Accessibility links

National Geographic қазақ тілінде де шықпақ


Шыңғыс ханның бейітін іздеп жүрген National Geographic зерттеушісі Альберт Лин Моңғолияның солтүстігінде атқа мініп жүр. (Көрнекі сурет)
Шыңғыс ханның бейітін іздеп жүрген National Geographic зерттеушісі Альберт Лин Моңғолияның солтүстігінде атқа мініп жүр. (Көрнекі сурет)

2016 жылдан бастап National Geographic журналының қазақ тіліндегі нұсқасы шығатыны хабарланды. Басылым өкілінің сөзінше, журнал бұған дейін Қазақстанға қатысты санаулы мәселені ғана сөз еткен.

АҚШ ұлттық география қоғамының басылымы National Geographic Magazine 1888 жылдан бері шығады. Әу баста иллюстрациялық материалдары аз, негізінен ғылыми бағытта жасалған журнал кейін безендірілуі көп, тілі жалпыға ұғынықты танымал журналға айналған.

Журналдың қазақша нұсқасы шығатыны жайлы хабар биыл қыркүйектің басында, Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рапил Жошыбаевтың АҚШ-қа сапары кезінде жарияланған еді.

National Geographic Kazakhstan журналының жауапты шығарушысы Мақсат Ясылбайұлы Азаттық тілшісімен сұхбатында алдағы жоспарлары жайлы да айтты.

Сұхбаттың аудио нұсқасы:

National Geographic қазақша шықпақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:19 0:00
Жүктеп алу

Азаттық: – National Geographic журналының қазақша нұсқасын шығаруға не себеп болды?

National Geographic Kazakhstan журналының жауапты шығарушысы Мақсат Ясылбайұлы.
National Geographic Kazakhstan журналының жауапты шығарушысы Мақсат Ясылбайұлы.

Мақсат Ясылбайұлы: – Бұл журнал әлемде неғұрлым кең таралған ғылыми-көпшілік басылым екені мәлім. National Geographic қазір әлемнің 38 тілінде, 80-нен астам мемлекетке таралады. Орталығы АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы журнал 19-ғасырда АҚШ ұлттық география қоғамының ресми басылымы ретінде шығып, жылдар бойы құнды деректерімен оқырман сеніміне ие болған. АҚШ ұлттық география қоғамы тарихи-этнографиялық зерттеулермен шұғылданып, ұзақ жылдар мол тәжірибе жинақтаған. Сондықтан бұл журналдың материалдарын нақтылы дерек көзі ретінде құнды әрі сенімді деуге болады.

Осындай мағлұматы мол, мүмкіндігі көп журналды Қазақстанға да тартуды көздеп, Астанадағы «Қазмедиа» холдингінің басшылығы National Geographic журналының басшылығына ұсыныс жасаған.

National Geographic көршілес Ресей мен Қытайда, араб елдерінде де шығып жатыр. Ал Орталық Азияда әзірге Қазақстанда ғана шықпақ.

Азаттық: – Журналдың қазақша нұсқасын кім қаржыландырады?

Мақсат Ясылбайұлы: National Geographic Kazakhstan әйгілі журналдың брендін пайдаланады. Бірақ қаржыландыратын – «Қазмедиа» холдинг. Ал National Geographic журналының серіктестік көмегі болады. Жақында біздің жаңа редакциямыз АҚШ-қа барып, National Geographic журналымен танысып қайтты. Сонда америкалық әріптестеріміз миллиондаған фотосуреті бар мұрағатын көрсетті. Арасында Қазақстан туралы еш жерде жарияланбаған, сирек кездесетін фотосуреттер де бар. National Geographic осындай фотосуреттер базасын пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ National Geographic қазақ тілінде шыққан материалдарымыздың арасынан өзіне ұнағанын таңдап, жариялай алады. Ондай материалдарымызды басқа да серіктес журналдар да жариялауы мүмкін.

National Geographic Magazine тілшісі Стефано Унтертинер түсірген сурет. Хоккайдо, Жапония, 2010 жылдың қаңтары. (Көрнекі сурет)
National Geographic Magazine тілшісі Стефано Унтертинер түсірген сурет. Хоккайдо, Жапония, 2010 жылдың қаңтары. (Көрнекі сурет)

Азаттық: – National Geographic Kazakhstan негізінен қандай тақырыпты жазбақ?

Мақсат Ясылбайұлы: – Негізгі тақырыбымыз – табиғат, қоршаған орта мәселесі. Осы салалар бойынша бір мақала жазу үшін түбегейлі, тиянақты зерттеулер жасалады. Зерттеушілер мен ғалымдар шақырылып, мақала сұрыпталып, халыққа түсінікті қарапайым тілмен баяндалады. Біз журналдың осы мүмкіндігін пайдалануды мақсат етіп отырмыз. Қазірге дейін бұл журналда Қазақстан туралы материалдан тек Арал мәселесі ғана айтылған екен. Жер аумағы жөнінен дүниежүзі бойынша 9-орын алатын Қазақстанда жануарлар мен өсімдік әлемінің және табиғаттың алуан түрі бар. Біз журнал арқылы осыны көрсетеміз. Әзірге ағылшын тіліндегі материалдарды қазақшаға аударып береміз, бірте-бірте жергілікті контентті көбейтеміз.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG