Президенттік «Нұр Отан» партиясы өз тарихында тұңғыш рет былтырғы жылдың қаржылық есебін жариялады.
2013 жылы партияның табысы 5 миллиард 800 миллион теңгеден асқан. Есепте бұл соманың жартысынан көбі республикалық бюджеттен түскені, қалғаны партия мүшелерінің жарнасы, кәсіпкерліктен тапқан пайдасы, банктердегі депозиттері мен қайырымдылық ақша ретінде көрсетілген. Партия 5 миллиард 100 миллион теңге шығындаған, оның көбі (2 миллиардқа жуық теңге) партия аппараты қызметкерлеріне жалақы төлеуге жұмсалған.
15 ЖЫЛДА ТҰҢҒЫШ РЕТ
«Нұр Отан» партиясының қаржылық есебі алғаш жарияланып отыр. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл оқиғаның маңыздылығын: «Өз ісіне жауапты әрі есеп беретін, ашық әрі тиімді саяси күш ретінде партия бұл қадамы арқылы өз тарихының жаңа парағын бастады. Шын мәнінде, бұл – партияның кәмелеттік аттестаты» деп сипаттады.
Ал партияның баспасөз қызметі бұған қосымша «бұл есеп қолданыстағы заңға, атап айтқанда, «Саяси партиялар туралы» заңның 18-бабының 5-тармағына сәйкес жарияланды» деп мәлімдеді. Заңға 2005 жылы енгізілген бұл нормада «Саяси партияның жылдық қаржылық есебі республикалық басылымдарда жыл сайын жарияланады» деп көрсетілген.
Президенттік «Нұр Отан» партиясы 1999 жылы құрылған. Әуелі республикалық «Отан» саяси партиясы деп аталған. 2006 жылдың аяғында оның атауы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы деп өзгертілді. Ал былтыр партия атауынан «халықтық-демократиялық» деген қосымша алынып тасталды. Партия өзінің кіріс-шығысы туралы есептерін бұған дейін жарияламаған. Партияны билікке келгеніне 20 жылдан асқан президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарады.
СЫНМЕН КҮРЕС
Партия беделі мен бейнесін жаңартуға тырысқан әрекеттерін онлайн-ресурстармен жұмысынан байқауға болады.
Жарты жылдан бері белгісіз біреулер көп тілді сандық энциклопедия түріндегі «Википедия» сайтының орыс тіліндегі бөліміндегі партия туралы мақаладан «Сын» бөлімін алып тастауға тырысып жүр. Бірақ бұл ресурстағы түзетулердің бәрін қолданушылардың IP нөмірі арқылы қадағалауға болады. Әлгіндей әрекеттерді «Нұр Отан» партиясының Астана қаласы Кенесары көшесі 25-үйде орналасқан республикалық қоғамдық қабылдау кеңсесіндегі біреулер жасағаны байқалады.
Бірнеше мәрте алынып тасталып, кейін қайта қалпына келтірілген «Сын» бөлімінде: «Қазақстан оппозициясы «Нұр Отанды» Назарбаевтың жеке басын дәріптеп, насихаттайтын жалған демократиялық, тоталитарлық немесе авторитарлық партия деп есептейді. ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар партияны «сайлау нәтижелерін бұрмалайды және әкімшілік ресурстарды пайдаланады» деп айыптайды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің суды үнемдеу туралы бастамасы жұрт арасында жағымсыз реакция тудырып, демотиваторлар (әжуа суреттер) көбейді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының жаңа ғимаратын салуға мұғалімдерден ақша жинау бастамасына наразы болған жұрт шағымданған» деп жазылған.
Жарты жылдан бері мақаланы қысқартуға әрекеттер жасалғанымен, қазір «Википедия» сайты администраторлары бұл бөлімді сақтап қалған. Бөлімді өшіргісі келген қолданушы бұл әрекетін «мақаладағы сын конструктивті емес әрі партия қызметіне тікелей қатысы жоқ» деген уәжбен негіздегісі келеді.