Accessibility links

Назарбаев Украинадағы жағдайды талқылауды ұсынды


Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл.
Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл.

Қазақстан президенті Украинадағы жағдай ТМД мен Кеден Одағына әсер ететінін айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 4-і күні Астанада өткен сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесу кезінде Украинадағы жағдайдың Кеден Одағы елдеріне әсері бар екенін айтты. Бұл туралы президенттің ресми сайты хабарлады.

"Украинадағы жағдай елдердің ТМД аясындағы өзара қарым-қатынастарына тікелей әсер етеді және Кеден Одағы мемлекеттеріне жанама қатысы бар. Мен ең таяу уақытта байсалды пікір алмасып, қазіргі жағдайдағы қауіпті үрдістердің белең алуына жол бермеу жөніндегі шараларды талқылайтын кездесу өткізу туралы ұсыныс енгіздім" деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі наурыздың 3-і күні Украинадағы жағдайды келіссөздер арқылы шешуге шақыратын мәлімдеме жасаған еді. Министрлік "шиеленістің одан әрі өрбуі аймақтық және жаһандық ауқымдағы күтпеген нәтижелерге ұласуы мүмкін" екенін айтып, барлық тараптарды күш қолданудан бас тартуға, барынша саяси күш-жігер танытуға шақырған.

Украинадағы жағдайды бұған дейін Кеден Одағына және Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесіне мүше елдер - Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары телефон арқылы да талқылаған.

Кремль үш президенттің телефон әңгімесінен кейін: "Украинадағы қоғамдық-саяси ахуалдың шиеленісуі Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесіне мүше елдердің дағдарыстың экономикалық және гуманитарлық салдарына алаңдаушылығын туғызады. Үш ел басшылары тығыз байланыста болуға уағдаласты" деген ақпарат таратты.

1 наурыз күні Ресейдің федерация кеңесі Ресей қарулы күштерін Украина территориясында пайдалану туралы президент Путиннің ұсынысын бірауыздан қолдады. Ресей президенті Владимир Путин федерация кеңесінен "жағдай тұрақтанғанша Украина территориясында әскер пайдалануға" рұқсат сұраған еді.
XS
SM
MD
LG