Accessibility links

Ақорда Назарбаевты мәңгілік президент ету ұсынысы туралы хабарлады


Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылғы желтоқсандағы президенттік сайлаудағы жеңісінен кейін қолдаушыларының алдында. 5 желтоқсан, 2005 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылғы желтоқсандағы президенттік сайлаудағы жеңісінен кейін қолдаушыларының алдында. 5 желтоқсан, 2005 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды өмір бойы басқарсын. Осындай ұсынысты бейсенбі күні Назарбаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында профессор Закратдин Байдосов жасады деп хабарлады президенттің баспасөз-қызметі.

«БОЛАШАҚТА ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ ӨТКІЗУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

Қазақстан президентіне қатысты бұл жолғы ұсыныс ақтөбелік профессордан шығып отыр. Өмірлік президент өкілеттігін беру туралы бастаманы бейсенбі күні президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде профессор Закратдин Байдосов жасай келе былай деген екен ол:

- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, халық әрдайым Сіз үшін дауыс береді. Сіз әрқашан халық игілігі және күллі еліміз үшін қызмет жасайсыз. Біз болашақта президенттік сайлауды өткізудің қажеті жоқ деп есептейміз. Сіз Қазақстанды басқаруыңыз және әрқашан елімізге басшылық жасай беруіңіз керек. Конституцияға тиісті өзгертулер енгізу қажет, - деді тарих ғылымдарының докторы Байдосов.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Коституциясына соңғы енгізілген өзгерістер мен түзетулер бойынша шектеусіз мәрте президенттік сайлауға түсе алады. Тұңғыш президентке қатысты президенттік сайлауға қанша рет түсуге болады деген шектеу жоқ, ол 2007 жылы мамырда алынып тасталынды.

Сол кезде Конституцияға түзету енгізу туралы ойды парламент депутаттары айтқан болатын. Олар мұндай ұсынысын «Қазақстанның алғашқы президентінің тарихи ролімен» түсіндірген еді.

"ЖАҒЫМПАЗ ПРОФЕССОР ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ ТӘРБИЕ БЕРЕДІ"


Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы басты қарсыластарының бірі, коммунист Серікболсын Әбділдин өз бәсекелесіне өмірлік президент өкілеттігін беру туралы ұсынысқа қарсы. Оның пікірінше, дәл осындай ойдың өзін профессорға ол әдейі айтқызған болуы мүмкін.

- Президентке жағымпазданғысы келген профессор жастарға дұрыс тәрбие бере алмайды. Ал оны айтқызып жүрген Назарбаевтың өзі деп есептеймін. Егер халықтың көпшілігі қолдай қалатын болса, соны жүзеге асырады. Мен бұған үзілді - кесілді қарсымын. Жалпы мұндай жағдай дүниежүзінің тәжірибесінде жоқ. Бұл ұлттың мүддесіне қайшы келеді. Заң бойынша уақытында басшыларды ауыстырып отыратын дәрежеге қол жеткізу керек. Сонда ғана демократия, шындық жолы халықтың арасына тарайды, - деді Коммунистік партияның төрағасы Әбділдин.

Биыл Қазақстанда жоғары билік басына Нұрсұлтан Назарбаевтың келгеніне тура 20 жыл толды. 1989 жылы маусымның 22-інде ол Қазақстан Компартиясы ОК-нің І хатшысы қызметіне кіріскен болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы президенті болып сайланды. 2005 жылы 4 желтоқсанда президенттік сайлауда ол жеті жылдық мерзімге қайта сайланды. Қазақстан заңына сәйкес, кезекті президент сайлауы 2012 жылы өтуі тиіс.
XS
SM
MD
LG