Accessibility links

Орыс ғалымы алғашқы атом бомбасы сынақтан өткізілген күнді мерекелеуді ұсынады


Сүйегі опырылып, сынып кететін остеогенез науқасына шалдыққан 7 жасар Уәлихан Серікқалиев. Семей, 23 тамыз, 2009 жыл.
Сүйегі опырылып, сынып кететін остеогенез науқасына шалдыққан 7 жасар Уәлихан Серікқалиев. Семей, 23 тамыз, 2009 жыл.

Алпыс жыл бұрын Семей сынақ алаңында бірінші атом бомбасы жарылған еді. Ресейдің ядролық қару саласы бойынша ғалымы Аркадий Брич бүгінде бұл күнді ұлттық мейрам ретінде атап өтуге шақырады.


РЕСЕЙЛІК ҒАЛЫМ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚҚА ТЫЙЫМ САЛЫНУЫН СЫНАЙДЫ



60 жыл бұрын бірінші совет атом бомбасын сынау жұмысына қатысушы, физик Аркадий Брич бұл оқиғаға «керемет» деген баға беріп, бұдан былай бұл күнді (Ресейде) ұлттық мейрам ретінде атап өтуді ұсынды деп жазады «Физорг» сайты.

Аркадий Брич сонымен қатар, ядролық бомбалар сынағына тыйым салуға қарсы пікір білдірген. Оның айтуынша, аталған сынақтар ғылымды алға жылжытып, «өте көрікті» саңырауқұлақ тәріздес бұлттардың дүниеге келуіне себепші болған. «Бірінші атом бомбасын сынау күнін мемлекеттік мейрам ретінде атап өту керек», - дейді ол өзінің РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.

«Ядролық технология жөнінде ештеңе білмеген адамдар ол туралы көптеген нәрсені тез үйреніп, соғыс тып-типыл етіп кеткен елде бомба жасау мүмкін болды. Бұл керемет еді», - деп атап өткен оқымысты.
Семей полигонындағы тұңғыш атом бомбасы сынағы. Қазақстан, 29 тамыз, 1949 жыл.


Батыста шартты түрде «RDS-1» деп аталған өзінің бірінші атом бомбасын Совет Одағы 1949 жылдың 29 тамызында Шығыс Қазақстанда, Семей полигонында жарып, сынақ өткізді.

Бұл сынақ АҚШ өзінің «Тринити» атты атом бомбасын тарихта алғаш рет жарғаннан соң, 4 жыл өткенде іс жүзіне асырылған.

Ядролық қаруды сынауға жаппай тыйым салу жөніндегі келісімшартқа 1996 жылы Нью-Йоркте әлемнің 177 мемлекетінің өкілі қол қойған еді, алайда ол әлі күнге дейін өзінің күшіне енген жоқ. Бұл құжатқа қол қойылған сәтте дамыған ядролық зерттеу немесе ядролық энергетика инфрақұрылымына ие болған 44 мемлекеттің бәрі аталған келісімшартты бекіткенде ғана бұл ол өзінің күшіне ене алады. Әзірше аты аталған елдер ішінен тек 34 ел ғана бұл халықаралық құжатты бекітіп отыр деп атап көрсетеді «Физорг».

УРАН КЕНІШТЕРІНЕН ПОЛИГОНҒА ДЕЙІНГІ ЖОЛҒА ТӨСЕЛГЕН МӘЙІТТЕР

«Форт Фридом» сайтында «Нью сайентист» ғылыми журналының 1983 жылғы 23 маусымында жарық көрген санында жарияланған бір мұрағаттық құжат орналастырылыпты. Бұл құжатта әлгіде аты аталған 60 жыл бұрынғы оқиғаларға сәл басқаша тұрғыдан баға беріледі.

Оның ауторы 1902 жылы Украина жерінде туып, кейіннен 30 жылдан астам уақыт бойы КСРО Ғылым академиясы жүйесі аясында Ленинград пен Мәскеуде жұмыс істеген, совет ядролық бомбасын жасау ісіне көп еңбек сіңірген Михаил Клочко есімді диссидент-ғалым болып табылады. Ол зертхана басшысы ретінде 1934 және 1961 жылдар аралығында қызмет атқарған мекеме ИОНХ – яғни, Курнаков атындағы Совет ғылым академиясының Жалпы және бейорганикалық химия институты деп аталады. 1961 жылы Канада мемлекеті оған саяси баспана берген болатын. Төменде Михаил Клочконың мақаласынан үзінділер келтіріледі.

«...Уран кеніштерінен сынақ алаңдарына дейінгі жолға адам мүрделері төселген. Атом бомбасын жасаудың бірінші онжылдығы барысында (1946-1955 жылдары) аталған жұмыстың басты бөлігін совет концлагерлеріндегі тұтқындар іс жүзіне асырды. Лагерлерде қауіпсіздіктің ең қарапайым шаралары да ескерілмейтін. Өндіріс желісі мен уран шахтасындағы көптеген жазатайым оқиғалармен қатар сәуле ауруы олардың пешенесіне жазылған сор еді...

