Accessibility links

Жаңа мәжіліс ескі үкіметті таңдады


Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) бесінші шақырылымдағы мәжілістің алғашқы сессиясының ашылуы кезінде. Астана. 20 қаңтар, 2012 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) бесінші шақырылымдағы мәжілістің алғашқы сессиясының ашылуы кезінде. Астана. 20 қаңтар, 2012 жыл.

Мерзімінен бұрын сайланған парламент мәжілісінің төрағасы болып "Нұр Отан" партиясы фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин сайланды. Президент Назарбаев қатысқан жиында мәжіліс Кәрім Мәсімов басқаратын Қазақстан үкіметіне сенім білідіріп, орнында қалдырды.

Жұма, қаңтардың 20-сы Қазақстан парламентінің бесінші шақырылым депутаттарының бірінші сессиясы басталды. Парламенттің қос палатасы - сенат пен мәжілістің бірлескен сессиясын президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты деп хабарлады Астанадағы парламент үйінен Азаттық тілшісі.

Назарбаев 15 қаңтарда "мемлекеттің әділ, ашық және бәсекелі сайлау өткізуге барлық жағдай жасағанын, барлық партияларға үгіт-насихат жұмыстарын жасауға тең мүмкіндік берілгенін" атап өтті.

– Соның нәтижесінде көп елдерден келген бақылаушылар Қазақстандағы сайлау процесіне жоғары баға берді, – деді ол.

Президент партиялардың бәсекелестігі парламенттің жұмысын жандандыратынын да айтты.

– Жаңарған парламент алдағы бес жылда елдің болашағына, қоғамның тұрақтылығы мен оның жан-жақты модернизациялануына жауап бере алатын саяси күш бола алатынына сенемін, – деді Назарбаев өз сөзінде.

Сонымен бірге жұма күнгі бірлескен отырыста парламентке жаңадан сайланған депутаттар Қазақстан халқы мен президентіне адал болуға ант берді.

Жаңадан жұмысын бастаған мәжіліс депутаттары алғашқы отырыста өз араларынан мәжіліс төрағасы лауазымына президенттік "Нұр Отан" партиясы
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада), Нұрлан Нығматулин (сол жақ шетте) «Нұр Отан» партиясының парламент сайлауындағы жеңісіне арналған жиында. Астана, 16 қаңтар 2012 ж.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада), Нұрлан Нығматулин (сол жақ шетте) «Нұр Отан» партиясының парламент сайлауындағы жеңісіне арналған жиында. Астана, 16 қаңтар 2012 ж.
фракциясының жетекшісі 49-жастағы Нұрлан Нығматулинді сайлады. Оның кандидатурасын мәжіліс депутаттарының барлығы бірауыздан қолдап дауыс берді.

Үзілістен соң депутаттар осы кезге ддейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болып істеген Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Ақмола облысының әкімі болған Сергей Дьяченконы мәжіліс төрағасының орынбасарлығына сайлады.

Ал президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет жетекшісі болып сайланды.

Сол сияқты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағалығына Мәулен Әшімбаев, аграрлық мәселелер жөніндегі комитет жетекшілігіне Ромин Мадинов, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің басшылығына Гүлжан Қарағұсова, экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы болып Александр Милютин, сот-құқықтық реформа жөніндегі комитет жетекшілігіне Рахмет Мұқашев, экономикалық реформа және аймақтық дамыту жөніндегі комитет төрағасы болып Сейтсұлтан Айымбетов сайланды деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Конституция бойынша, елдің премьер-министрі Кәрім Мәсімов жаңадан сайланған парламент мәжілісінің алдына үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қойды. Егер мәжіліс сенімсіздік танытса үкімет қызметін доғаратыны туралы президентке хабарлайды.

Бірақ, жаңадан сайланған мәжіліс депутаттарының 93-і, яғни басым бөлігі Кәрім Мәсімовтың үкіметін қолдап дауыс беріп, ескі үкіметке сенім танытты.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов.
Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов.
Кәрім Мәсімов 2007 жылғы қаңтардың 10-нан бері осы қызметте үздіксіз істеп келеді.

Сессияға премьер-министрмен бірге барлық министрліктер мен агенттіктердің жетекшілері, мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, бас прокурор Асхат Дауылбаев, конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов және басқалар қатысты.
Парламенттен Азаттық тілшісінің хабарлауынша, президент Назарбаев Қазақстанда таяу жылдары зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың көлемін өсіру шаралары әлемдегі экономикалық жағдайларға қарай біртіндеп және мұқият жүргізілетінін айтқан.
– Біз таяу жылдары әлеуметтік мәселелерді біртіндеп және өте абайлап жүргізуіміз керек. Зейнетақы мен кірістерді инфляцияның деңгейіне сай бекітіп, әлемде не болып жатқанына мұқият үңілуіміз керек, – деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Әйткенмен, бұған қоса президент: "егер экономика көтеріліп, әлемдегі жағдай мүмкіндік берсе, табысымыз әлеуметтік жағдайды жақсартуға жұмсалады" деп те ескерткен.

Қазақстанда қаңтардың 15-і күні парламент мәжілісінің депутаттығына мерзімінен тыс сайлау өтіп, оның ресми нәтижесі бойынша, билікті қолдайтын үш саяси ұйым: "Нұр Отан", "Ақ жол" және Қазақстан коммунистік халықтық партиялары парламентке өтті. Мәжілістегі 107 орынның 83-і "Нұр Отан", сегізі "Ақ жол", жетеуі Қазақстан коммунистік халықтық партиясына тиді. Қалған тоғызын Қазақстан халықтары ассамблеясы ұсынып, сайлады.

Орталық сайлау комиссиясының түпкілікті қортындысы бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 1,68 % қолдау білдірген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлаудың ресми нәтижесін мойындаудан бас тартты.

Сайлауға бақылау жасаған ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының миссиясы «Қазақстандағы парламент сайлауы демократиялық талаптарға сай өткен жоқ, билік шынайы плюралистік сайлау өткізуге жағдай жасамады» деген баға берді. Бұндай бағамен келісетінін білдіріп, АҚШ мемлекеттік департаменті арнайы мәлімдеме таратты.
XS
SM
MD
LG