Accessibility links

"Халық билігінің" шақыруымен аштық уақытша тоқтады, Нарымбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғалды


Оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаев өз сотында сөйлеп тұр. Алматы, 14 мамыр 2010 жыл.
Оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаев өз сотында сөйлеп тұр. Алматы, 14 мамыр 2010 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетуін талап етушілер бүгін саяси аштық акциясын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Ал абақтыдағы Ермек Нарымбаевқа қарсы билік өкіліне қарсылық көрсеткен деген айыппен қылмыстық іс қозғалды.

АШТЫҚ ЖҮЙЕНІ СЕЛТ ЕТКІЗБЕДІ

Наразылық іс-шарасын ұйымдастырушы Жасарал Қуанышәлінің айтуынша, 14 күнге созылған аштық акциясын үзуге «Халық билігі» саяси блогының ашығушыларды акцияны тоқтатуға шақырған үндеуі түрткі болды. Шешім саяси блог өкілдерімен кездесуде қабылданды.

«Халық билігінің» үндеуінде «Қазіргі саяси жүйе мұндай құрбандыққа тұрмайды, аштық жариялау жүйені селт еткізбеді» делінген.
Аштыққа қатысушылардың пікірінше, наразылық іс-шарасы белгілі бір деңгейде қоғамда өзінің рөлін атқарып шықты.
Ғазиз Алдамжаров, Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы. Алматы, 14 мамыр 2010 жыл.


- Біз әдейі жоспарлап шыққан жоқпыз. Екі апта отырып, Назарбаевқа қарсы шығуға болатындығын дәлелдедік. Бұл «Назарбаев кет!» деген бірінші акция болды. Халық біліп отыр. Біз аштықты біржолата тоқтатпаймыз, оны уақытша ғана үземіз, - деді Қуанышәлі.

Оның айтуынша, аштық уақытша тоқтағанымен, оны ұйымдастыру штабы жұмыс істей береді және алдағы уақытта ондаған адамның жаппай аштық акциясы жариялануы мүмкін.

- Біз осы акцияны әрі қарай күшейтіп алып кету, содан нәтиже шығару туралы айтып отырмыз. Одан әрі қарай бес адам емес, 50 адам отыратын болса, соның өзі жақсы, - дейді Қуанышәлі.

Қазірдің өзінде билікке қарсы аштық акциясын әйелдер қауымы да қолдауға әзір отыр. Солардың бірі ақын Айсұлу Қадырбаева.
Ақын Айсұлу Қадырбаева. Алматы, 14 мамыр 2010 жыл.


- Қажет болса, аштыққа біз - әйелдер шығайық, ал еркектер іске кіріссін. Сіздер отырасыздар, барлығымыз соның төңірегінде жүретін болсақ ештеме өнбейді. Мені ұрысып айтып отыр екен деп ойламаңыз, жанымды түсініңіз. Ренжімеңіз, - дейді күйініп сөйлеген «Алға» партиясын тіркеу комитетінің үйлестірушісі Қадырбаева.

НАРЫМБАЕВ 5 ЖЫЛҒА СОТТАЛУЫ МҮМКІН


Екі аптаға жалғасқан наразылық акциясына тоғыз адам қатысты. Олардың төртеуі ұзақ уақыт сумен ғана қоректенуінен ағзасы әлсіреп, аштықты үзуге мәжбүр болды. Бес адам соңына дейін жетті. Солардың бірі Ермек Нарымбаев аштықтық тоқтағандығын әлі естіген жоқ. Қазір ол Алматыдағы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысында отыр.

1-ші мамырда заңсыз шеруге шыққаны үшін 15 күндік әкімшілік жазаға тартылған Ермек Нарымбаев алдағы жексенбі күні түнде босап шығуы тиіс еді. Зайыбы Зоя Нарымбаеваның Азаттыққа хабарлауынша, оны бейсенбі күні әкімшілік жаза мекемесінен заттарымен бірге Алматы қалалық ішкі істер департаментіне алып кеткен.
Зоя Нарымбаева, қоғам белсендісі Ермек Нарымбаевтың зайыбы. Алматы, 14 мамыр 2010 жыл.


- Мен кеше түстен кейін Ермек жатқан мекемеге суымды алып бардым. Күзетші әкелгенімді алмады, оны полицияға алып кеткендігін айтты. Адвокатпен бірге сонда жеттік. Бізге полицияда тергеу адвокатсыз-ақ басталып кеткендігін хабарлады, - деді Нарымбаева.

Оның айтуынша, Ермек Нарымбаевқа қарсы қылмыстық кодекстің 321-ші бабының 1-ші бөлімі негізінде қылмыстық іс ашып, билік өкіліне қарсылық көрсеткен деген күдікпен тергеуге алған. Заңдағы бұл бап алты айдан бес жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Зоя Нарымбаеваның айтуынша, қылмыстық істі тергеу барысында екі полиция қызметкері Ермек Нарымбаевқа қарсы куәлік еткен.

- Адвокаттан естігенім бойынша, екі полиция қызметкері куәгерлік еткен. Біреуі өзінің «погонын жұлып, қалтасын жыртты» десе, екіншісі «құлатты» депті. Куәгерлер солардың адамдары болып тұр, - дейді Нарымбаева.

ПОЛИЦИЯ АҚПАРАТ БЕРМЕЙДІ

Ермек Нарымбаевқа қатысты істің мән-жайын білмек болып Алматы қалалық ішкі істер департаментіне хабарласқанымызда, осы мекеменің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ақпарат беру мәселесінле талап күшейгендігін мәлімдеді.
Дәрігерлер әкімшлік сот ғимаратында Ермек Нарымбаевтың денсаулығын тексеруде. Алматы, 2 мамыр, 2010 жыл.


- Бізге ресми хат арқылы хабарлассаңыз. Факспен жіберілген құжат қаралмайды, түпнұсқасын жеткізу керек. Басшыларымыздың талабы осындай болып отыр, - деді департамент өкілі.

Азаттық радиосының полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғұмбаевтың атына жазылған хат ереже бойынша полиция ғимаратындағы жәшікке салынды. Бірақ мекеменің баспасөз қызметіндегілер бұл хатқа қатысты нұсқау жоғарыдан әлі түспегендігін айтып, сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
XS
SM
MD
LG