Александр Солженицын өзінің «Архипелаг Гулаг» атты кітабында КСРО-да түрмедегілер күшімен салынған көптеген құрылыс нысанының тізімін келтірген. Бұл тізімге Норильскідегі абақтыдағылар күшімен тұрғызылған әскери ғимаратты да қосқан жөн болар еді. Мен өзім академик И. Черняев тобының сапында 1946 жылы аталған қалаға сапарлап барғанымда түрмедегілердің уран кенін қазып, байытумен айналысып жатқанын көзіммен көрген едім...»

Батыс ғалымдары советтік атом бомбасының көптеген сынағы мен жарылыстарын тіркеді. Осындайда, радиоактивті жауынның Совет одағының шекарасынан асып, шетелде де жауатынын жиі бақылауға болатын. Мәселен, 1956 жылы сәуірде осындай жауын-шашын Қытай жеріне жеткен еді. Советтің өзінде радиоактивті жауын құрбандарының (сонымен қатар, ядролық сынақтың көптеген басқа да жазатайым оқиғалардың құрбандарының) саны қатаң құпияда ұсталынып келді.

1976 жылы ғана ғалым-диссидент Жорес Медведев Оңтүстік Орал өңірінде ядролық қалдықты кәдеге жарату зауытында өрт немесе жарылыс салдарынан болған орасан апаттың құпиясын жария етті. Оқиға барысында өте үлкен аймаққа залалды ылғал түсіп, ондаған мың жан радиоактивті сәулеге шалдыққан, олардың жүздегені қайтыс болып та үлгерді ...
Семей полигонының орталығы - Курчатов қаласының қазіргі жалпы көрінісі.Тамыз, 2009 жыл.


... Медведевтің сөзіне қарағанда, тіпті 1951 жылдың өзінде (бірінші совет бомбасы жарылысынан екі жыл өткен соң) радиоактивті изотоптармен жұмыс істеп жатқан жұмысшылар оның қаупі туралы ештеңе білмеген ... Атом бомбасын жасаудың бірінші онжылдығы барысында, 1945-1955 жылдары, тіпті «сәуле ауруы» деген сөзді айтуға тыйым салынып отырған. «Гигиена және санитария» журналы 1955 жылға дейін радиацияның қаупі туралы бір де бір мақала жарияламаған ...

Дегенмен, қалайша совет билігі осындай ауқымды қасіретті құпия ұстап келуге қол жеткізе алды? Бұл сауалға жауапты өте оңай табуға болады: совет цензурасының ерекшелігі арқасында. Сталин режимінің цензурасы туралы айқын түсінік алу үшін 1940 жылдардың соңына таман жарық көрген «Бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға тыйым салынған мәліметтер тізімі» атты кітаппен танысудың өзі жеткілікті болады.

Сонау 1947 жылы жарық көрген атышулы «Мемлекеттік құпияны қорғау жөніндегі» қаулы қабылданғаннан кейін, мен аталған кітаптың мазмұнымен «бірінші бөлімнің» (яғни ғылыми институттағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бюросының) кабинетінде таныстым. Себебі, мен ИОНХ-ның басқа 3 ғалымымен бірге осы мекеменің қызметкерлері жариялайтын мақалалар мен еңбектерді қадағалайтын цензор боп тағайындалған едім. Кітаптағы жариялауға тиым салынған жүздеген тақырып тізіміне мыналар да еніпті: індеттер; шахталар, фабрикалар және сынақ алаңдарындағы жазатайым оқиғалар; әр түрлі көлік апаттары; әрі Совет Одағындағы кез-келген табиғи апаттар, соның ішінде жер сілкіністері ...

Ал бомбалық сынақтарға келсек, ол сынақты жүргізіп, нәтижесін тексерумен айналысушылар арасында болған сынақ алаңындағы өлім-жітімнен тыс, радиоактивті ылғал астында қалған, қаруды сынау аймағында өмір сүрудің тауқыметі пешенесіне жазылған көптеген бақытсыз жандардың да болғандығын ұмытпаңан абзал. Осыларға қатысты Медведев ядролық қалдықты кәдеге асыруға арналған бір аумақта ондаған мың адамға жарылыстың зиян келтіргенін айтады. Мұның үстіне, әрбір жарылыстың он мыңдаған адамға қасірет әкеп, мыңдаған жанның ажалына себеп болғанына күмән жоқ.

Бұл келтірілген дерек-мәліметтер негізінде «Мен совет атом бомбасының жасалуы мен сынағы себеп болған кісі өлімінің саны Хиросима мен Нагасаки құрбандарының жалпы санынан асып кетті деген тоқтамға келдім»,- деп жазады Медведев.
XS
SM
MD
LG