Accessibility links

Ембі мұнайшылары «Нұр Отаннан» үміт үзіп, тәуелсіз кәсіподақ құруға бел байлады


Ембі мұнайшылары баспасөз мәслихатын өткізуде. Атырау, 14 мамыр 2010 жыл
Ембі мұнайшылары баспасөз мәслихатын өткізуде. Атырау, 14 мамыр 2010 жыл

Ембі мұнайшылары жалақы жүйесіне енгізілетін өзгеріске қатысты талаптарына байланысты өзара түсіністікке қол жетпесе, ереуілге шығатындарын жария етті. Олар «Нұр Отан» партиясынан шығып, өздерінің тәуелсіз кәсіподақтарын құруға кіріскендіктерін де айтты.


МҰНАЙШЫЛАР 2 МАУСЫМҒА ДЕЙІН МҰРСАТ БЕРДІ

Мамырдың 14-і күні баспасөз мәслихатын өткізген Ембі мұнайшылары лайықты еңбекақыға қол жеткізу үшін жалақы жүйесіне байланысты қойып отырған талап шарттары туралы хабарлама жасады

- «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы ресми түрде аса қауіпті объекті саналады. Бұған қоса экологиялық жағдайдың нашарлауы, инфляция процестері, коммуналдық қызметтерге тарифтердің күн санап өсуі мұнайшылардың ауыр және зиянды жұмыстан кейін денсаулықтарын түзеп, сапалы және ауқатты тұрмыс кешуіне қолбайлау болып отыр. Сондықтан Атырау мұнайшылары жалақыны есептеу жүйесін өзгерту мен еңбекақыны жоғарылатуды талап етеді,- деп хабарлады мұнайшылар баспасөз мәслихатында.
(солдан оңға қарай) "Жайық" мұнай газ өндіру басқармасының 5- разрядты операторы Шауқат Жұмағазиев, "Жылыой" мұнай газ өндіру басқармасының 5-разрядты операторы Бақтығали Шегереев, "Жылыой" мұнай газ өндіру басқармасының 6 разрядты машинисі Дүйсен Алмұратов Атырау қ., 14 мамыр 2010 жыл

Олар «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамы мен «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы басшылығы алдына жалақыны төлеу жүйесін өзгертіп, 2008 жылғы ҚР үкіметі бекіткен қаулыға сәйкес 1,8 салалық коэффициентті енгізуді, жалақыға қосымша төленетін 70 пайыз аймақтық коэффициенттің сақталуын талап ететіндіктерін жария етті. Бұған қоса олар барлық мұнайгаз өндіру басқармаларында жұмыс уақыты мен тынығу уақыты үшін бірдей еңбекақы төлеуді де сұрап отыр.

- Мұнайшылар қол қойған талап хат 26 мамырда өтетін «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамының директорлар кеңесі мәжілісіне жолданып отыр. Бұдан бөлек маусымның 2-сінде компания басшыларын Атырауға мұнайшылармен келісімге келуге шақырып отырмыз. Егер бұл ұсыныс қолдау таппаса, ереуіл жасауға мәжбүр екендіктерімізді де ескертпекпіз,- деді мұнайшылар.

Сонымен қатар олар өздерінің тәуелсіз кәсіподақ құру жұмыстарын бастағандарын да айтты. Ал компания жетекшілерімен келісім жүргізу үшін мұнайшылар атынан баратын өкілдер ретінде Асылхан Мусин, Дүйсен Алмұратов, Қайыр Өтешов, Мұратбек Қасанов, Шауқат Жұмағазы, Өтепберген Мұқаш, Мұфтолла Жүгінісов тағайындалған екен. Жұмысшылардан құралған өкілдер арасында Ақтаудағы тәуелсіз кәсіподақ лидері Мұхтар Үмбетов пен «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев та бар.

- Бұл келісім жүргізушілердің іс-әрекеті еңбек ұжымының қалтқысыз бақылауына алынатын болады,-деп түсіндірді баспасөз мәслихатына жиналған мұнайшылар.

Олар бұдан былай өздерінің кәсіподақ өкілдерінің де компанияның директорлар кеңесі мәжілісіне тұрақты түрде қатысуына қол жеткізуді көздеп отыр. Сонда ғана еңбек құқығын қорғау мүмкіндігіне ие боламыз деп санайды мұнайшылар.
"Жайық" мұнай-газ өндіру басқармасы жер асты жөндеу цехының 5-разрядты операторы Шауқат Жұмағазы

-Қазіргі кәсіподақ мұнайшылар құқын қорғаса, жалақыға өзгеріс енетіні туралы алдын ала хабарлап, ақылдасқан болар еді. Алайда біздің кәсіподағымыз өндіріс басына бастықтармен бірге келіп жолығады. Сондықтан мұнайшылар ендігі кәсіподақ жарнасын төлемейтіндіктері жайлы арыз беріп отыр,- дейді «Жайық» мұнай-газ өндіру басқарамасы жер асты жөндеу цехының 5-разрядты операторы Шауқат Жұмағазы.

