Accessibility links

Сот отырысы айыпталушы Боқаев пен Аянсыз жалғасты


Атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.
Атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Атырауда «заңсыз митинг өткізді», «әлеуметтік араздық тудырды» деп айыпталған белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаев екі апта бұрын басталған сотқа қатысудан қазанның 20-сы күні «құқықтарымыз бұзылып жатыр» деп бас тартты. Судья мұны «сотты құрметтемеу» деп бағалады.

Атырау қаласының №2 сотында өтіп жатқан Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот процесіне қазанның 20-сы күні куәлік етуге шақырылған Атырау облысы әкімі орынбасары Сәлімжан Нақпаев пен Атырау қаласының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Ожаев келген жоқ. Талғат Аян мен Макс Боқаев сот процесіне қатысудан бас тартты.

Қазанның 21-індегі сот отырысында ауыл шаруашылығы министрлігі мен ішкі істер министірлігі қызметкерлері онлайн арқылы жауап беретіні хабарланды.

БАС ТАРТУ

Бұған дейінгі сот отырысына да қатыспаған Талғат Аян қазанның 20-сы күні «құқықтары шектеліп отырғанын, өтініштерінің қанағаттандырылмағанын» айтып, жарыссөзге дейін сотқа қатысудан бас тартатынын мәлімдеді.

Судья Гүлнәр Дәулешова оған сот отырысына мүлде қатысқысы келмесе жазбаша арыз түсіруі керек екенін ескертті.

Судья Гүлнәр Дәулешова.
Судья Гүлнәр Дәулешова.

- Сот істі сіздің қатысуыңызсыз да қарай алады. Бұл - сіздің құқығыңыз,- деді Гүлнәр Дәулешова.

Мұнан соң Макс Боқаев адовкаттарымен ақылдасуға 15 минут үзіліс сұрап, кейін сот отырысына қатысудан мүлде бас тартатыны туралы өтінішін оқыды. Ол «сөз бостандығы, шығармашылық еркіндігі, ақпарат алу және тарату, мемлекет басқару ісіне араласу жөніндегі конституциялық құқықтарымды пайдаланғаным үшін не себепті бес ай қамауда отырғанымды түсінбеймін» деп мәлімдеді.

Макс Боқаев құқықтарының бұзылып отырғанына шағымданып бірнеше ай ішінде - 50, сот басталғаннан бері бері адвокаттарымен бірге оннан астам өтініш түсіргенімен, олардың «бірде-бірі қанағаттандырылмағанын» айтты.

- Бұған қоса, куәлерді жауаптаудың өзі заң бұзумен басталды. Кімдер жауапталатынын адвокаттарымыздың өзі қазанның 12-сі ғана білді. Куәлерді Атырауға әкелу туралы өтінішіміз ескерілмеді, олардың келмеу себептерінің объективтілігін судья тексермеді. Менің адвокаттарымның өтініші кері қайтарылғанымен, прокурорлардың ауызша ұсыныстарының бәрі қолдау тауып отыр. Мұны мен сот айыптау сипатында өтіп жатыр деп бағалаймын, - деді Макс Боқаев.

Макс Боқаевтың сотқа берген өтінішінің үзіндісі. Атырау, 20 қазан 2016 жыл.
Макс Боқаевтың сотқа берген өтінішінің үзіндісі. Атырау, 20 қазан 2016 жыл.

Оның мәлімдеуінше, «тергеу абақтысындағы жағдай мен күн сайын сотқа жолсызбен әкелу өт жолындағы тас ауруын қозғап, денсаулығы нашарлап кеткен».

- Талғат қолын кескен соң үлкен стресс алдым. Денсаулығымның салдарынан сотқа келе алмағанымды сот өзін құрметтемеді деп санап отыр, - деді ол.

Судья Боқаевтың жасаған өтінішін арыз деп қабылдайтынын айтты.

- Сотқа қатыспау - сіздің құқығыңыз, бірақ мен әр процесс сайын шақыратын боламын, - деді сот.

«ҚҰҚЫҒЫ ӨРЕСКЕЛ БҰЗЫЛЫП ОТЫР»

Қорғаушы Жанар Боқаева сот отырысы басталғаннан бері 13 өтініш жасағанымен, «ешқайсысы қанағаттандырылмағанын» айтты. Оның сөзінше, «Боқаевтың құқықтары өрескел бұзылып отыр». Бұған қоса, негізгі куәлер - Волков, Бекбауов, Кибраев, Досанбаев, Есілбаевтардың видео жазбасы тым сапасыз болғандықтан, Боқаев пен Аян олардың сөзін толық ұқпаған.

