Сарапшылар ҰҚК-нің жоғары шенді қызметкерлері толық құрамда суретке түсіп, мұнысын ақпарат құралдарында жариялаған оқиға бұрын-соңды болмаған дейді. Советтің КГБ-ның шекпенінен шыққан ҰҚК-нің 25 жылдық мерейтойымен жоғары шенді офицерлерді президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі шілденің 13-інде Астанада құттықтады. Ол қазақстандық чекистерді «үнемі сақ болуға» және «қорғанысқа әзір отыруға» шақырды. Назарбаев арнайы қызмет күресуге тиіс қатерлерді тізіп берді. Президент халықаралық террористік және діни экстремистік ұйымдардан күш алып отырған радикалды топтарды, киберқауіпті және гибрид соғыстар қаупін ең үлкен қатерлер деп атады.
Бір қызығы, Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысында әскери конфликт басталғалы бері және «Ресей АҚШ-тағы президент сайлауына араласыпты-мыс» деген ақпарат тарағалы «гибрид соғыс» және «киберқауіп» ұғымдары жиі айтыла бастады.
Мұның алдында, шілденің 3-інде Назарбаев ҰҚК-ға арнайы органдардың, жемқорлыққа қарсы қызметтің және әскерилердің ісін тергеуге құқық беретін жаңа заңға қол қойған. 2018 жылдың ақпан айынан бастап ұялы байланыс қызмет байланысы арқылы сөйлескен телефон әңгімелері, видеолар, СМС-хабарламалардың барлығы жазылып алынып, екі жыл бойы сақталмақ. Ал арнайы құқықтық процедура бойынша бұл мәліметтерді ҰҚК-ге де беруге болады.
«ЖАТТАНДЫ СӨЗДЕР» МЕН «ИМИДЖДІК ТІРКЕСТЕР»
Қазақстан оппозициясының ақсақалы, Қазақстан парламентінің бұрынғы төрағасы Серікболсын Әбділдин президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ҰҚК-нің 25 жылдығына қатысты айтқан пікірінің барлығы имидждік сөздер деді. Оның айтуынша, бұл салтанатты жиынға ТМД елдері арнайы қызметтерінің басшылары да мейман ретінде қатысқанын ескеру керек.
Басқа елдердің өкілдерін жинап алған ол Қазақстанда өзінің күшті арнайы қызмет қалыптастырғанын көрсеткісі келді.
– Басқа елдердің өкілдерін жинап алған ол Қазақстанда өзінің күшті арнайы қызмет қалыптастырғанын көрсеткісі келді, – дейді Әбділдин.
Саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін оқиғаға орай айтылған дәстүрлі пікір деп қабылдау керек. «Оның гибрид соғыс пен киберқауіп жайлы сөздерінен ерекше астар іздеп, оны Ресейге қатысты қарастырудың қажеті жоқ дейді» ол. Сарапшының пікірінше, гибрид соғыс бұрыннан жүріп жатыр, ал бұл туралы түсінік те бұрыннан бар, тек соңғы кездері бұл сөз ерекше «сәнге айналды», сондықтан бұған тосын жаңалық ретінде қараудың қисыны жоқ.
– Ол [президент Назарбаев] тағы не нәрсеге [ҰҚК-ның назарын] аудару керек? Терроризм, ұлттық қауіпсіздік, және басқалары. Ол енді оларға «гибрид соғыс» дегенді ұсынды. Шындығында бұған терроризм де, диверсиялық топтар да, басқа түрлі әдістер де кіреді, – дейді Марат Шибұтов.
Саясаттанушы Рустам Бурнашевтың айтуынша, президент Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚК-ның жаңа типтегі қауіп-қатерлерге, соның ішінде гибрид соғыстарға қарсы тұруға дайын болуы қажеттігін ескертті. Сарапшының ойынша, президент Назарбаевтың пікірінің Украинадағы дағдарысқа қатысы жоқ.
Меніңше, мұнда осы типтегі соғыстарға жалпы дайын болу керек деген ой айтылды
– Меніңше, мұнда осы типтегі соғыстарға жалпы дайын болу керек деген ой айтылды... Назарбаев Қазақстан арнайы қызметінің гибрид соғысқа дайындығын сөз еткенде мұны Украинадағы жағдайға, Ресейдің саясатына қатысты айтқан жоқ деп ойлаймын, – дейді Рустам Бурнашев.
