады.

Ол «президентпен әңгімеде айтылған екі мәселеге» тоқталды. Оның бірі – Алматы мен Ыстықкөл арасын жалғайтын аспалы жол, екіншісі – республиканы әкімшілік-аумақтық тұрғыдан қайта құру мәселесі.

«АСПАЛЫ АРБА»

Мэлс Елеусізовтің айтуынша, «Алматы мен Ыстықкөл арасына салынатын аспалы жолды жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істетуге болады. Оған
«Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов.

Қазақстанда қаржы жетеді. Зейнетақы қорының қимылсыз жатқан мол қаржысын жұмсаса да болады».

– Алатауды айналып 10 сағат жүрмей-ақ, сымға ілінетін арбаға мініп, Ыстықкөлге төтесімен 60 шақырым жүріп бір-ақ барғанымыз дұрыс. Әрі мұндай жолдағы аспалы арба аз уақытта-ақ өзін-өзі толық ақтайды. Асфальт жол салып, оны жыл сайын жөндеп әуре болмаймыз, – дейді Мэлс Елеусізов.

«Аспалы арбамыз Алатаудың төбесіне жеткенде бұзылып қалса қайтеміз» деген журналистің сұрағына Елеусізов «арбаны сүйреп әкететінін, не сол жерде жөндейтінін» анық айта алмады. Тек «Жұрт ғарышқа да ұшып жатыр ғой» деп сүйей салды.

СЕГІЗ АЛАП, ТӨРТ АУМАҚ ЖӘНЕ «БӨТЕН БЕЛГІ»

Мэлс Елеусізов президент Назарбаевпен кездесуінде Қазақстанды қоқыстан тазартып қана қоймай, республиканы әкімшілік-аумақтық тұрғыдан қайта құру мәселесін көтергенін де айтады.

«Табиғат» экологиялық одағының жетекшісінің пікірінше, көршілес елдер сияқты судың басында емес, аяғында отырған Қазақстан алдағы уақытта су тапшылығын қатты сезеді. «Республикада су мәселесін реттейтін органдар болғанымен, олар облыстық деңгейде тиімділігін көрсете алмай отыр» дейді ол.

– Судың нақты иесі жоқ. Иесі болмағандықтан оны тиімді пайдалану, сақтау жолдары да шешілмейді. Мәселен, Балқаш көлі Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы секілді төрт облыстың аумағында жатыр. Ал бұл көл географиялық тұрғыдан Балқаш-Алакөл су алабына кіреді. Яғни бір ұшы Қытай аумағында, – дейді Мэлс Елеусізов.

«Қытай Іленің суын игеруге кірісті. Енді Балқаш та Аралдың кебін киюі мүмкін. Қазіргі уақытта Балқашты құтқарып тұрған – мұздықтар. Ол
Қазақстан картасы. (Көрнекі сурет)

мұздықтардың 40 пайызы қазірдің өзінде жоқ. Қалғаны бұрынғыдан да жылдам еритін болады. Сондықтан Қазақстанды қолда бар су алаптары бойынша әкімшілік-аумақтық тұрғыдан қайта бөлу керек» деген Мэлс Елеусізов Қазақстанды 8 су алабына – Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Орал-Каспий, Есіл, Нұра-Сарысу, Шу-Талас, Тобыл-Торғай су алаптарына бөлу керек дейді.

Мэлс Елеусізовтің ойынша, Қазақстанды осы негізгі 8 су алабы бойынша қайта бөлсе, республиканың табиғаты да, саясаты да жақсармақ. Аймақ орталығы қай қалалар болатынын референдум арқылы халық шешуі керек.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «республиканы батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстік деп төрт аумаққа бөлсе қалай болар еді» деп ойланып қалғанын, «бірақ мұны тек халықтың өзі шешуі керек» дегенін айтады «Табиғат» экологиялық одағы жетекшісі.

Мэлс Елеусізов сөз орайы келгенде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығы жайында да айтып өтті.

– Президент мені өте мұқият тыңдады. Кейбіреулер жазып жүргендей емес, өте ширақ, ойлау жүйесі тың екенін көрдім. Басқа бөтен белгілер байқалмады. Мен айтқан мәселелердің барлығын дұрыс түсінді, – дейді ол.

14 ОБЛЫСТЫ ҚАМТИТЫН БЕС АЙМАҚ

Мэлс Елеусізовтің бастамасына орай бірер жылдан бері республиканы әкімшілік-аумақтық тұрғыдан қайта бөлу жөнінде айтып жүрген академик, парламент мәжілісінің бірнеше дүркін депутаты Оразалы Сәбденге хабарластық.

– Қазақстанда су тапшылығы бар екені рас. Бірақ барлығын суға тіреп қоюға болмайды. Ертең бір аймақта су көп, екіншісінде жоқ болып шықса
Қазақстанда су тапшылығы бар екені рас. Бірақ барлығын суға тіреп қоюға болмайды.

қайтеміз? Сондықтан бұл мәселеге кешенді түрде қарап, экономикалық-өндірістік жағын ескеруіміз керек. Дұрысы – облыстарды бес аймаққа біріктіріп, аймақ басшысын белгілеу. Барлық мәселені аймақ басшысы үйлестірсін, ал облыс әкімдері әлеуметтік мәселелермен шұғылдансын, – дейді экономика институтының директоры Оразалы Сәбден.

Оразалы Сәбден республиканы бес аймаққа бөліп, басқару жүйесін жетілдіру жөнінде президентке хат та жолдағанын, бірақ одан жауап келмегенін айтады.

Кейбір сарапшылар «Қазақстанда әкімшілік-аумақтық тұрғыдан бөлу мәселесі тәуелсіздік алғалы бірнеше рет көтерілді. Билік ол үшін түрліше саяси-экономикалық мәселелерді желеу етті» деп санайды.

Соңғы рет Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы 3 мамырдағы жарлығы бойынша Жезқазған, Көкшетау, Семей облыстары таратылған еді. Сөйтіп тәуелсіз Қазақстанның 19 облысы әуелі 17 облысқа, кейін 14 облысқа қысқарған. Бірақ бұл өзгерістердің барлығы да халықтық референдум өткізбей-ақ, президенттің тікелей жарлығымен жүзеге асты.

ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДЕН БАСТАЛҒАН БӨЛІНІС

Қазақстанды әкімшілік-аумақтық тұрғыдан бөліп басқару 1822 жылы шыққан «Сібір қырғыздары туралы жарғыдан» басталды. Хандық билікті жойған осы жарлықтан соң облыстар ішкі, сыртқы округтерге, әрі қарай болыстар мен ауылдарға бөлінді. Округтерді – аға сұлтан, болыстарды – сұлтан, ауылды – старшын басқарды.

1824 жылы Кіші жүзді басқару үшін «Орынбор қырғыздары туралы жарлық» шықты. Патша өкіметі 1867 жылы «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже», 1868 жылы «Орынбор далалық облыстары мен Батыс-Сібір генерал-губернаторлығын басқару туралы уақытша ереже» шығарды. 1886 жылы «Түркістан өлкесін басқару туралы ереже», 1891 жылы «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже» қабылданды.

Осы реформалар нәтижесінде құрамына Ферғана, Самарқан және Сырдария облыстары енетін Түркістан генерал-губернаторлығы мен Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай облыстары енетін Дала генерал-губернаторлығы құрылды.
XS
SM
MD
LG