Accessibility links

Назарбаев «жұртшылықты біріктіру үшін» ерте президенттік сайлау өткізуді ұсынды


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Қаңтардың 31-інде Астана қаласында үндеу жолдаған президент Нұрсұлтан Назарбаев референдум өткізуді ұсынған бастамашыл топқа рақмет айтып, конституциялық кеңестің шешіміне қарсы шықпайтынын мәлімдеді.


Қазақстан президенті шағын үндеу жолдай отырып, екі түрлі мәселеге назар аударта сөйледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, «ел ішінен шыққан» бастамашыл топтың талап-тілегі көпшілік халықтың тілеуімен үндес шығып жатыр. Бірақ ол «демократиялық жолмен сайланған тұңғыш президент» ретінде «ата заңға адалдығын айқындайтын тағылымды дәріс» көрсету үшін конституциялық кеңестің шешіміне қарсы шықпайды.

«ХАЛЫҚТЫ БІРІКТІРУ»

Нұрсұлтан Назарбаевтың қисыны бойынша, бір жағынан өзін қолдаушы бұқара халықтың ыстық ықыласы күйдіріп барады. Екінші жағынан тұңғыш президент деген мәртебесін пайдаланып, референдум арқылы еш сайлаусыз билігін ұзартса, «болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтемекші». Оның үстіне заңның дұрыстығын қадағалаушы ең биік дәрежелі орган ретінде конституциялық кеңес парламенттің референдумға қатысты негізгі заңға өзгеріс енгізу туралы ұсынысын кері қайтарып тұр.
Қазақстан президенті осы қалыптасқан жағдайдың «жұртшылықты екіге бөлетін» ахуал екеніне меңзейді.

Қазақстан президенті осы қалыптасқан жағдайдың «жұртшылықты екіге бөлетін» ахуал екеніне меңзейді. Ол һәм «сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бастаманы кері қайыра алмайды», һәм конституцияны өзгерткісі келмейді. «Күрделі саяси мәселені» шешу үшін Назарбаев өзінің өкілетін 2020 жылға дейін ұзартуды көздейтін референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Оның орнына «Қазақстан халқын біріктіру» үшін мерзімінен бұрын, яғни биыл, жаңадан президенттік сайлау өткізу туралы ұсыныс енгізіп, осы туралы заңды парламент қарауына жібергенін жария қылды.

Президент Назарбаев «жұртшылықтың қалай бөлінгенін», неге шұғыл түрде «елді біріктіру» қажет болғанын және бұл мәселенің неліктен тек ерте президенттік сайлау өткізу арқылы шешілетінін анықтап айтпады. Әдеттегідей сөзінің соңында Назарбаев Қазақстанның "индустриялық-инновациялық және әлеуметтік жаңғыру жолында" келе жатқанын айта кетті.
Назарбаев «Қазақстан халқын біріктіру» үшін мерзімінен бұрын, яғни биыл, жаңадан президенттік сайлау өткізуді ұсынды.

Қаңтардың 31-інде, сәл ертерек Қазақстанның конституциялық кеңесі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін республикалық референдум арқылы ұзарту туралы парламент қабылдаған конституциялық заңға қатысты ұйғарымын жария еткен еді. Конституциялық кеңес бұл заң Негізгі заңның ережелері мен нормаларына қайшы келеді деп тапқан болатын.

ХАЛЫҚТЫҢ ПІКІРІ

Қазақстан президентінің дүйсенбі күнгі үндеуіне қатысты қазақстандық сарапшылар мен саясаткерлер Азаттық радиосына төмендегідей пікір айтты.

Саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша президентті мұндай қадамға итермелеген үш фактор бар. Біріншісі - Батыс елдерінің референдумға қатысты теріс позиция ұстануы. Екіншіден - осы жағдайды пайдаланып, Назарбаев парламентке сайлау туралы жаңа заң жобасын ұсыну арқылы өзіне тиімді бірқатар жаңа жеңілдікке қол жеткізбекші. Үшінші себеп Ресеймен байланысты. Ол жайында саясаттанушы Айдос Сарым былай дейді:



– Менің түсінігімде, бұл қадамның бір дұрыс жері – алдағы уақытта Ресейде өтетін сайлаудың алдына түсіп сайлау өткізу керек деп өзім де бірнеше рет пікір айтқан болатынмын. Егер ондай болса, Қазақстан өз сайлауын Ресейдің
Қазақстанның президенттік сайлауын Ресейдегі сайлаудан бұрын өткізіп алуы - өте тиімді стратегия.
күн тәртібіне байламай жеке өткізіп алып, Ресейдегі ішкі жағдайға, Медведев пен Путиннің тартысына дейін өзінің мәселесін толық шешіп алғаны бір жағынан тиімді болайын деп тұр.

