Маусымның 29-ы күні Моңғолияда парламент сайлауы өтті. Үш партия қатысқан сайлауда Моңғолия халық партиясы (елді 1990 жылдарға дейін басқарған бұрынғы компартия мұрагері, маркстік идеологиядан бас тартып, социалистік партияға айналған, жұрт "Қызыл партия" дейді) парламенттегі 76 орынның 65-ін алып, «билік партиясы» атанды.
Ал оған оппонент болып келе жатқан, 1990 жылдары құрылған демократиялық партия ("Ардчилсан нам" не "Ақ партия") атынан - 9 депутат, Моңғол халық-революциялық партиясы (бұл ұйым "Қызыл партиядан" бөлініп шыққан) атынан - 1 депутат, дербес 1 депутат сайланды .
Депутат болған үш қазақ та осы елдегі қазақтар көп тұратын Баян-Өлгий аймағынан: бірі «Ақ партиядан» болса, екеуі – «Қызыл партиядан».
Парламенттен небәрі 9 орын алған демократиялық партия ("Ақ партия") атынан сайланған депутат - Мұрат Дәкей.
- Малшы қауым енді өздері сайлады. Бұған дейін екі мәрте билік басында болдық. Бәлкім өткен төрт жылда дұрыс жұмыс істей алмаған болармыз, - дейді ол.
Мұрат Дәкейдің «билік басында болдық» деуінің себебі – Моңғолия 1990 жылдары парламенттік республикаға айналған соң президент сайлауына парламент депутаттары ғана түсіп, президент құзыры шектелген. Атқарушы билік жүйесін (жергілікті билікті қоса – ред.) толық парламент жасақтайды. Яғни үкіметті көпшілік орынға ие болған партия құрады (орын тең болған жағдайда, коалициялық үкімет құрылады).
Мұрат Дәкей мүше болып отырған «Ақ партия» 1996 және 2012 жылғы сайлаудан соң билікке екі мәрте (бір мерзім – 4 жыл) келген. Енді биліктен «толық кеткендерін» айтқан Дәкей:
- Қасымдағы кейбір жігіттердің де жеңуге мүмкіндіктері болды. Бірақ бір жағдайлар олардың жеңілуіне әсер етті, - дейді.
Депутат ол «жағдайларды» ашып айтпады.
«Жекеменшік көмір шахтасы бар екенін айтқан» 53 жастағы Мұрат Дәкей «1990 жылдардан бастап жеке кәсіпкермін. Енді депутат ретінде халықаралық мәселелермен айналысатын боламын» деді.
Ал парламентке «Қызыл партия» атынан сайланған, «жасым 50-дің үстіне шықты» деген Бәделхан Қабдісләмұлы бұған дейін де (2008-2012) бір мәрте бұл қызметті атқарғанын айтады.
- 2012 жылы билікке «Ардчилсан» демократиялық партиясы ("Ақ партия") келгеннен кейін билік құрамы түгел ауысқан болатын. Бірақ экономика өсімі төмендеп кетті. Халық тұрмысы нашарлады. Олардың басты жеңілісі – сонда. Енді билік тағы түгел ауысады - дейді депутат.
Моңғолияда депутат болған қазақтар
Депутат болған қазақтар 1992 жыл - Болат Ажіқанұлы, Сұлтан Тәукейұлы, Володя Қамбарұлы 1996 жыл - Сандалхан Раздақұлы, Болат Ажіқанұлы, Сұлтан Тәукейұлы 2000 жыл - Сандалхан Раздақұлы, Жекей Қалидолдаұлы, Нигамет Онғышұлы 2004 жыл - Мұрат Әукетайұлы, Сайран Қадырұлы, Бәкей Ағыпарұлы 2008 жыл - Тілейхан Әлмәлікұлы, Бәделхан Қабдісләмұлы, Жекей Қалидолдаұлы 2012 жыл - Тілейхан Әлмәлікұлы, Бәкей АғыпарұлыМОҢҒОЛИЯДАҒЫ САЯСИ ПІКІРТАЛАС
Моңғолия билігі сайлау арқылы жиі ауысып тұратындықтан, саяси пікірталас сайлау өткеннен кейін де жалғаса береді. Бұл саяси дискуссия Баян-Өлгий аймағында да жүріп жатады. Мәселен, Мұрат Дәкей қарсылас партия өкілі Бәделхан Қабдісләмұлының «экономика өсімі төмендеп кетті» деген пікірімен келіспейді.
- Баян-Өлгий аймағы мал шаруашылығымен айналысады. Халықтың жағдайы жақсы. Негізінен қырдағы елді араладым. Кедей деген үйде 200-ден астам қой бар. Сайлау деген бір жеңіс, бір жеңіліс қой, - дейді ол.
Бірақ Бәделхан Қабдісләмұлы мал өнімдерінің құны билікке «Ақ партия» келгеннен кейін төмендеп кеткенін» айтады.
- 2012 жылы экономикалық өсім 12 пайыздан асқан еді. Ал өткен жылы («Ақ партия» билікте болған уақытты меңзеп тұр – ред.) бұл көрсеткіш 2,3 пайызға құлдырады. Мал өнімдері құны төмендеді. Қазба байлықтардың бағасы түсті. Халықаралық байланыстар нашарлады. Енді осы мәселерді қалыпқа келтірумен айналысамыз, - дейді «Қызыл партия» өкілі.
Бәделхан Қабдісләмұлы 2001-2005 жылдары Баян-Өлгий аймағының әкімі болған. 2015 жылы экономика министрінің орынбасары қызметін де атқарды.
«Қызыл партия» атынан Моңғолия парламентіне депутат болған тағы бір этникалық қазақ Солтан Гомбыжайұлымен тілдесу мүмкін болмады.
Моңғолияның бір палаталы парламенті «Ұлы мемлекеттік хурал» деп те аталады.
Елдегі халық саны - 2 миллион 736 мың адам. Саны 150 мың деп шамаланатын этникалық қазақтар Моңғолия халқының 5 пайызы болады.