- Сот орысша өтіп жатыр. Іс материалдарындағы аудармаларда сәйкессіздік бар. Макс Боқаев іс материалдарымен толық таныса алған жоқ. Оған абақтыға компьютер кіргізуге тыйым салынғандықтан, істегі аудио, видео жазбаларды көре де, ести де алмады, - деді Боқаева.

Оның сөзін қоштаған адвокат Төлепқали Аянов сотталушыларға іс материалдарымен толық танысу үшін уақыт беруді сұрады.

- Бізге өз позициямызды айқындап алу үшін уақыт керек. Не Боқаев, не Аян іс материалдарымен танысқан жоқ, айғақтық заттарға қатысты да ешнәрсе анық емес,- деді ол.

Адвокаттардың сөзінше, «сотқа дейінгі тергеу кезінде материалдармен танысу туралы өтініштері қанағаттандырылмаған».

Ауылшаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте плакат көтеріп тұрған атыраулық тұрғын. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Ауылшаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте плакат көтеріп тұрған атыраулық тұрғын. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Прокуор Марат Хабибуллин «іс материалымен танысуға уақыт болды, Боқаевтың өзі танысудан бас тартты» деп мәлімдеді.

Алдындағы томдарды ақтарып отырған судья адвокаттардың қыркүйек айында «материалдармен, айғақ заттармен таныстық, пікіріміз қорғауымыздағы азаматтардың сөзімен сәйкес келеді» деп қол қойғандарын көріп отырғанын айтты.

- Адвокаттар өтініші қанағаттандырылмайды. Олар іспен танысқаны туралы қол қойған. Боқаев танысудан бас тартқан, - деді Дәулешова.

Сот отырысы басында тағы да өтініш жасаған Жанар Боқаева өзінің және өзінің қорғауындағы Боқаевың сот отырысының кез келген сатысында өтініш жасау құқығын сақтауды сұрады. Прокурор Құрмет Сыдықов оның бұл өтінішін «сотты құрметтемеу, оған сенімсіздік таныту» деп санайтынын айтты.

ШЕНЕУНІКТЕР КУӘЛІГІ

Сот отырысында 2016 жылы сәуірдің 24-і күні қаланың орталық Исатай-Махамбет алаңындағы митингте болған Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев пен қаланың бұрынғы әкімі Нұрлыбек Ожаев және митинг туралы өтінішті қабылдаған басқа да бірнеше әкімдік қызметкерлері жауапталады деп күтілгенімен, олардың бәрі келмеді. Бірнеше мәрте үзілістен соң жалғасқан сот отырысында әкімдіктің екі қызметкері ғана куәлік етті.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасановтың айтуынша, сотталушылар сәуірдің 24-і мен мамырдың 21-і күндері қаланың орталық Исатай мен Махамбет атындағы алаңында митинг өткізу туралы рұқсат сұраған өтініштер тапсырған.

- Біз оларға орталық алаң митинг өткізетін орын емес екенін айттық, рұқсат берілмеді, - деді Полымбет Хасанов.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Оның сөзінше, өтініштер түскен соң Макс Боқаев пен Талғат Аян қалалық әкімдікке шақырылған.

- Сәуір айындағы өтініштен соң шақыртуға іссапарда болғандықтан Макс Боқаев келмеді. Талғат Аян «мен заңгермін, түсінемін, бірақ митингке барамын» деді, - дейді Хасанов.

Аппарат әкімінің жетекшісінің айтуынша, мамыр айында арыз түскен соң тағы да түсіндіру жұмысы жүргізілген.

- Макс Боқаев жазған арызында Исатай мен Махамбет алаңында концерт өткізуді сұраған. Бірақ концерт өткізу әкімдіктің жұмысы емес,- деді Хасанов.

Полымбет Хасановтың айтуынша, олар кейіннен Макс Боқаевқа үкімет және әкімдік жанынан құрылған арнайы жер комиссиясына мүше болуды ұсынған.

Үкімет жанынан құрылған жер комиссиясы жиынына қатысушылар. Қызылорда облысы, 2 шілде 2016 жыл.
Үкімет жанынан құрылған жер комиссиясы жиынына қатысушылар. Қызылорда облысы, 2 шілде 2016 жыл.

- Бірақ Боқаев бұл комиссияның бірінші отырысынан бас тартатынын, орталық алаңға баруға мәжбүр екенін, себебі митинг туралы естіген адамдардың оған хат жолдап, келетіндерін айтқанын, өзінің өтініш берген соң жауапты екенін айтты, - деді Хасанов.

