Астана қаласын қақ жарып ағатын Есіл өзенінің сол жағалауындағы дөңгелек пішінді алып ғимарат алыстан көрінеді. Тоғыз қабатты ғимараттың дөңес әйнек шатырына аспандағы бұлт шағылысып тұрады. Назарбаев орталығы 2012 жылы ашылып, 2014 жылы жазда осы ғимаратқа көшкен. Ал биыл тамыз айында бұл мекеме азаматтарға есігін ашып, алғашқы экскурсиялар ұйымдастыра бастады.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ғимаратты ашқан кезде: «Мұндай орталық әлемнің көп қалаларында бар. Жастар мұнда ел тарихынан жаңа мағлұматтар алып, шет тілдерін меңгереді. Ғимарат жеке қаражатқа салынды» деген еді.
Бұл орталықта «Елбасы кітапханасы» аталатын мекемеден бөлек «Елбасының қоры» да орналасқан.
ҚЫРАҒЫ КҮЗЕТ
Алғашқы экскурсиялардың біріне Азаттық тілшісі де барды. Тегін экскурсия әзірге Назарбаев орталығындағы кітапханаға ғана жасалады. Оған кірерде екі-үш дүркін қатаң тексеруден өтесіз. Көлікпен келген азамат машинасы орталық аумағына кірерде тексеріледі, Азаттық тілшісі күзет қызметкерлері көлік астын айналы құралмен тексергеніне куә болды.
Орталыққа аумағына өтерде жеке бас куәлігіңіз тіркеліп, темір анықтайтын арнайы құралдан өткізеді. Тіркеу терезесі маңдайшасына телефон, фотоаппарат, камера, компьютер, қару өткізуге болмайтынын білдіретін белгілер жапсырылған. Мұндай қырағы тексерістен орталықтың үлкен дәлізіне кірерде тағы бір мәрте өтесіз.
Экскурсия жүргізушісі Динара Жасымбаева президент орталығын мемлекеттік күзет қызметі күзететінін хабарлады. Мұның себебін ол «ғимаратта президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кабинеті мен жеке кітапханасы, жеке заттары бар» деп түсіндірді. Ол мұнда Нұрсұлтан Назарбаевтың «анда-санда келіп тұратынын» да ескертті.
СЫЙЛЫҚТАР МЕН «МАКСИМ» ПУЛЕМЕТІ
Келушілерді бірінші қабаттағы кіреберіс залда Қазақстан картасын ұстап отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні қарсы алады. Жалпы, мұнда қайда қарасаңыз да, Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін көресіз.
Экскурсия кітапханаға жетпей, екінші қабаттағы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған көрмеден басталды. Экспонаттар арасында өзге ел басшылары берген кәдесыйлар, Қытайдың бұрынғы басшысы Ху Цзиньтао сыйлаған қола тұлпар, танымал теннисші Рафаэль Надаль сыйлаған сағат пен президенттің әр жылдары таққан сағаттары, киген киімдері бар.
Мұнда Назарбаевтың қару-жарақ коллекциясын да көруге болады. Аңшы мылтықтары, түрлі тапаншалар сияқты 20-дан астам қару түрлерінің ішінде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан қорғаныс министрлігі сыйлаған, алтын жалатылған 1910 жылғы «Максим» пулеметі де тұр.
Көрмеге бірнеше жүз экспонат қойылған. Орталықтың аға сарапшысы Жансұлу Махамбетшина:
- Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары мен қызметін зерттейтін оқушылар мен студенттерге эмоционалдық көмекші рөл атқарады, - дейді.
Азаттық тілшісіне кей экспонаттарды фотоға түсіруге тыйым салынды.
ПРЕЗИДЕНТ КІТАПХАНАСЫ
Тұңғыш президент кітапханасы Назарбаев орталығының үшінші қабатында орналасқан. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, «Кітапхана қорын құрастыру кезінде президенттің өз үйіндегі кітаптар жинағы негізге алынған. Оқырманға кітап берілмейді. Олар компьютерден кітаптардың электронды нұсқаларын оқи алады».
Кітапхана басшысы Сандуғаш Әбсәдірованың сөзінше, оқырман билеті кез келген адамға берілмейді.
- Оқырман санаты шектелген. Прездент әкімшілігі, министрліктер мен ведомстволар қызметкерлеріне беріледі. Мемлекет басшысының өмірі мен қызметін, Қазақстанның қазіргі тарихын зерттеп жүрген магистранттар мен ғылыми ізденушілер де билет берілетін топқа жатады. – дейді ол.
Кітапхана қызметкерінің сөзінше, «қарапайым азаматтар президент кітапханасының сайтындағы (presidentlibrary.kz) өтініш хатты толтыру арқылы бір реттік кіру мүмкіндігін ала алады».
ЕКІ ТҮРЛІ ПІКІР
Назарбаев орталығы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметін насихаттайтын Астанадағы жалғыз мекеме емес. Мұнда Қазақстан тұңғыш президенті музейі 10 жылдан астам жұмыс істеп келеді. 2014 жылы ашылған Қазақстан ұлттық музейінде де Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты көптеген экспонаттар қойылған.
Саясаткер Жармахан Тұяқбай мұндай құбылысты «жеке басқа табыну» деп санайды.
- Соңғы жеті-сегіз жыл ішінде жеке басқа табыну, барлық жақсылықты бір адамның ғана еңбегі, оның ел басқарып отырғанының нәтижесі деген мақтау мен дәріптеу кең етек алды. Ол тек қана көрме, кітапхана, мұражай емес, оның тірі кезінде ескерткіштерін орнатып жатқанның өзі де осының көрінісі деп ойлаймын, – дейді саясаткер Жармахан Тұяқбай.
Ал мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов «тұлға еңбегін бағалаудың сөкеттігі жоқ» деп санайды.
- «Жақсының жақсылығын айт» деген сөз бар. Өз ұлтымыз азаматының жетістігін ашық айту, құрметтеу керек. Өнер адамдарына табынып жатамыз. Оның қасында мемлекет негізін қалаған тұлғаның орны бөлек. Бұл жерден артық ештеңе көріп тұрған жоқпын, – дейді Мұрат Әбенов.
Назарбаев орталығы 2012 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жарлығымен құрылған. Орталық сайтында оның «коммерциялық ұйым емес» екені, «мақсаты – президенттің тарихи мұрасын қолдау, Қазақстандағы мемлекеттілік тарихын насихаттау» екені жазылған. Толық атауы – «Назарбаев орталығы» көп салалы ғылыми-сараптамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі». Мекеме құрамында мемлекеттілік, қауіпсіздік және даму институты, мұрағаттық-кітапханалық бөлім жұмыс істейді.