Алайда «Қазмұнайгаз» кәсіподағы орталық кеңесінің төрағасы Тілекқабыл Қабдолов бұған дейін кәсіподақтан шығу жөнінде ешкімнен не ауызша, не жазбаша мәлімдеме естімегенін айтқан еді.

- Жалпы тәуелсіз кәсіподақ жайлы не үшін әңгіме қозғап отырғаныңыз маған түсініксіз Бұған дейінгі жұмысшылар жалақысының көтерілуі де осы кәсіподақ жұмысы нәтижесінде қол жеткізілген жайт. Осы жолы да мен мұнайшылардың жалақыны өзгертпеу жөніндегі талабын компания басшыларына жеткіздім. Уақыт өте келе барлығы да түсінетін болады,-деді Тілекқабыл Қабдолов Азаттық тілшісіне.

Дегенмен мұнайшылар кәсіпорында жалақыдан өзге де еңбек заңдылықтарының сақталмай отырған жайттары жеткілікті екендігіне шағымданады. Мәселен, әлі күнге дейін ешкімнің қолында еңбек шарты жоқ. Оны қолға бермейді де дейді мұнайшылар.

Олар мұнайшылар проблемасының көтерілгеніне біраз болса да, жаңадан ашылған Мұнай министрлігінің әлі күнге дейін бұл мәселе жайлы ауыз ашпай отырғанын көлденең тартып, ол министрліктің не үшін құрылғанына таңданыс білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, өткен сәуір айынан бастап, Ембімұнайгаз өндірістік филиалы басшылары кеніштерді аралап, жаңа еңбекақы жүйесіне көшу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген еді. Алайда бұл мұнайшылардың наразылығын тудырып, олар үзілді кесілді қарсылық білдіргендіктен, филиал басшылығы келіскендерге жаңа жүйемен, қарсылық білдіргендерге ескі жүйемен еңбекақы төленетін мәлімдеген. Ал жалақы жүйесіндегі өзгеріс, аймақтық коэффиенттің алынып тасталатындығы туралы дәл осындай ұсыныс «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру акионерлік компаниясының тағы бір өндірістік филиалы «Өзенмұнайгаз» мұнайшылыраның наурыздағы айға жуық мерзімге созылған ереуіліне әкеліп соқтырған еді.

Бұл жайлы «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру баспасөз орталығы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы мұнай өндіру көлемінің жалпы мөлшері 12 000 тоннаға кемігендігін хабарлаған болатын.

МҰНАЙШЫЛАР «НҰР ОТАННАН» ШЫҒУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ

Бұдан бөлек мұнайшылар мамыр айының аяғына дейін «Нұр Отаннан» шығуға шешім қабылдағандарын да жария етті. Олар өздерін бұл партияға сырттай тіркегендерін айтады.

-Мен «Нұр Отанға» мүше екенімді биыл естідім. Мен оған мүше болғым келмейді, мені шығарыңыз деген едім цех бастығына. Алайда бір айдан соң маған суретім жапсырылған «Нұр Отан» мүшесінің куәлігін беріп жіберіпті,-дейді «Жайық» мұнай-газ өндіру басқармасының жер асты жөндеу цехының 5-разрядты операторы Асхат Ищанғалиев.
"Жайық" мұнай-газ өндіру басқармасының жер асты жөндеу цехының 5-разрядты операторы Асхат Ищанғазиев Атырау қ.


Ал Прорва кенішінің 5-разрядты операторы Бақтығали Шегереев өзінің алдымен «Отан» деп аталатын партияның, артынан «Нұр Отан» деген партияның мүшесі болғанын, бірақ өзінің келісімін ешкім сұрамады дейді.

-Бұл партияларға мүшелік үшін басында 600 теңгеден төлеген едік, келесі жылы 800 теңгеден төлей бастадық, ал «Нұр отан» болғалы 1200 теңгеден жылдық жарна төлеп келеміз,-деді Нұрлан Ыдырысов.

Бұған дейін де Ембі мұнайшылары өздерінің мүддесін көздемейтін партияның қатарынан шығатындарын мәлімдеген. Кейінен, сәуірдің 23 –інде «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев Прорва кеніші мұнайшылармен кездесуге барғанмен, жұмысшылар жиналысқа қатыспай шығып кеткен болатын. Ал филиал орынбасары мұнайшылардың бұл әрекетін «қазаққа жат қылық әрі саяси танымдары төмен» деп бағалаған еді.

Сонымен, Ембі мұнайшылары өздерінің талаптарын Қазақстанның барлық азаматтарының қолдайтындарына сенім білдіріп отыр. Олар компания басшыларының да еңбекшілер талабына түсіністікпен қарап, өзара мәмлеге қол жеткізетіндіктерінен үмітті екендіктерін де жасырмады.
XS
SM
MD
LG