Ол адвокаттардың митинг өткізетін орындарды таңдау критериі мен ол туралы мәслихат шешімінің қашан қабылданғаны туралы сауалына жауап бере алмады.

Одан кейін куәлік еткен Атырау қаласы ішкі саясат бөлімінің қызметкері Самат Емберген өзінің митинг өткізу туралы түскен өтініштерге рұқсат бермеу туралы жауапты дайындағанын айтты.

- Біз заңдылығын тексеріп жауап береміз. Олар сұраған орталық алаң митинг өтетін орын ретінде белгіленбеген, - деді Емберген.

КИБРАЕВ ПЕН ЕСІЛБАЕВТЫҢ ЖАУАБЫ

Қазанның 19-ы өткен сот отырысында өзін «әлеуметтік желілерде қоғамдағы маңызды оқиғаларға пікір білдіретін фрилансер-журналист» ретінде таныстырған Ринат Қибраев пен семейлік белсенді Марлан Есілбаевтан жауап алынған еді.

Ринат Қибраев қазір Алматыдағы абақтыда Қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-тармағы бойынша (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық - ред.) айыпталып, жазасын өтеп жатыр. Ол бас бостандығынан бір жарым жылға айырылған.

Ринат Кибраев өзінің сотталушыларды «екі жылдан бері танитынын, биыл мамырдағы Алматыдағы кездесулерінде Талғат Аянның әңгімелерінің барлығы тек митинг туралы болғанын» айтты. Оның сөзінше, Марлан Есілбаев және Талғат Аянмен саунаға демалуға барған кездерінде тек жер кодексін талқылаған.

Азаматтық белсенді Талғат Аян сот залында тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Азаматтық белсенді Талғат Аян сот залында тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

- Мен сол жолы митинг өткізуге оған демеушілік көрсететін Оңтүстік Қазақстан облысының адамдары бар екенін естідім. Ол құқық қорғау органдары ізіме түcіп жүр деп қорқып, қомақты соманы Марланға бермекші болды. Маған белгілісі осы, - деді Ринат Кибраев.

Ол өзіне сауал қойған прокурорға Талғат Аянға қарсы куәлік беруінің себебін «шындық бәрінен маңызды деп санағандықтан» деп түсіндірді.

Онлайн арқылы жауап берген Марлан Есілбаев Талғат Аянмен мамыр айында Алматыда танысқанын, сол жолы оның «сақтап бер» деп «футболкаға оралған бірнеше пачка ақша бергенін» айтты.

- Мені Талғаттың әлеуметтік желіде жалған аккаунттар құрып, халықты жинау тәсілі қызықтырды, онымен соны үйренгім келіп араластым. Ол маған саунада өзін біреулер аңдып жүргенін айтып, «сақтап бер» деп ақша берді, - деді Марлан Есілбаев.

Есілбаевтың айтуынша, ол «ақшаны санамаған, тек үйінде сақтап қойған». Ол «кейін шілде айында үйіме тінту жасалғанда ақшаны қорыққаннан «менің үйімде қайдан жатқанын білмеймін» деп қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне бере салдым» деп мәлімдеді.

Онлайн арқылы жауапталғандардың ешбіріне адвокаттар сауал қоймады. Олар өздерінің бұл әрекетін «қорғаушыларын қолдап отырғандарымен» түсіндірді.

Атырау қаласында 2016 жылы сәуірдің 24-і өткен «жер реформасына қарсы митингіні» ұйымдастырды деп айыпталған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты қазанның 12-сі күні басталған.

ВИДЕО: Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың белсенділердің қудаланбайтыны жөніндегі сөзі (видео сәуірде түсірілген)

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: Белсенділер қудаланбайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:44 0:00

Сотта куәгер, "билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтен онлайн жауап қазанның 17-сі күні алынып, ол «Талғат Аянға көмекшілері арқылы ақша бергенін» айтқан еді. Кәсіпкердің соттағы сөзін Азаттықтың «Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында Тоқтар Төлешов жауап берді» деген мақаласынан оқи аласыз.

Боқаев пен Аян сәуірдің 24-і күні Атырауда жер реформасына қарсылық митингісінен соң қамауға алынған. Оларға әуелде «Билікті басып алу және ұстап тұруға насихаттау немесе ашық түрде шақыру» айыбы тағылған болатын. Шілде айында белсенділерге тағылған айыптар өзгертіліп, олардың ісі «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру», «жалған ақпарат тарату» және «жиналыс, митинг, пикет, шеру, демонстрация өткізу тәртібін бұзу» баптары бойынша қаралатын болған. Азаматтық белсенділер бұл айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG