Accessibility links

Қазақстанның допинг дауына ұрынған спортшылары


"Допинг қолданды" деп айыпталған қазақстандық спортшы Ольга Терешкова.
"Допинг қолданды" деп айыпталған қазақстандық спортшы Ольга Терешкова.
Қазақстандық жеңіл атлет, 2006 жылғы Азия ойындарының чемпионы Ольга Терешкова «допинг қолданды» деген айыппен екі жылға спорттан шеттетілді.

Бұл туралы ақпарат халықаралық жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтына шықты.

Ольга Терешкова – 400 метрге жүгіруден 2007 жылы Макаода өткен Азия чемпионаты мен Таиландта өткен универсиада жарысында алтын медаль ұтты. 2008 жылы Пекин олимпиадасына қатысқан. 2011 жылы Жапонияның Кобе қаласында өткен Азия чемпионатында да жеңіске жеткен еді. Бірақ «қанынан допинг (тестерон) табылды» деген соң, спортшының бұл алтын медалі екінші орын алған қытайлық Чен Жигвенге берілді.

Ольга Терешковаға дейін де Қазақстанның біраз спортшыларына «допинг қолданды» деген айып тағылып, олар спорттан шеттетілген еді. Кейбіреуі ұтқан жүлделерінен айырылды.

ШИШИГИНА, ЕРМАКОВА ЖӘНЕ ГААГ

1996 жылы жеңіл атлет Ольга Шишигинаға «қанынан станозолол табылды» деген айып тағылды. Ол екі жылға спорттан шеттетіліп, Атланта (АҚШ) олимпиадасына (1996 жыл) қатысу құқығынан айырылды.
Ольга Шишигина қысқы Азия ойындарының алауын әкеле жатыр. Алматы, 12 қаңтар 2011 жыл.
Ольга Шишигина қысқы Азия ойындарының алауын әкеле жатыр. Алматы, 12 қаңтар 2011 жыл.

Шишигина спортқа 1998 жылы оралды. Осы жылы Бангкокта (Таиланд) өткен Азия ойындарына қатысып, алтын медаль алды. 2000 жылы Сидней олимпиадасының чемпионы болды.

Ал Сидней олимпиадасының қарсаңында жүзуден Азия чемпионатының күміс жүлдегері (1998 жыл) Евгения Ермакованың «қанынан допинг табылды» деген ақпарат жарияланды.

Спортшы Австралияға барып, олимпиадаға қатысуға дайындалып жатқанда «допинг қолданды» деген айыппен елге қайтарылды. Евгения Ермакова осы жағдайдан кейін спортпен айналысуды қойды.

2008 жылы Пекин олимпиадасынан кейін қазақстандық триатлоншы Дмитрий Гааг та «допинг қолданды» деген айыппен екі жылға спорттан қуылды. Ол - 1999 жылғы әлем чемпионы, 1998 жылғы әлем кубогының иегері.

Спортшы қанынан допинг табылған соң 2008 жылы ұтып алған Азия чемпионы атағынан айырылып, Пекин олимпиадасындағы нәтижесі де жойылды. Гааг 2009 жылы спортқа қайта оралғанымен, Лондон олимпиадасына жолдама ала алмады. Қазір ол Ресейде бапкер.

ВИНОКУРОВТЫҢ ДАУЫ

2007 жылы велоспортшы Александр Винокуров «гемотрансфузия препаратын қолданды» деген айыппен екі жылға спорттан шеттетілді.
Александр Винокуров "Тур-де-Франс" көпкүндігіне қатысып жатыр. По қаласы, Франция, 20 шілде 2012 жыл. Суретті "Астана" командасы ұсынды.
Александр Винокуров "Тур-де-Франс" көпкүндігіне қатысып жатыр. По қаласы, Франция, 20 шілде 2012 жыл. Суретті "Астана" командасы ұсынды.

Винокуровқа бұл айып Францияда «Тур-де Франс» көпкүндігіне қатысып жатқанда тағылды.

«Тур-де-Франс» кезінде халықаралық антидопинг қауымдастығы мен халықаралық велоспорт федерациясы Винокуровтың «допинг қолданғанын» растайтын құжаттарды дайындап, оның спортпен айналысуына 2009 жылдың наурыз айына дейін тыйым салды.

Винокуров дауынан кейін «Астана» велокомандасы 2007 жылғы «Тур-де-Франс» көпкүндігіне қатысудан бас тартты. Винокуров 2009 жылы спортқа қайта оралып, жарыстарға қатысты. Ал 2012 жылы Лондон олимпиадасында чемпион атанды. Қазір ол «Астана» командасының бас менеджері қызметін атқарады.

ДОПИНГ ДАУЫНА ІЛІККЕН АУЫР АТЛЕТТЕР

2006 жылы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстанның бес бірдей спортшысын екі жылға спорттан аластатты. Азия чемпионаты мен әлем чемпионаты кезінде Ирина Гереева, Владимир Седов, Станислав Копутов, Сергей Истомин, Игорь Башановқа «қанынан допинг табылды» деген айып тағылды.

2007 жылы Камилла Багаудинова, Мұхит Үсенбаев, Вячеслав Ершов та «допинг пайдаланды» деп айыпталып, екі жылға спорттан аластатылды. Үшеуі де осы даудан кейін спортқа қайта оралмады.

2008 жылы тағы бір қазақстандық ауыр атлет Дмитрий Стрига, 2009 жылы Александр Дзюба мен Игорь Ким да допинг дауымен екі жылға спорттан шеттетілді. Бұл спортшылар да ол жайттан кейін спортты тастап кетті.
XS
SM
MD
LG