Бүгін Алматыда Екінші халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы аяқталды. Бұл жиында түркі әлеміндегі әліпби, ортақ тіл мәселесі де талқыланды.
Қазақстанда да латын әліпбиіне өту мәселесі жиі-жиі сөз болады. Бұған дейін жергілікті ғалымдар латын әліпбиін пайдаланатын елдердің тәжірибесін зерттеп көрген. Кейбір қазақстандық белсенділер латын әліпбиіне көшуді детоталитаризация және деколонизация үдерісімен байланыстырса, "жаңа әліпбиге көшкенде кириллица әрпінде жазылған деректерден айрылып қаламыз" деп қауіп етушілер де бар.
Онлайн-конференция қонағы - түркиялық ғалым, Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара Азаттық оқырмандарының осы мәселеге байланысты қойған сұрақтарына жауап берді.