ҰҚК КҮШЕЙІП ЖАТҚАНДА ӘБІҚАЕВ КЕТТІ
Кездейсоқтық па, жоқ па, дәл ҰҚК-ның туған күні – 13 шілдеде ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы және 77 жастағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі ретінде есте қалған саяси аренадағы ықпалды тұлға Нұртай Әбіқаев сенат депутаты қызметінен босатылды.
Сенаттың бұрынғы депутаты, оппозициялық саясаткер Зәуреш Баталова 70 жастағы Әбіқаевтың қызметтен кетуін ерекше оқиға деп санамайды. Оның айтуынша, Әбіқаевтың және зейнет жасындағы басқа сенаторлардың орын босатуы – билік транзиті процесіндегі қалыпты құбылыс. Яғни билік транзитін дұрыс ұйымдастыру үшін жаңа кадрлар керек. Мұндай кадрлық өзгерістер болатыны анық еді, бірақ биліктің бар назары биыл жазда Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына ауып кеткен.
Ал ҰҚК рөлінің күшеюіне келер болсақ, «онсыз да халық арасында беделі аз ҰҚК бар күшін ел ішіне, оппозицияны қудалауға, кейде тіпті жалған қатер ойлап табуға жұмсап, діни экстремизмнің дендеп енуі сияқты сыртқы қатерлерге тиісті дәрежеде мән бермей деп қауіп етемін» деді Батталова.
Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Нұртай Әбіқаевтың тұсында да, қазіргі Кәрім Мәсімовтың тұсында да ҰҚК тек мемлекеттің қауіпсіздігін емес, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. «Сондықтан, Назарбаев ҰҚК-ның рөлінің күшейгеніне мүдделі» дейді Әбділдин.
ҰҚК-ның бұрынғы қызметкері, отставкадағы полковник Арат Нарманбетовтың айтуынша, гибрид соғыстарының қаупі жайлы сөз еткенде президент Ресейді меңзеді ме, әлде жалпы қатер туралы айтты ма, ол жағын нақтылау қиын.
– Бірақ ол мұны [Ресейді] тұспалдамады деп те айта алмаймын, – деген бұрынғы чекист «досың қанша жақсы болса да, қатерге дайын отыру керегін» ескертті.
Гибрид соғыстың қаупіне келсек, Нарманбетовтың айтуынша, бұл қауіп Қазақстанға ең алдымен Ауғанстаннан келіп тұр.
– Қазір онда Сирия мен Иракта өлмей қалған «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының адамдары жиналып жатыр, – дейді ол.
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтистің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде әсіресе ҰҚК-ның діни экстремизмге және діни сипаты бар терроризмге қарсы тұру керектігін баса айтқан, ҰҚК-ны да осы бағытта күшейтіп жатыр.
Терроризммен және экстремизммен күресу керек, бірақ күрес тек күш қолдану жолымен жүрмеуі керек.
– Терроризммен және экстремизммен күресу керек, бірақ күрес тек күш қолдану жолымен жүрмеуі керек. Күрес тек терроризмнің себептеріне емес, оның салдарына да қарсы бағытталуы керек, бірақ мұндай күресте қатыгездікке қарсы реакция да қатыгез болады, – дейді Е.Жовтис.
Екінші жағынан, биліктің тежеу және теңгеру жүйесі бұзылып, ҰҚК-ның салмағы артып кетеді дейді Жовтис. Оның пікірінше, «мұның соңы жақсы болмайтыны тарихтан белгілі».
ҰҚК тоғыз бөлімшеден тұрады. Олар – қарсы барлау қызметі, шекара қызметі, террорға қарсы қызмет, «А» арнайы қызметі, әскери қарсы барлау қызметі, экономикалық қауіпсіздік қызметі, ақпарат және киберқауіпсіздік қызметі, үкімет байланысы қызметі, кадрлар даярлау қызметі. Бұл ақпаратты жергілікті Tengrinews сайты ҰҚК-ның мерейтойы күні жариялады.