Өткен сенбіде Қазақстан аймақтарында "жер реформасына" қарсылық жиындарын өткізуге талпыныстар жасалды. Билік жер мәселесіне байланысты митингілер ұйымдастыруға рұқсат етпеген болатын.
Алматыда жүздеген адам полиция жауып тастаған Республика алаңына баруға тырысты. Алаңға тақағанда оларды арнайы жасақ сарбаздары мен полиция жаппай ұстай бастады. Оралдан да ұсталған адамдар жайлы ақпараттар тарады. Ақтөбе, Атырау, Астана қалаларында да белсенділер жиналып, пікір білдіруге тырысқан.
Бірақ билік полициямен қақтығыс болмаған, митингілер өтпеген, ешкім шықпағандай хабар таратты. Үш елдің ондаған журналистерінің "байқаусызда" ұсталып кеткені хабарланды. Алайда Алматыда көшедегі адамдардың жаппай ұсталғаны туралы ресми органдар жақ ашпады.
Сонымен, Қазақстанда мамырдың 21-і күні қандай оқиға болды? Билік неге азаматтардың жиналып, пікір білдіруінен қорқады? Полиция неге сол күні жұртты жаппай ұстады? Енді бұл мәселе қалай шешіледі? Келіспеушілікті өркениетті жолмен шешуге бола ма? Бұл сауалдарға AzattyqLIVE хабарында саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева жауап берді.