Accessibility links

Мухортова қайта мәжбүрлі емдеуге жөнелтілді


Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова
Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова

Парламент депутатын «сот ісіне араласты» деп сынағалы бері үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейін мәжбүрлі түрде психиатриялық емдеуден өткен балқаштық адвокат қайта ауруханаға жеткізілді.

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова шілденің 2-сі күні жергілікті психиатрия ауруханасына мәжбүрлі түрде емделуі үшін қайта түсті. Оның туысы Екатерина Мухортованың Азаттыққа хабарлауынша, таңертең өздерін «электрикпіз» деп таныстырған бес-алты адам үйге сау етіп кіріп, 57 жастағы Мухортованы күшпен ауруханаға ала жөнелген.

Ресейден бірнеше күнге Балқаштағы үйіне келіп, 3 шілде күні кері қайтпақ болған Зинаида Мухортованың қасында болған екі немересі шешелері Екатерина Мухортоваға адвокатты емдеуге әкеткен адамдардың біреуін «учаскелік инспектор» деп сипаттаған.

«22 ДӘРІГЕР ҚОЛ ҚОЙҒАН»

Зинаида Мухортованың Балқаш қаласындағы психиатрия ауруханасында екенін осы мекеменің бас дәрігерінің орынбасары Рысбек Ысқақов растады. Бірақ ол оқиға кезінде «күш қолданылды» деген ақпаратты: «Біз полиция емес, медицина қызметкерлеріміз» деп жоққа шығарды.

Рысбек Ысқақовтың айтуынша, биылғы ақпан айында шыққан мәжбүрлі түрде емдету туралы сот шешіміне сәйкес, Зинаида Мухортова емделуі тиіс болған.

«Алайда ол 5-6 ай бойы өз еркімен емдеуге келмеді. Ол кісі негізі науқас адам. Диагнозы – «хроникалық сандырақтау» («хроническое бредовое расстройство»). Бұл диагнозға 22 дәрігер қол қойған. Төрт рет сараптамадан өтті. Қаншама комиссия, қаншама адам тексерді» деді Рысбек Ысқақов.

Зинаида Мухортованы мәжбүрлі түрде емдеуге үкім еткен сот отырысы. Балқаш, 16 тамыз 2013 жыл
Зинаида Мухортованы мәжбүрлі түрде емдеуге үкім еткен сот отырысы. Балқаш, 16 тамыз 2013 жыл

Алайда дәрігердің бұл сөзімен Мухортованың өзі және оның қорғаушылары келіспейді. Олар балқаштық адвокат 2009 жылы сол өңірден сайланған парламент депутатының үстінен билік орындарына арыз жазған соң осындай жазалау түріне ұшырады деп санайды.

Зинаида Мухортованың адвокаты Амангелді Шорманбаев Азаттыққа шілденің 2-сі күнгі оқиғадан хабардар екенін айтты. Ол қазір «күш қолдану» туралы ақпаратты анықтап жатыр, егер рас болып шықса, полицияға арыз түсірмекші.

Амангелді Шорманбаевтың сөзінше, Зинаида Мухортованың басындағы ахуалдың қарама-қайшы тұстары өте көп. Бір жағынан оны емдеу туралы сот шешімі күшіне еніп, психиатрия ауруханасының әрекеті заң аясында болып көрінеді. Екінші жағынан, «мәселенің саяси қыры да бар».

«Зинаида Мухортованы емдеуге қажеттілік бар ма, жоқ па деген мәселе әлі шешілген жоқ. Себебі ол кісі былтыр республикалық сараптамадан өткен кезде астаналық психиатр мамандар «емдеу керек пе, жоқ па» деген сұраққа сол күйі жауап берген жоқ. Бірақ соған қарамастан сот шешім қабылдап жіберді» дейді Амангелді Шорманбаев.

«МУХОРТОВА НАУҚАС ЕМЕС»

Қазақстан заңдарына сәйкес жүйке жүйесі қатты ауыратын науқастар мен өз-өзін ұстай алмайтын адамдар ғана мәжбүрлі түрде емделіп, ауруханаға жатқызылады. Шорманбаевтың ойынша, Мухортованың бойынан қандай да бір асқынған ауру белгілері байқалмаған.

«Менің ойымша, ол кісі науқас адам емес. Ендеше сондай адамға күштеп дәрі берудің қандай қажеттілігі бар?» дейді Амангелді Шорманбаев.

Мамыр айында Қазақстан жоғарғы соты Зинаида Мухортованың өзін психиатрия ауруханасына заңсыз түрде күштеп жатқызылғаны туралы шағымын қараудан бас тартқан болатын. Осылайша ол жергілікті заң бойынша шағымданудың ең соңғы сатысынан қайтқан. Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, ендігі жалғыз үміт – БҰҰ–ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым жазу. Әзірге шағым жолданбаған.

Амангелді Шорманбаев, құқық қорғаушы, адвокат
Амангелді Шорманбаев, құқық қорғаушы, адвокат

2009 жылдың шілдесінде Балқаш қаласының бес тұрғынымен бірге сол өңірден сайланған парламент депутаттарының бірінің үстінен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Нұр Отан» партиясына шағым түсіргеннен кейін адвокат Зинаида Мухортова Қарағанды облысы билігінің тарапынан қудалауға ұшырағанын мәлімдеген.

Депутатты «соттардың ісіне араласады» деп айыптаған тұрғындардың өздері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал адвокат Мухортованың үстінен бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған «Көрінеу жалған өсек тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары кезінде ол «сандырақтау» диагнозы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, психиатриялық ауруханаға еркінен тыс емделуге жіберілді.

Бірнеше мәрте мәжбүрлі түрде емдеуден өткен Зинаида Мухортова былтыр желтоқсан айында Қазақстаннан кетіп қалған болатын. Осы уақыт бойы оның қайда екені белгісіз болып келген еді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Зинаида Мухортованың ісін жіті қадағалап келеді. Олар Қазақстан үкіметін адвокаттан «саяси астары бар» айыптауларды алып тастауға, өзгеше ойлайтын жандарды психиатриялық клиникаға жатқызып, еркінен тыс емдейтін советтік практиканы тоқтатуға шақырады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG