Қаңтардың 13-і күні Орал қаласында қалалық мәслихат депутаттығына сайлануға өзін-өзі ұсынып, кейін сайлауға түсу құқынан айырылған сегіз үміткер орталық алаңда орналасқан қалалық сайлау комиссиясы ғимаратының алдында наразылық шарасын өткізді.
Наразылар Орал қалалық сайлау комиссиясы «табыс декларациясын дұрыс тапсырмады» деген себеппен өздерінің сайлауға түсу құқынан айырғанын айтып, үміткерлікке қайта тіркеуді талап етеді. Үміткерлердің арасында «Азат» ЖСДП мен «Әділет» партиясының өкілдері де бар.
ТАБЫС ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
– 90-шы жылдардың басында бәріне ПИК (инвестициялық жекешелендіру купондарын) беріп жатты. Сол ПИК-тарды 20 жылдан кейін естеріне алып, «соны неге декларацияға бекітпедіңдер?» деп, партиямыздың екі кандидатын түсіріп тастады. Табыс декларациясы ол табысты көрсету керек. Ал ПИК-тардан ешқандай табыс түсіп жатқан жоқ қой, – дейді «Әділет» партиясының Батыс Қазақстан облысындағы бөлімшесі төрағасының орынбасары Әскер Өтебаев.
«Абырой» қозғалысының төрағасы, Астана тұрғыны Азамат Жетпісбаев өзін сайлауға қатыстырмас үшін жергілікті салық органдарының тіпті «табыс туралы декларациясын жалған жасауға дейін барғанын» айтады. Құжаттардың жалған екенін сот арқылы дәлелдемек болған кезде «тіпті сот та да округтік комиссия жағына шығып кетті» дейді ол.
– Менің жазуымды тексеретін сараптаманы талап еттім. Өйткені, бұл менің жазған қолым емес. «Менің жазғандарым, міне» деп көрсетсем, сот бар, прокурор бар, Астана қаласының Алматы және Сарыарқа аудандық салық комитеттері бар, әкімдік заңгері бар – солардың барлығы бірігіп алып, бізге қарсылық білдірді. 100 пайыз дәлелді көрсетіп отырмыз. Ал бірақ олар күлкілі нәрселерді айтады, – дейді Азамат Жетпісбаев.
«Жалған құжат жасау – заңмен қудаланатын әрекет» болғандықтан «қазір заңгерлермен не істеу керектігін ақылдасып жатырмыз» дейді ол.
ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС НОРМАСЫНЫҢ «ПАЙДАСЫ»
Салық органдарына деген мұндай наразылықты қазіргі кезде республиканың түкпір-түкпірінде сайлауға қатыспақшы болған көптеген азаматтан естуге болады.
Жаңаөзендегі жағдайға байланысты кандидатурасын өз еркімен алып тастаған алматылық заңгер Сергей Уткин салық мекемелерінің осы ісі туралы Алматыда жиын өткізбек болған күні салық органдарынан «табыс декларациясының сәйкессіздігі» туралы хабар алыпты.
Оның пікірінше, «жемқорлықпен күрес туралы заңнамадағы бұл норманы қазіргі кезде билік өздеріне қолайсыз кандидаттардан арылу үшін қолданып отыр».
– Бұл норманы парақорлармен күресу үшін енгізген болатын. Яғни, қандай да бір шенеунік пара алуға болатындай қызметте отырса, осы адам парламенттік немесе мәслихат сайлауына қатысса, бұған қоса қандай да бір мүлікті жасырып қалған болса, факті расталған кезде әрине, мұндай адамды сайлауға қатыстырмау керек. Осы сияқты жемқорлық әрекеттер болмас үшін сол норманы енгізген. Бұл – кез-келген мемлекет үшін кәдімгі норма. Ал қазір бізде одан цирк жасап жатыр. Масқара! Әлдеқашан ұмытылып қалған 4 теңге, болмаса 100 теңге немесе бірнеше мың теңге үшін кандидаттарды тізімнен алып тастаған. Бұл дұрыс емес, – дейді заңгер.
Дәл осындай жайтпен екі рет кезіккен заңгер «барлығы да салық департаментінің қалауына байланысты анықталатынын» айтады.
– Бізде тіпті сайлау комиссиялары өздеріне салық департаментінің не жібергенін де анық білмейді. Өзім де сондай құжат алғанмын. Комиссия «Мұнда сіздің табыс декларацияңыздағы сәйкессіздіктер туралы үш сөйлеммен ғана жазылып тұр» деп көрсетеді. Ал «Нақты не нәрсе сәйкес емес?» деп сұрасаң, білмейді. Бірақ сонда да бүкіл комиссия мүшелері «Кандидатты сайлаудан алып тастасын» деп дауыс береді, – дейді Сергей Уткин.
«БҰЛ – ОСЫ САЙЛАУДЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ»
Бақылаушылардың республикалық тәуелсіз желісінің заңгері Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, «мұндай табыс декларациясының тұзағына ілінген азаматтардың басым бөлігі – тәуелсіз ұйым немесе оппозиция өкілдері».
– Бұл осы сайлаудың – жаңалығы. Кандидаттарды тізімнен түсірудің амалы деуге болады, – дейді Амангелді Шорманбаев.
Алматы қалалық сайлау комиссиясының ақпарат құралдары арқылы таратқан дерегін мысалға келтірген Амангелді Шорманбаевтың сөзінше, «Алматы қаласы бойынша шамамен тізімнен алынған 210 кандидаттың 90-ы табыс декларациясы бойынша үміткерлер тізімінен сызылған».
«Табыс декларациясындағы сәйкессіздіктерге» байланысты мәслихат сайлауына депутаттықтан үміткер тізімінен алынып тасталған азаматтардың арасында «Рух пен тіл» клубының белсендісі Инга Иманбай, «31 арна» тілшісі Саламат Омаш, «Взгляд» газетінің тілшісі Любовь Ульбашева да болған.
«КАНДИДАТТАРДА КІНӘ КӨП»
Орталық сайлау комиссияның хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, мәслихат сайлауына кандидаттарды тіркей бастағалы шамамен 700-ге жуық азамат әр түрлі себептерге байланысты тізімнен алынып тасталған. Олардың арасында «өз еркімен», «тұрмыстық жағдайға байланысты» бас тартқандары да бар.
«Не себепті табыс декларациясына байланысты үміткерлер қатарынан алынып тасталған азаматтар көп?» деген сұраққа:
– Азаматтардың өздері ақыры депутаттықтан үміттенгеннен кейін сол салық органдарынан бәрін тексеріп, көріп алуы керек еді. Олар өздері жазады, ертеңгі күні салық департаменті тексерген кезде небір кемістіктер табылды. Кандидаттардың өздерінің кінәсі көп, – деп жауап берді Бақыт Мелдешов.
Оның айтуынша, «табыс салығы» мәселесіне жылда «ылғи бір азаматтар» душар болып отырады.
– Құжаттарын тексермейді. Жылда сол баяғы адамдар, – дейді Бақыт Мелдешов.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, әу баста мәслихат сайлауына депутаттыққа түсуге республика бойынша 10 мыңнан астам ниет білдіріп, олардың 9165-і тіркелген. Ал қазір қалғаны – 8475 үміткер. 690 азамат түрлі себептермен депутаттықтан алынып тасталған.