Қазақстанда 2017 жылы шілденің 1-інен бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» енгізілмек. Жарна төлеген азаматтар дәрігерлік көмекке 2018 жылы қаңтардың 1-інен бастап осы жүйе негізінде жүгіне алады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халыққа қорға жиналған қаражат есебінен дәрігерлік көмек көрсетуді мақсат етеді. Бір жағы бұл жүйе мемлекет қазынасынан тегін медицина үшін бөлінетін ақшаны үнемдейді деп жоспарланған.
Жүйе Қазақстанда екінші мәрте енгізілгелі отыр. 1990 жылдардың ортасында Қазақстан билігі міндетті медициналық сақтандыруды іске қосқан. Бірақ 1998 жылы сол кездегі медициналық сақтандыру қорының басшысы Талапкер Иманбаев Қазақстаннан кетіп қалып, "жиналған қаражатты жымқырды" деген айыппен сырттай тоғыз жылға сотталған.
AzattyqLIVE міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайын Астана онкология орталығының бас дәрігері Мұхтар Төлеутаевпен талқылады.