– Әрине, Қазақстан әлемдегі маңызды ойыншылардың біріне айналып келе жатыр мұнай мен газ саласында. Осы тұрғыдан келгенде Лукашенко сияқты әділетсіз сайлауға не референдумға барып, бүкіл Батысты дүрліктіріп, елімізді изолицияға түсіре алмайды. Ол енді бүгінгі элитаның да, биліктің де, басқалардың да мүдделеріне қарсы келетін нәрсе. Сондықтан бар жағын ойластыра келіп, әлемдегі жағдайды, ішкі жағдайды ескере отырып, осындай қадамға барып отыр деп есептеймін, - дейді Айдос Сарым.

2012 жылы өтуі тиіс болған президенттік сайлауға ертеден қамданып, өздерін кандидат ретінде ұсынып үлгірген тіркелмеген "Алға" партиясының төрағасы Владимир Козлов пен "Жаса, Азаттық!" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин де бұл жаңалыққа қатысты ойларын білдірді.

Владимир Козловтың пайымына салсақ, президент Назарбаевтың шешіміне әсер еткен негізгі себеп біреу ғана.



– Бір ғана себеп бар. Ол президент Назарбаевтың 2012 жылғы сайлауға қатысып, онда жеңіп шығатынына қатты күмән келтіруі және соған
Президент Назарбаев 2012 жылғы сайлауда жеңіп шығатынына қатты күмән келтірді.
байланысты ішінде туған зор сенімсіздігі... Ал шұғыл түрде жарияланған мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлау алдында оның қарсыластарына дайындалатын уақыт тағы да жетпей қалады. Сөйтіп, ол тағы да әділетсіз түрде үстем шықпақ, - деді Владимир Козлов.

Ал Жасарал Қуанышәлин Қазақстанның саяси өміріндегі оқиғалардың енді қалай өрбитініне қатысты мынадай болжам айтты:



– Барлығы да тікелей Назарбаевтың өзінің алдын-ала жасаған сценариі бойынша өтіп жатқан ойын бұл. Бұрын да сондай болған. Жалпы, Назарбаевтың ешбір сайлауы өз уақытында өтпеді деп айтуға болады.
Назарбаевтың кезінде президенттік сайлаулар көбіне өз уақытында өткен жоқ.
Референдуммен ауыстырған кездері болды. Қазір де 2012-жылы өтетін сайлауды мынандай ойындардан кейін, өзіне ұпай жинап алып (әлгіндей арзан ұпай – «Назарбаев мұндай заң бұзушылыққа көнбеді», «бұл дұрыс деп отыр», «Назарбаев оппозиция айтқандай сайлаудан қорықпай, сайлауға барайын деп отыр», «барлығы бос әңгіме» деп), шетелдік бұлбұлдарға сайратып қояды.

Ресей құптайды, Путин досы бүкіл күштерін қосады. Сөйтіп 2011 жылы аспаннан түскендей қылып, алдын-ала осы сценарийдің негізінде бәрін дайындап қойған сайлауды өткізеді. Бүкіл әкімшілік ресурсты қосады, қолбала сайлау комисияларының бәрі сақадай-сай тұр. Жұрттың бәрі «ал, енді не істейміз» деп отырғанда бұлар бәрін өткізіп жібереді.

Енді оған кім қатысады дегенге келсек, әрине, мен түсемін. Мен бұл президент сайлауына түсіп, қатысуға бар күшімді саламын. Әлбетте, Қазақстан жағдайында қаншалықты мүмкін болады – оны уақыт көрсетеді, - деді Жасарал Қуанышәлин.
XS
SM
MD
LG