Accessibility links

Ұлттық банк төрағасы ауысты


Ұлттық банктің жаңадан тағайындалған төрағасы Данияр Ақышев.
Ұлттық банктің жаңадан тағайындалған төрағасы Данияр Ақышев.

Бүгін Қазақстанның ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов қызметінен кетіп, орнына президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісі Данияр Ақышев тағайындалды.

Қазақстан президентінің ресми сайтының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті қызметінен алу туралы шешім қабылдап, парламент сенатына президенттің көмекшісі міндетін атқарушы Данияр Ақышевті ұлттық банк төрағасы етіп тағайындауға келісім беру туралы ұсыныс түсірген. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, сенат бүгін пленарлық отырысында президенттің бұл ұсынысын қолдаған.

Мұнан соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Данияр Ақышевті ұлттық банк төрағасы қызметіне тағайындау туралы жарлық шығарған.

37 жастағы Данияр Ақышев 2007 жылдан 2014 жылдың тамызына дейін ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ұлттық банктегі бұл қызметінен кеткеннен кейін Ақышев президент әкімшілігіндегі әлеуметтік-экономикалық мониторгинг бөлімі меңгерушісі болып, президенттің уақытша көмекшісі міндетін атқарған.

Назарбаев сенатқа жолдаған ұсынысында «Қазір [ұлттық] банкке және ұлттық валюта - теңгеге деген сенім азайды, бұған жол беруге болмайды. Елде теңге өтімділігінің тапшылығы сезіледі, экономиканы несиелеу көлемі төмендеді. Бұлар - төмен көрсеткіштер, оларды түзету үшін жұмыс істеу керек. Данияр Ақышевтың білімі мен тәжірибесі оған осы міндетті атқаруға септігін тигізетініне сенімдімін. Парламент сенатынан елдің қаржы жүйесінің игілігі үшін менің осы шешімімді қолдауды сұраймын» деген.

Оқи отырыңыз: Теңгенің «түбі» көріне ме?

Келімбетов ұлттық банк төрағасы болып 2013 жылдың қазан айында тағайындалған еді. Оның ұлттық банк төрағасы қызметінен босатылғаннан кейін қандай лауазымға тағайындалғаны әзірге хабарланған жоқ.

Келімбетовтің тұсында Қазақстан валютасы 2014 жылдың ақпанында және биыл тамызда - екі рет күрт құнсызданды. Алғашқы девальвацияда теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 155 теңгеден 185 теңгеге түскен еді. Ал биыл тамыз айында ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұрудан бас тартып, нәтижесінде теңге құны бірден 30 пайызға құлдырап, бүгін долларға шаққандағы ұлттық валюта бағамы 280 теңге төңірегінде болып тұр.

Теңгенің құнсыздануын әжуа еткен суреттер галереясы:

Соңғы девальвацияны билік шикізат бағасының арзандағанымен, бюджетке түсетін табыстың азайғанымен түсіндірген еді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 20-сы күні кәсіпкерлермен жолыққанда теңге бағамын ұстап тұру үшін кейінгі екі жылда 28 миллиард доллар қаражат жұмсалғанын айтқан.

Теңге бағамын еркіне жіберу туралы үкімет мәлімдемесінде «​валюта бағамына үкіметтің араласпайтыны, бірақ қаражат нарығы тұрақсыздығы қаупі туындаған жағдайда валюталық интервенция жасау құқығын өзінде қалдыратыны»​ да айтылған еді. Қыркүйек айының ортасында бір доллар бағасы 300 теңгеге таяған шақта ұлттық банк интервенция жасайтынын мәлімдеді. Ұлттық банк ақпаратына қарағанда, қыркүйектің 16-сынан бері валюталық интервенция жасауға бір жарым миллиард АҚШ доллары жұмсалған.

Бұл жағдайды кейбір сарапшылар сынап, Қайрат Келімбетовтің қызметінен кетуі қажет екенін айта бастаған еді.

Келімбетов жұрт есінде 2014 жылғы ақпан девальвациясының алдында ғана «валюта бағамын өзгертуге ешқандай негіз және оған қатысты алаңдаушылық жоқ»​ деген мәлімдемесімен қалды. Девальвациядан кейінгі баспасөз мәслихатында Келімбетов «​әлеуметтік желідегі отставкаға шақырған үндеулерге қалай қарайтынын»​ сұраған журналистке «​жұмыс берушісі - президент»​ екенін, «​сондықтан мұндай сұрақтарды ұлттық банк төрағасына қоймау керек екенін»​ айтқан болатын.

XS
SM
MD
LG