Accessibility links

"Қазақмыс" корпорациясы жұмысшылар талабын орындауға уәде берді


"Қазақмыс" корпорациясының жұмысшылары жалақыны өсіру талабымен ереуілге шығып тұр. Жезқазған, "Анненский" кеніші, 6 мамыр 2012 жыл.
"Қазақмыс" корпорациясының жұмысшылары жалақыны өсіру талабымен ереуілге шығып тұр. Жезқазған, "Анненский" кеніші, 6 мамыр 2012 жыл.

Бүгін, мамырдың 7-сі "Қазақмыс" корпорациясының Жезқазған қаласы маңындағы "Анненский" кенішіндегі жұмысшыларға басшылық тарапынан жалақыны өсіру жөніндегі талаптарының орындалатыны туралы жазбаша уәде берілген. Мамырдың 6-сы күні жұмысшылар жалақыны 100 пайыз өсіру туралы талаптары орындалмаса, жер астындағы шахталарынан шықпайтындарын мәлімдеген болатын.


Жергілікті басылым редакторы Берік Жағыпаровтың айтуынша, "Қазақмыс" корпорациясының бас директоры Эдуард Огай жұмысшылардың талаптары толығымен орындалатынын айтып, жазбаша келісім берген. Жұмысшылар содан кейін ғана жер асты шахтасындағы ереуілдерін тоқтатып, жер үстіне шыққан. Жағыпаровтың сөзіне қарағанда, корпорация "Шахтада болған 98 кенші жер бетіне шықты" деп хабар таратқан.

Ал ереуілдеген кеншілер арасында болған, өзін Бауыржан деп таныстырған жұмысшы Азаттық радиосына "Шахтада 350-ге тарта ереуілші болғанын, олардың шахтадан шыққанын" айтты. Оның сөзіне қарағанда, корпорация мамыр айынан бастап кеншілердің жалақыларын талап бойынша 100 пайыз өсіруге келісім берген.
"Қазақмыс" корпорациясының жұмысшылары жалақыны өсіру талабымен ереуілге жиналды. Жезқазған, "Анненский" кеніші, 6 мамыр 2012 жыл.
"Қазақмыс" корпорациясының жұмысшылары жалақыны өсіру талабымен ереуілге жиналды. Жезқазған, "Анненский" кеніші, 6 мамыр 2012 жыл.

Мамырдың 5-і мен 6-сы күндері "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Анненский" кенішінің жұмысшылары ереуілге шыққан еді. Олар жалақыны шахтаға түскен адамға ең азы 150 мың теңге, ал тікелей кен өндірумен айналысатындарға 350-500 мыңға дейін көтеруді талап еткен.

Reuters ақпарат агенттігі мамырдың 6-сы "Қазақмыс" корпорациясы жұмысшыларының орташа айлығы - 240 000 теңге (1 мың 622 АҚШ доллары), бұл - елдегі орташа жалақыдан үш есе көп" деген ақпарат таратты.

"Қазақмыстың" 18 кеніші, 10 кен байыту фабрикасы, 2 мыс балқыту өндірістік кешені және 60 мыңдай жұмысшысы бар. Мәселен, "Анненский" кенішінде машинист болып істейтін Бақытжан есімді жұмысшының айтуынша, «жалақыны өсіреміз» деген басшылар уәдесі әлі орындалмаған». Ол Азаттық тілшісіне мамырдың 5-сі күні:

- Егер маған жоспар берсе, қолыма 150 мың теңге аламын. Және бұл тұрақты жалақы емес. Кейде 130 мың аламын. Бұл - аз. Қазір жарық, азық-түліктің бағасы - бәрі қымбаттап жатыр. Біздің жұмысымыз өте ауыр. Шахтаның астында ауа жоқ. Зиянды газдар бар. Басқа жерлерде бізден де көп алады, - деген еді.

Кеше, мамырдың 6-сы Азаттыққа мәлімет берген Жезқазғандағы аймақтық басылымның тілшісі Берік Жағыпаров:

- 65, 67-ші кеніштердің, сонымен бірге «Шығыс және Батыс –Жезқазған» кеніштерінің жұмысшылары да «Анненскийге» (жердің үсті - ред.) жиналып жатыр. Басшылық басқа да наразы жұмысшылар кеніштің астындағы жолмен қазіргі 98 адамға қосылып, ереуілдеушілер саны 4-5 мың болып кете ме деп қорқып отыр, - деген болатын.
XS
SM
MD
LG