Алматы мен Астанада 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындары кезінде қаржы жымқырылды деген ресми мәлімет әлі жария болып жатыр. Азаттық тілшісі Азиададан кейін қозғалған кейбір қылмыстық істерді және құрылыс шығынын шолып шықты.
ІСТІ БОЛҒАН ШЕНЕУНІКТЕР
Алматы қалалық қаржы полициясы Азиада ұйымдастыру комитетінің өкіліне қатысты тергеуді аяқтап, істі сотқа тапсырды. Шілде айының басында сот тергеуі басталғаны хабарланды. Қаржы полициясы оған «Азия ойындарына сатып алынған телекоммуникациялық құралдардың бағасын артық көрсетіп, бірнеше жүз миллион теңгені жымқырған» деген айып тағады.
2013 жылы Алматы қалалық қаржы полициясы Азиада дирекциясының басшысы Сұлтанбек Сыздықовтың да «23 миллион теңгені өз пайдасына аударғанын анықтағанын» айтқан. Кейін оның барлық ақшаны мемлекетке қайтарып беріп, кешірім алғаны хабарланды.
«Сыздықов мемлекетке келтірген зиянды толық өтеген соң оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Оны сотқа берген Алматы қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасы да өз арызын алды. Кейін сот екі жақтың татуласуына байланысты Сыздықовтың бірінші рет жауапкершілікке тартылуын, орта деңгейде қылмыс жасағанын ескеріп босатты» деп мәлімдеді қаржы полициясы.
СПОРТ КЕШЕНДЕРІНЕ ЖҰМСАЛҒАН ҚАРЖЫ
2012 жылы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Азиада кезінде жоспардан тыс жұмыстар жасалып, спорт кешендерін салуға жұмсалатын қаржылардың көлемі өсіп отырғанын мәлімдеген еді. Мәселен, Қазақстан Азиадаға арнап жеті спорттық нысан салу үшін бюджеттен 30 миллиард 480 миллион теңге бөлген. Алайда кейін бұл сома 132 миллиард теңгеге дейін көбейген.
Есеп комитеті дерегінше, Астанадағы «Алау» коньки кешеніне алдымен 11 миллион теңге бөлінгенімен, кейін шығын 20 миллион теңгеге жеткен. Алматыдағы шаңғы трамплин кешенін 16 миллион теңгеге салу жоспарланғанмен кейін 38 миллион теңге жұмсалған. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенін күрделі жөндеуге 4 миллион теңге бөлінгенімен кейін бұл қаржы 8 миллионға өскен.
Қазақстан бюджеттік жоспарлау министрлігінің дерегінше, Азиаданы ұйымдастыруға жалпы 233 миллиард 500 миллион теңге кеткен.
Қазір Алматы 2017 жылы қысқы универсиада өткізуге дайындалып жатыр. Қазақстан осы жарысқа арнап Алматыда екі мұз кешенін салмақ. Алатау ауданында салынатын 12 мың көрермен сыятын мұз айдынына 31 миллиард теңге, ал Медеу ауданында салынатын 3 мың көрерменге арналған мұз айдынына 15,6 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарланған.
Алматыны халықаралық олимпиада комитеті 2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарын өткізуге кандидат ретінде де (Осло және Пекинмен бірге) ресми түрде тіркеді. Сарапшылар Алматының жеңілеріне, ал Қазақстан олимпиада комитеті мен қала әкімдігі жеңеріне сенеді.